«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тасымалдаушылар кеден мәселелерін талқыға салды

2018 жылғы 11 Мамыр
11459 просмотров

11 мамыр күні «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Логистика және тасымалдау комитетінің 20-шы отырысы өтті

Отырысқа комитет төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко төрағалық етіп, жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, комитет мүшелері, салалық қауымдастық өкілдері, бизнес-қоғамдастық және мемлекеттік органдар қатысты.

«Астана-1» кедендік ақпараттық жүйесінің жұмыс нәтижелері күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау басқармасының сарапшысы Жарқынбек Дәдікбай жаңа жүйенің бірқатар артықшылықтарына тоқталып өтті.

 «Осы уақытқа дейін қолданыста болған бағдарламалармен салыстырғанда жаңа формат арқылы декларацияны жасыл дәліз бойынша автоматты түрде тіркеп, автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетуге болады. Себебі рәсімдеу жүргізу барысында кедендік тіркеу қызметкері мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары арасында тікелей қарым-қатынас болмайды. «Астана-1» жаңа жүйесі декларацияны өңдеу мен шығаруға кететін уақытты қысқартады», – деді Жарқынбек Дәдікбай.

Жүйе  кезең кезеңмен іске қосылды. Бірінші кезеңде «Кедендік транзит» қосалқы жүйесі қолға алынды. Аталмыш қосалқы жүйе шекарадан өткізу мәселесі бойынша кедендік рәсімдерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Қазіргі күні тапсырылған транзиттік декларациялар саны 223 мыңға жетті. 1 қаңтардан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі енгізіліп, декларациялардың 97%-ы автоматтандырылды. Биылғы жылдың 1 сәуірінен импорт және өзге кедендік рәсімдер бойынша «Кедендік декларациялау» қосалқы жүйесі толық қолданысқа берілді. Бүгінгі уақытта 32,5 мың тауарға декларациялар өңделді.

Жиын қатысушылары Ресейде жаңа жоба іске қосылып, 1 шілдеден бастап автомобиль көліктеріне электрондық пломбалар қойылатынын айтты.

«Бірінші кезекте осы бастама арқылы көлікті бірнеше рет тексеруден арыламыз деп күтілген. Нәтижесінде олай болмайын деп тұр. Рәсім тек бір жақты өткізілетін болса, бұл үдеріс біздің бизнеске кедергі келтіреді. Кеден органдары аталмыш мәселені талқыға салды ма?», – деп қызығушылық білдірді Юрий Лавриненко.

Мемлекеттік кірістер комитеті электронды пломбалардың жүк көліктеріне ілінетінін, осылайша Ресейден тасымалданатын жүк ҚР кеден органдарына дейінгі аралықта тексерілмей өтетіні жайында хабарлады. 

 «Қазақстаннан Ресейге жол тартқан көлікке пломбаларды ілу ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің міндеті болады. Қазіргі таңда Қорғас-Алматы бағыты бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Осылайша көлік қозғалысын физикалық сүйемелдеусіз-ақ бақылауға мүмкіндік болады», – деді Жарқынбек Дәдікбай.

 «Астана-1» жүйесінің Кедендік одақ заңнамасына сәйкес келмеуі өзекті мәселе болып отыр.

«Атамекен» ҚР ҰКП Кедендік әкімшілік департаменті директорының орынбасары Ирина Аңсарова құжаттаудың көптеген бағандары нұсқаулыққа сәйкес толтырылмайтынын айтты. «Атамекеннің» бастамасымен Мемлекеттік кірістер комитеті нұсқаулық әзірлеп, бағдарламаның барлық қайшылықты тұстары айқындалды. Қазіргі уақытта нұсқаулық ҚР Әділет министрлігінің тіркеуіне жіберілді.  

Бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері ашық түрде ақпарат алуы үшін нұсқаулық барлық өңірлерге таратылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында жарияланатын болады.

«Атамекен» аталмыш мәселені Мемлекеттік кірістер комитетімен белсенді түрде қолға алуға дайын. Бизнес өкілдерін сыртта қалмай, белсенді атсалысып, өз ұсыныстарын ҰКП жіберуді сұраймыз», – деді Елдос Рамазанов.

Отырыс нәтижесінде қатысушылар «Астана-1» жүйесінің жұмысына байланысты бірқатар ұсыныстар айтып, ол ұсыныстарды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе қарап, жүзеге асыратын болады.

Сонымен қатар, талқылау барысында «Атамекеннің» 2018 жылға міндеттерін жүзеге асыруға байланысты келісімшартқа отыру аясында салалық қауымдастықтардың жұмыс жоспары бекітілді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер