Ақтөбе облысында 2025 жылы бизнестің құқықтары 5,2 млрд теңгеге қорғалды
ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Онлайн форматта еліміздің барлық өңірлік кәсіпкерлер палаталары кеңестерінің төрағалары мен хатшылық өкілдері қатысты. Жиын барысында 2025 жылдағы өңірлік палаталар кеңестерінің қызмет қорытындылары шығарылып, негізгі жетістіктер мен өзекті мәселелер талқыланды, сондай-ақ бизнестің мүдделерін қорғауды одан әрі күшейтуге бағытталған 2026 жылға арналған басым міндеттер мен жұмыс бағыттары айқындалды.
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы 2025 жыл қорытындысы бойынша бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстың нәтижелерімен бөлісті. Есепті кезеңде Палатаға кәсіпкерлерден 287 өтініш түсті. Оның 73,3 пайызы оң шешімін тапты, қалған өтініштер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді немесе жұмыс жалғасуда. Кәсіпкерлер тарапынан ең жиі көтерілген мәселелер мемлекеттік сатып алулар, агроөнеркәсіптік кешен, инвестициялар, салық салу, жер және мүліктік қатынастарға қатысты болды.
«Жыл қорытындысы бойынша 22 кәсіпкердің мүліктік құқықтары 5,2 млрд теңге сомасында қорғалды. Соттық қорғау аясында Палата 15 іске қатысып, нәтижесінде бизнестің мүдделері қосымша 861,5 млн теңгеге қорғалды», - дейді ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Күйшинов.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл болды. Облыс әкімі мен прокурорының қатысуымен жеке қабылдаулар, сондай-ақ аудандарда көшпелі кездесулер өткізілді. Нәтижесінде жүйелі шешімдер қабылданып, оның ішінде электр энергиясына тарифтерді төмендету, инвестициялық жобаларды қолдау, жерді жалға алу төлемдерін кейінге шегеру және субсидиялау мен кепілдендіруге 860 млн теңге бөлу мәселелері шешілді.
«Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес те белсенді жұмысын жалғастырды. 2025 жылы 30 мәселе қаралып, олардың басым бөлігі оң шешімін тапты. Маңызды инвестициялық кейстер іске асырылып, бизнестің жер және инфрақұрылымдық мәселелері шешілді. Кәсіпкерлерді қорғаудың цифрлық құралдарына да ерекше назар аударылды. «Жайсан» өткізу пунктінде QR-кодты пайдалану арқылы кері байланыс жүйесі енгізілді. Жүйе іске қосылған сәттен бастап 250-ден астам өтініш қаралды, ал бұл сәтті тәжірибе Ресей Федерациясындағы «Сагарчин» өткізу пунктінде де енгізілді», - деді Руслан Куйшинов.
Сонымен қатар, 2025 жылы Палата нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша 132 сараптамалық қорытынды берді. Осы жұмыстың нәтижесінде облыстың көпшілік аудандарында 2026 жылға арналған арнайы салық режимінің мөлшерлемелері 2 пайызға дейін төмендетіліп, бұл кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды шарасына айналды.
.jpeg)



Пікір қалдыру:
Пікірлер: