«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бастысы - құзырет

2015 жылғы 19 Тамыз
- Алматы қаласы
10653 просмотров

Сертификаттау процедурасын бүгінгі таңда бір ғана сертификаттау органы – республикалық ғылыми-әдістемелік орталық іске асыруда.

Сертификаттау жөнінде құрылған үш салалық орталық біліктілік беруге кәсіби даярлық деңгейін бағалауды жүзеге асырмайды, себебі әлі күнге дейін аккредиттеу процедурасынан өте алмай жүр.

Алматы қаласы ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Вера Цзин техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» атты тамыз жиналысында осылай деп жеткізді.

«Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығында (РҒӘО) қолданылатын сертификаттау әдіснамасы, өкінішке орай, салалардағы мамандар біліктілігі сәйкестігін бағалауға қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Ол экономика салаларының қазіргі заманғы мазмұнына жақындастырылмаған. Орталық жұмыс берушілер мен олардың салалық республикалық бірлестіктерімен тікелей байланыс ұстамайды», - деді Вера Цзин.

Оның айтуынша, кәсіби даярлық деңгейін бағалау процедурасы кәсіби құзыреттілікті емес, көбінесе теориялық білімдерді негізге алады. Бүгінде тек теориялық тестіні тапсыру бағаланады. Ал біліктілік жұмысы «тапсырды», «тапсырған жоқ» қағидатымен қабылданады. Ал теориялық тест бойынша 60 балдан кем алғандар практикалық тестке жіберілмейді.

«Мұндай ұстанымда кәсіби даярлық деңгейін тиімді бағалау мүлде мүмкін емес. Бақылау-өлшеу материалдарының мазмұны жұмыс берушілердің  сала мамандарына қоятын заманауи талаптарына негізделмеген. Тест тапсырмаларында ескірген технологиялар, материалдар, жабдықтар жайлы сұрақтар жиі кездеседі», - деп есептейді Вера Цзин.

Ол дуалды оқыту технологиясын эксперименталдық енгізу жағдайында кәсіптік білім беру мазмұны (оқу жоспарлары, бағдарламалар) нақты жұмыс берушілердің талаптарына, демек, кәсіби стандарттарға барынша жақындастырылуы қажет. Сонымен бірге экспериментке қатысқан колледждер түлектеріне бітіргенде эксперименталдық бағдарламаларға емес, көбіне ескіріп кеткен типтік бағдарламаларға негізделген тест тапсырмалары ұсынылады.

«РҒӘО берген сертификат түлектердің де, жұмыс берушілердің де сұранысына ие емес екені ешкімге құпия емес», - дейді Алматы ӨКП өкілі.

Вера Цзин тест тапсырмаларын құрастыру және тапсыру мәселелерін де қозғады.

Күллі әлемде теориялық және практикалық тест жұмыстары біздегідей күйде емес, олар практикалық міндеттерді шынайы көрсетеді. Тест тапсырмаларында виртуалды форматта түйткілді жағдайлар беріледі. Түлектерге осыны шешуге ұсынады.

«Жалаң анықтамалар болмауға тиіс. Бастысы - практика және құзыреттілік», - деп баса көрсетті Вера Цзин.

Оның ойынша, сертификаттау түйткілдерін шешу мақсатында кәсіптік даярлық деңгейін бағалау операторының функцияларын ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беру керек. Салалық қауымдастықтар жанындағы сертификаттау орталықтарының желісін дамыту қажет.

Ол үшін салалық қауымдастықтар жанындағы сертификаттау орталықтарын аккредиттеудің кедергісіз шартын жасау қажет. Кәсіби даярлық деңгейін бағалау процедурасын басым түрде кәсіби құзыреттілікті бағалауға қайта бағдарлау қажет.

ӨКП өкілі сертификаттау туралы айта келіп, түлектер мен мамандар деп бөлудің қажет еместігін еске салды.

«Себебі түлек жұмысқа кіргенде, оған кез-келген басқа қызметкерге қойылатын талап қойылады», - дейді Вера Цзин.

Ол нормативтік-құқықтық қамсыздандыру мәселесіне ерекше назар аударды.

«Бүгінде ӨКП жанынан «Кәсіптік білім беру туралы» заңды дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Ол арқылы қазіргі заңда кездеспейтін, сонымен бірге сертификаттау туралы баптар енгізіледі», - деп ақпарат берді Алматы ӨКП өкілі.

Вера Цзин қолданыстағы заңнамадағы жөнсіздіктер жайлы айтып өтті.

Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 125 бұйрығы бойынша диплом беруге кәсіби даярлықты бағалау сертификаты негіздеме болады.

«Дегенмен бұл бірде-бір заңда, бірде-бір нормативтік құжатта айтылмаған. Палата министрлікке «Неліктен?» деген сауал тастады. Ал күллі әлемде диплом беруге оқу орнындағы біліктілік емтихандары негіздеме болады. Оқып бітірдің, демек, біліктілік алып шықтың», - деп атады Вера Цзин.

Вера Цзин қорыта келіп, КжТББ корпусын, сарапшыларды сертификаттау туралы заңмен жұмысты бірге жасауға үндеді, себебі ол жетілдіруді қажет етеді.

«Оқу орындары жұмыс берушілерге қажет болғанда ғана сұранысқа ие болады», - деп қорытты Вера Цзин.

Жиналысқа Білім басқармасы өкілдері, колледждер басшылары мен жұмыс берушілер қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер