«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Төрт жұлдыз» жайлы іс

2015 жылғы 02 Шілде
11226 просмотров

Мемлекеттік сатып алулар саласы шытырман оқиғалы шығармаға ұқсап кетті!

«Атамекен» сарапшылары күйініш, реніш, ұят пен арамдық шырмалған істің шешімін тарқатқанша бір айға жуық уақыт өтті

Осы жылдың мамыр айында «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру кәсіпорындары қызметкерлерінің балаларына сауықтыру демалысы қызметін ұсынатын ұйымдар арасында байқау өткізді. Байқаудың аты байқау, және де онда ең жақсы жағдайды ұсынғандар жеңіске жетеді. Ал егер сен алға тартқан ұсыныстар тапсырыс берушінің көңілінен шықпаса, оған ренжудің керегі қанша?

Бірақ мынадай «қулық» та бар: байқау талаптары нақты бір жеткізушінің ұсыныстарына сайма-сай сәйкес келе қалған болса, не істеу керек?

Техникалық спецификация аса қызық ережеден тұрды. Балалардың жазғы демалысы қызметін ұсынушы ұйым міндетті түрде мынадай шарттарға сәйкес келуге тиіс. Балалар «…аумақтың барлық периметрі бойынша бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, тәулік бойыға қызмет етумен стационарлық базада» орналастырылуға тиіс; «кем дегенде «4 жұлдыз» санатының орналасу құралына берілгені жайлы қолданыстағы куәлік болуға тиіс (өтініммен бірге аталмыш куәліктің/сертификаттың көшірмесін ұсыну)».

Тәулік бойына қызмет етуге қарсы келе алмайсың. Бейнебақылаумен де дәл солай – балалардың қауіпсіздігі басты орында!

Алайда «төрт жұлдыз» туралы тармақ байқауға қатысқан жеткізушілердің барлығын тұйыққа тіреді. Қазақстан аумағында бір де бір «пионер» лагерінің аты шулы жұлдызы жоқ болып шықты (масқара!). «Республикалық сауықтыру» лагерлері бар, «облыстықтар» бар. Бірақ бір де бір «төрт жұлдыздысы» жоқ екен. Оның есесіне олар шетелде толып жатыр – балалардың сауықтыру лагерлері қонақ үйлер базасында құрылатын Түркияда, Ресейде. Дағдарыста мұндағы бағалар төмендеп, туристер ағыны жұтаң тартты. Осыдан келіп, туристік бизнес жөніндегі түрік және ресейлік мамандар барынша көп қонақ тарту үшін, жол тауып кетті.

Отандық балалар сауықтыру лагерьлерінің иелері байқаудан жеңіліс тауып, тендерлік комиссия шешіміне қарсы уәж айтуға талпынды. Оған шама қайда! Мұнайшы заңгерлер ішкі нұсқаулықтарымен түксиіп алды.

Жеңілгендердің бірі ескі әдетімен партияның облыстық комитетіне жүгінді: нақтырақ айтсақ, «Нұр Отан» филиалына. Мұнда келген хатқа партиялық принциппен қарап, «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығымен өзара хат алмасады. Алайда мұнайшылар өз принциптерін өзгертпестен, тастай қатты. Тендерлік талаптардың заңдылығын түсіндіруді сұраған өтініштерді елемей, сабырлылық танытты.

Осы кезде бір ғажайып орын алды: пікірлерін соңғы сатыдағы ақиқат ретінде қабылдау әдетке айналған партиялық функционерлер көз жеткізудің барлық құралдарын түгескен соң, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Хат нысанасына жетті.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылығына (ал «Өзенмұнайгаз» АҚ оның еншілес құрылымы болып табылады) тендерлік комиссия шешімінің күшін жойып, байқау талаптарына өзгерту енгізуді сұрап жүгінді.  

Қор басшылығы бірден жауап қатты! Палата атына тендер нәтижелерінің күші жойылғаны туралы хат келіп жетті. «Самұрық-қазынаның» сатып алу жөніндегі мамандары келесі байқаудың ашық түрде, қандай да бір заңгерлік айла-шарғысыз өткізілетінінң сендірді. Әділдік орнаған сияқты болып еді… Бірақ!

Қайтадан өткізілген тендер жеңімпазды анықтады. Ол Қырым Республикасының тумасы, жеке кәсіпкер Елена Леонидовна Якубчик болып шықты. Бұған себеп техникалық спецификаттауға болмашы ғана түсіндірменің «елеусіз түрде кіріп кеткені» еді. Атап айтқанда, балалардың сауықтыру лагерінің орналасқан жеріне қойылатын талап өзгертілді: «Өзенмұнайгаз» АҚ сатып алушыларының пайымынша ол... Сочи ұлттық саябағының аумағында болуға тиіс!

Ал байқауға жаңаөзендік мұнайшылар балаларының лайықты демалысын қамтамасыз етуге қабілетті компаниялар қатысып еді – «Dreamland Company» ЖШС және «Турист» ЖШС. Екеуі де қабылданбады, себебі олардың өтінімі демалыс аймағының орналасқан жері бойынша талаптарға сәйкес келмеді. «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығының таңдауы неден туындап отыр? Іле Алатауы, Алтай, Бурабай мен Каспий табиғатының әсемдігі олардың жүрегіне жақын емес пе?

Оның үстіне, елге келу туризмін дамытуды нұсқаған Мемлекет басшысының сөздерін еске түсірер болсақ, мүлдем түсініксіз. ТМД Үкімет Басшылары кеңесі мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының мамыр айының соңында Бурабай аумағында өтуі де кездейсоқ емес. Нұрсұлтан Әбішұлының жоғары шенді қонақтардың мемлекеттік істерден демалып, осында демалысқа қалуын сұрағаны да есімізде…

Бірақ, жоғары еңбекақылы мұнайшылардың (баға құлауы мен 18 млрд теңге сомасындағы қарызға қарамастан) балалары басқа табиғат жағдайына үйреніп қалған ба?

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы детективтік оқиғаны тергеуін жалғастырады. Palata.kz оқырманға оқиға желісін таныстырып отырмақшы.

Сонымен, жалғасы бар 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер