Аманжан Жамалов: «Кедендік бақылаудың құқықтық тұрғыда анық реттелмеуі жемқорлық тәуекелдерін тудыруда»
ҚР Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов басшылық еткен сарапшылар тобы мен құзырлы мемлекеттік мекемелер және Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кедендік әкімшілік ету барысындағы кездесетін жемқорлық қатерлерін анықтаған.
Бұл туралы Аманжан Жамалов өзі мүшесі болып саналатын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы кеңестің кезекті отырысында баяндады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудегі кәсіпкерлік саласы мен кеден орындарының өзара іс-қимылын күшейту жайлы» тақырыбында жасалған баяндамада, талдау кезінде құқықтық тәжірибе мәселесі зерделеніп, әлеуметтік зерттеу нәтижелері қарастырылғаны мәлім етілді. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кәсіпкерлермен кеңесу жұмыстары жүргізілген.
Осы орайда Мемлекеттік кірістер комитеті әкімшілік кедергілерді азайту, «бірыңғай терезе» ұстанымы арқылы электрондық сипатта берілетін қызметтер ауқымын кеңейту шараларын қолға алғанымен, отандық кәсіп иелерінен келіп түсетін көптеген арыз-шағымдар кеден саласының қанағаттанарлықсыз келбетін аңғартуда. Мәселен, кедендік процедуралардың ұзақтығы мен бұлыңғырлығы, өткізу нүктелері мен кедендік рәсімдеу аймақтарының әлсіз инфрақұрылымы, лауазымды тұлғалардың қызмет бабын асыра пайдалануы сияты жағымсыз жайттар байқалуда екен.
«Кедендік бақылаудың құқықтық тұрғыда анық реттелмеуі жемқорлық тәуекелдерін тудыруда. Кедендік істер жайлы кодексте кедендік органдарға қисынсыз әрекет етуге мүмкіндік беретін бірқатар қағидаттар бар. Мысалға, кедендік тарап, құжаттағы ақпараттың шынайылығын тексеру мақсатында жазбаша түрде қосымша құжаттар мен деректер сұрата алады. Алайда заңнамада бұл құжаттардың тізбесі, түрлері мен саны белгіленбеген. Мұндай құжат сұратуға шектеусіз құзыр қызмет бабын асыра пайдалануға әкеп соқтырады», - деп келтірген А.Жамалов кедендік тексерісті тездетуге деген құлшыныстың да пара беруге итермелейтінін жеткізді. Бұл тұста да тексеру мерізімі заң баптарында көрсетілмеген екен. Дәл осы жайтқа қатысты жемқорлық деректері кеден қызметкерлері арасында кең жайылған болып шықты.
Тағы бір теріс дүние, жайлар мен аумақтарды кедендік тексерудің тәртібі айқындалмаған. Ал сараптаулар тағайындалғанда, өзге мемлекеттік мекемелерге сұраухаттар жіберілсе, тіпті тексеріс белгісіз шаққа тоқтатылып тастауы ықтимал. Кәсіпкерлер кедендік сараптауларға байланысты жиі ескертулер жасайтыны аян. Тиісті ақтаңдақтар жемқорлық қылмыстарына «даңғыл» жол ашуда.
«Дәйексіз тексерістер жүргізудің салдарынан кәсіпкерлердің алдын ала уағдаласқан міндеттемелеріне нұқсан келуде. Есеп комитетінің дерегіне сүйенсек, былтыр Мемлекеттік кірістер комитеті 36 мыңға жуық тексеріс өткізгенімен, тек 103-інде кедендік заңнама бұзылған. Мұндай жайттарға тәуекелдерді басқару жүйесін әдістемелік қамтамасыз етудің әлсіздігі себеп болып, қажетті ақпаратқа қол жеткізу қиынға соғуда. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану бойынша 1455 кедендік сараптама еңсерілгенімен, небары 13 теріс дерек анықталған. Кейбірінде тауар партиясының құны бар-жоғы 6-200 АҚШ долларын құраған. Кемінде ай сайын бір рет ақпараттық жүйенің істен шығуы, тиісті рәсімдердің қолмен жүргізілуі жемқорлықты көбейтуде», - деп қынжылды сарапшылар тобының жетекшісі.
Сыртқы экономикалық қызметті дамытуға импортталатын тауарлардың кедендік бағасын анықтаудағы қайшылықтар айтарлықтар зиянын тигізуде екен. Тауардың шын құны белгіленудің орнына, бюджетке түсімді жоғарылату талпынысымен жасанды көтерілуде.
Қазақстан заңнамасында және Еуразиялық экономикалық одақпен келісілген шарттарда ішке кіргізілетін тауарлардың кедендік құнын анықтау мен оны қолдану тәртібін жөнсіз іске асыру, кедендік төлемдер мен салықтар сомасын шамадан тыс шарықтатып жіберуде. Заң талабы орындалмағандықтан, кәсіпкерлер құқығы кемсітіліп, заңсыз әрекеттер сотта күшін жоюда. Бас прокуратураның дерегінше, сотта қарастырылған үш істің бірі оң шешімін тапқан.
«Бүгінгі таңдағы кедендік әкімшілік ету түйткілдері сыртқы экономикалық қызмет қарқынын тежеп, бизнесті шығынға ұшыратуда. Сөзімізге дәлел, тауарлардың кедендік қызметтен тым баяу өтуі мен кедендік процедуралардың бұлыңғырлығынан «Ақтау» теңіз порты арқылы бір ғана жүк көлігінің рәсімделуі 10 тәулікке дейін созылған. «Достық» кеденінде жүктің шоғырланып қалуы салдарынан теміржол жұмысы тоқыраған. Шығын шаш-етек. «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жұмысы үш айға дағдарып тұрғандықтан, 800 миллион доллар инвестиция тарту мәселесі күйреуге жақын», - деп мәлімдеген Аманжан Жамалов заңсыз тауар тасымалына қарсы тосқауылдың да көңіл көншітпейтінін хабарлады.
Мәжілісте бұған дейін де «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларын толғантып жүрген Мемлекеттік кірістер комитеті заңсыз шешімдерін жоққа шығару және кедендік дауларды реттеу жайы да талқыланып, аппеляциялық алқаның Комитет ішінде орналасуы сын көтермейтіні айтылды. Сондықтан мұндай аппеляциялық комиссияны Қаржы министрлігі жанынан құрып, оның жұмысына тәуелсіз сарапшыларды жұмылдырған абзал.
«Мемлекеттік кіріс орындарының кәсіпкерлік саламен қарым-қатынасын жақсарту арқылы ел экономикасының табысын арттыруға болатыны анық», - деп қорытындылады ойын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы кеңесінің мүшесі Аманжан Жамалов.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: