«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заң жақсы болғанымен, нәтиже жоқ

2016 жылғы 19 Қыркүйек
7587 просмотров

Неге кедендік салада енгізіліп отырған жаңалықтар бизнесмендердің пайдасына жұмыс істемейді?

«Атамекен» ҚР ҰКП Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Дина Мамашева мемлекеттік органдар жаңадан енгізілген өзгерістердің мәнін дұрыс түсіндірмейтініне қынжылды.

«Егер кедендік әкімшілік етудің жай-күйі туралы айтар болсақ, менің ойымша, заңнамалық жағынан бізде барлық мәселелер айтарлықтай жақсы реттелген. Заңдар жақсы, бұйрықтар да тамаша, нұсқаулардың барлығы бар. Бірақ, бүгінгі таңда, өкінішке қарай, жақсы бұйрықтар мен нұсқаулар дұрыс жұмыс істемейді. Яғни аталған бұйрықтардың құқықтық қолданылуы бақыланбайды, сондықтан біз күткендей тиімділікке қол жеткізе алмай отырмыз», – деді ҰКП өкілі.

Дина Мамашева барлық мемлекеттік органдарды бір Кедендік рәсімдеу орталығына орналастыру туралы бұйрықты мысалға алды. «Алайда бұйрық ҰКП-ға келмеді, біз оны мақұлдай алмадық, оны постфактум алдық. Ол Әділет министрлігінде де тіркелмеген. Оның нендей бұйрық екенін кәсіпкерлерге ешкім түсіндірмеді. Нәтижесінде бұйрықта талонға қол қоюы үшін меморгандар айналысуы қажет деп жазылған, бірақ барлығын қатысушыға артып қойған, енді тағы бір қосымша құжат қосылды, енді ол сол бір талонның артынан жүгіреді. Рәсімдеу мерзімін кем дегенде 8 сағатқа ұзартып қойды, ал біз болсақ бүгінде оны қысқартуға талпынудамыз, мұның барлығы оңай шаруа емес. Осылайша жақсы бұйрық іске асырылған жоқ», – деп жіктеп берді ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры.

Ол тағы бір деректі тілге тиек етті. «Континентал Логистик» деген әлемдік стандарттар деңгейінде өте күшті көліктік-логистикалық орталық салдық. Одан кейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан сауалнама алып, екі ай мониторинг жүргіздік. Өкінішке қарай, нәтижелері қуантарлық емес. Сауалнамаға қатысқандардың 60%-дан астамы аталған орталықтың жұмысына 10 баллдан 3 балл ғана қойыпты. 70%-ы кеденмен жұмыс істеу керісінше күрделеніп кеткендігін айтқан. 90%-ы «Континентал Логистикте» бекітілген регламенттердің бірде-бірі сақталмайды деп жауап берген. 60%-ы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің, әсіресе, кедендік рәсімдеудің жылдамдығының артып кеткендігін айтыпты. Біз бұл сауалнаманың қорытындыларын ҰКП сайтына жариялаймыз, Мемлекеттік кірістер департаментімен жеке сөйлесеміз. Дегенмен, сіздермен бірге әзірлеген сызбалар жұмыс істемей жатыр», – деді ҰКП өкілі.

Осыған байланысты Дина Мамашева Мемлекеттік кірістер комитетіне кедендік әкімшілік жөніндегі кеңесші комитеттерді жаңарту туралы ұсыныс білдірді.

«Бизнес ненің дұрыс екенін білмейді, мемлекеттік орган түсіндірмейді. Нәтижесінде біз атқарған жұмыстар нәтиже бермейді», – деп ойын түйіндеді Д.Мамашева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер