«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«СТ-КZ» сертификатын отандық өндірушілердің құқығын қорғаушы «Атамекен» бергені дұрыс – кәсіпкер

2023 жылғы 06 Наурыз
- Қызылорда облысы
8394 просмотров

Бизнеспен айналысқанына отыз жылдан асқан қызылордалық кәсіпкер Жаңабай Бекішев «СТ-КZ» сертификатын отандық өнім өндірушілердің басты құжаты деп санайды.

Жаңабай Бекішев – «Квант» Қызылорда механикалық зауытының директоры әрі құрылтайшысы. Зауыт мамандары металл өңдеп, түрлі бұйым, сондай-ақ өндіріске, медицинаға, тұрмысқа қажет газдар шығарады, электр қондырғыларын жөндеумен айналысады. 50-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкердің ауыл шаруашылығы, су шаруашылығына арналған қондырғыларына еліміздің барлық өңірінен және көрші Қырғызстан мен Ресейден жиі тапсырыс түседі.

«Біз қазақстандық өнім өндіруші екенімізді дәлелдеу үшін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан СТ-КZ сертификатын тұрақты түрде алып келеміз. Бұл сертификат – мемлекеттік сатып алуға қатысу барысында талап етілетін негізгі құжаттардың бірі. Талап орынды. Себебі кейде өнім өндірмейтін азаматтар да «отандық өнім» деген желеумен өзге елдің тауарын өткізуі мүмкін. Соларға тосқауыл қоятын, отандық тауарөндірушілерді қорғайтын басты құрал», – дейді «Квант» ҚМЗ» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев.

Кәсіпкер соңғы кезде сертификатты беру жұмыстарының электрон жүйеге көшкеніне оң бағасын берді.

«Бұрын құжаттарымызды қолма-қол, қағазбен тапсыратынбыз. Қателіктер анықталған жағдайда жөндеп, қайта өткіземіз. Ол қосымша шығын әрі біраз уақытыңды алады. Кәсіпкерлер палатасының электрондық жүйеге көшіруінің арқасында қазір жағдай анағұрлым жеңілдеді», – дейді кәсіпкер.

Жаңабай Бекішев «СТ-КZ» сертификатын беру жұмысы толық жолға қойылғанын атап өтті. Бұл бағытта «Атамекеннің» кәсіпкерлермен күнделікті байланыста болып, ұсыныс-пікірлерін ескеріп, қолдау шараларын жетілдіріп жатқаны көңілден шығатынын жеткізді.

«Сертификатты отандық өндірушілердің құқығын қорғаушы «Атамекеннің» бергені дұрыс. Жұмыс істеп тұрған жүйені бұзудың керегі жоқ. Бізге сол ыңғайлы», – деді «Квант» ҚМЗ» ЖШС директоры.

Сертификат алуға байланысты сұрақтарыңыз болса Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары (Ләззат Тәжібаева, Айман Сәдуова) жауап беруге әзір. Байланыс тел.: 8 /7242/ 40-09-81.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер