«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ресей кеден қызметі жүк көліктеріне бақылауды күшейтеді

2022 жылғы 07 Ақпан
8865 просмотров

Жақын арада Ресей Федерациясының кеден қызметіне бүкіл Ресей аумағында салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерін өз бетінше тоқтату құқығы берілуі мүмкін. Өз өнімін сыртқа тасымалдайтын немесе импортпен айналысатын отандық кәсіпкерлер бұл жаңашылдыққа алаңдаушылық білдіруде.

 «Атамекен» ҰКП мамандарының пікірінше, бұл жаңашылдықтар одақ ішінде кедендік бақылау шараларын қолдану үшін негіз болады. Бұл жайт ЕАЭО туралы шартқа қайшы келеді.

 Қазіргі кезде ЕАЭО-да тасымалдау процедураларын цифрландыру процесі жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар тасымалдаушыларға қатысты бақылауды азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, «ЕАЭО цифрлық, көлік дәліздері» жобасы енгізілді, электрон навигациялық пломбалар енгізіліп жатыр.

 «ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді талқылау кезінде «Атамекен» ҰКП пломбаларды қолдану көлік құралдарын артық тоқтау және тексеруді болдырмау керегін бірнеше рет атап өткен. Бизнестің позициясына қарамастан, кедендік бақылау шараларын қолдану құқығы Келісімде қалды. Енді Ресейдің кеден қызметі өз өкілеттігін одан әрі кеңейтеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаментінің маманы.

Егер заң жобасы қолдау тауып, күшіне енсе, Ресей кеден органдарының мобильді топтары жүк көліктердегі тауарлар мен оларға арналған құжаттарды тексеру үшін «Кедендік бақылау» белгісі бар жолдарда жүк көлігін тоқтату құқығын алады. Ресейлік БАҚ көздерінің хабарлауынша, жүк көлігінің кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтауы 2 сағаттан аспайды. Бұзушылық анықталған жағдайда көлік құралы уақытша сақтау қоймасына немесе басқа кедендік бақылау аймағына жіберіледі.

Заң жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында ҰКП Ресей федералды кеден қызметі, кедендік өкілдіктер және Қазақстанның уәкілетті органдарына сұрау жолдады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер