«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік кәсіпкерлер Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне көшу мерзімін ұзартуды сұрайды

2025 жылғы 03 Қараша
- Ақтөбе облысы
425 просмотров

Ақтөбелік компаниялар жаңа ҚТӨ Тізілімнің енгізілуіне байланысты сатып алуларға қолжетімділіктен айырылып қалудан қауіптенуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, өтпелі кезең тым қысқа болуы мүмкін. Кәсіпкерлер палатасында өткен Индустрия салалық кеңесінің отырысында өңірлік бизнес өкілдері Тізілімді енгізуді кейінге шегеру немесе өтпелі кезеңді жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтты.

Ресми түрде өтпелі кезең 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін деп белгіленгенімен, іс жүзінде дайындыққа бар болғаны екі ай ғана қалды. Көптеген компаниялар әдістемелік қолдау мен нұсқаулықтар алып үлгермеген. Сонымен қатар, Тізілім толықтай цифрлық форматта және электронды платформа арқылы жүзеге асатындықтан, жылдың соңында өтінімдер жаппай түссе, жүйе жүктемеге шыдамай қалуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Техникалық ақаулар мен құжаттардағы сәйкессіздіктер компаниялардың Тізілімге енгізілмеуіне себеп болуы ықтимал.

«Ең үлкен тәуекел – егер компания 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін Тізілімге кіре алмаса, ол отандық тауар өндіруші ретінде сатып алуларға артықшылықпен қатыса алмайды. Қазір көптеген тендерлер мен қолдау бағдарламаларына, соның ішінде “Самұрық-Қазына” және квазимемлекеттік секторға қатысу үшін қазақстандық қамту үлесін растау қажет. Ал Тізілімсіз компания бұл мәртебеден автоматты түрде айырылады», – деді «Epsilon Group» ЖШС өкілі Айдос Жамидулла.

Кәсіпкерлер бағалау критерийлерінің айқын еместігіне де назар аударуда. Қазіргі таңда ҚТӨТ енгізу процесі бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық қиындықтармен қатар жүріп жатыр. Қазан айының соңында өткен «Атамекен» ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп және Машина жасау мен металл өңдеу комитеттерінің бірлескен отырысында бизнес өкілдері жүйенің әлі де сынақ режимінде жұмыс істеп жатқанын, цифрлық функционалы толық пысықталмағанын, ішкі үлестік құндылықты есептеу тәсілі мен «СТ-KZ» немесе индустриялық сертификаты бар компаниялардың қатысуы бойынша сұрақтар ашық екенін атап өтті.

«Кейбір өндірушілер техникалық кемшіліктердің кесірінен тізімнен тыс қалуы мүмкін деген қауіп бар. Біз, біріншіден, “QazIndustry”-ден индустриялық сертификаты бар өндірушілерді Тізілімге автоматты түрде енгізуді ұсынамыз, себебі бұл кәсіпорындар өндірістік базасын растап қойған. Екіншіден, Тізілімді міндетті түрде енгізу мерзімін – мысалы, 2026 жылдың II немесе III тоқсанына шегеру қажет, осылайша қосымша сынақ пен жетілдіруге уақыт беріледі», – деді Индустрия салалық кеңесінің төрайымы, «По Глобал-Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, бұл шаралар техникалық қателерді жоюға, есептеу әдістемесін нақтылауға, комиссияларды дайындауға және жүйелердің өзара іс-қимылын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер бейнебақылау орнату және мемлекеттік органдардың қолжетімділігіне қатысты талаптарға алаңдаушылық білдіруде. Олар деректердің қорғалуы бойынша нақты кепілдіктер беруді және қажет болған жағдайда бейнебақылау қолжетімділігін өндірушілермен алдын ала келісуді сұрайды.

Айта кетсек, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі әлі іске қосылмағанына қарамастан, ақтөбелік компанияның бірінен оның қатысуын растау сұралған. Бұл туралы «Epsilon Group» ЖШС өкілі мысал келтірді.

«Біз әдеттегідей сатып алуға қатысып, Индустриялық сертификатты қоса ұсындық және қазақстандық өндіруші ретінде сатып алулар ережесіне сай кепілдеме ұсынудан босатылады деп күттік. Алайда бізден кепілдеме талап етілді, себебі компания ҚТӨТ-те тіркелмеген деп көрсетілді. Осыдан кейін біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне шағым жолдадық, ал олардан біз Тізілімде жоқ екеніміз расталған ресми жауап алдық. Сәйкесінше, тапсырыс берушінің әрекеті заңды деп танылды, алайда Тізілімнің өзі әлі іске қосылған жоқ», – деді ол индустрия салалық кеңесінің отырысында.

Жаңа механизмнің енгізілетіні жарияланған сәттен бастап «Атамекен» ҰКП ҚТӨ Тізілімі бойынша барлық мәселелерді түсіндіру және талқылау бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ұлттық палата Тізілімді енгізу бойынша салалық ұсыныстар мен бастамаларды біріктіруді қолға алды. Бұл туралы 22 қазан күні өткен Өңдеуші өнеркәсіп және Машина жасау комитеттерінің бірлескен отырысында айтылды. Оған мемлекеттік органдар мен елдің барлық өңірлерінен 300-ден астам бизнес өкілдері, қауымдастықтар және салалық кеңестер қатысты, оның ішінде Ақтөбе облысының өкілдері де бар.

Индустрия салалық кеңесінің отырысы қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне қатысты ұсыныстар мен тәуекелдер блогын хаттамамен бірге ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп департаментіне жолдайды.

«Біз өңір кәсіпкерлерін ақпараттандыруды және барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырамыз. Жаңа тізілімге көшу – отандық өндірушілер үшін маңызды кезең. Бірлескен тәсіл артық бюрократиядан арылуға, бизнеске түсетін жүктемені азайтуға және жаңа сертификаттау форматына біртіндеп көшуге мүмкіндік береді. Біз жүйені шынымен де ыңғайлы әрі ашық етуге ұмтыламыз», – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174