«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр өмірі

2015 жылғы 12 Маусым
12887 просмотров

Алматыда бейнеконференция режимінде «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитеті жеңіл өнеркәсіп кіші комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Отырысты Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының Хатшысы Нұрлан Сақуов ашты. Ол ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың атынан отырысқа қатысып отырған кәсіпорындар басшыларын маусымның екінші жексенбісінде аталып өтетін Жеңіл өнеркәсіп күнімен құттықтады.

ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының Президенті Любовь Худова «Саланы дамытуға қосқан үлесі үшін және ерекше еңбегі үшін» алғыс хат алды. Бірқатар компаниялар басшылары құрмет грамоталарымен аталып өтті.

Нұрлан Сақуов Ұлттық палатаның құрылған сәттен бастап кәсіпкерлер үшін және жалпы жеңіл өнеркәсіп үшін жасаған әрекеттері жайлы айтып берді.

“Жеңіл өнеркәсіп жобалары заттай гранттарға және кедендік босаңсытудан үміттене алады. ЭКСПО-2017 аясындағы сатып алулар кезінде жеңіл өнеркәсіп өнімі ең алдымен отандық өндірушілерден сатылып алынуы үшін, сатып алулар туралы заңнамаға енгіздік. Таяу арада сатып алулар басталуға тиіс. Біз мұны үнемі қадағалап отырамыз. Қорғаныс тапсырысында, «Самұрық-Қазына» сатып алуларында ашықтықты көтеруге тырысып жүрміз. ҮИИДМБ-2 аясында аумақтық кластерлер бойынша байқау басталады және жеңіл өнеркәсіп өкілдері де оған қатысады деп күтіп отырмыз. Бағдарламада мемлекеттік қолдаудың да көптеген мүмкіндіктері көзделген», - деп ақпаратымен бөлісті ҰКП өкілі.

Отырыста ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығымен бірге дайындалған кешенді жоспар қабылданды, алайда уақыт көрсеткендей, құжат түзетуді қажет етеді. ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының Президенті Любовь Худова осы төңіректегі өз ұсыныстарын жеткізді.

«Кешенді жоспар аса күрделі түрде жасалды. Біз дайындаған көптеген тармақтарды түрлі ведомстволар алып тастады да, бұл біздің алаңдаушылығымызға әкелді. Өткен жылдың қазан айында жоспар Премьер-министр кабинетінде қаралды және жоқтан бар жақсы деп онымен келістік. Дегенмен Кеден одағының Ресей және Белорусь сияқты елдерінде жеңіл өнеркәсіптің басымдылықты салалар қатарына кіретінін білесіздер, және де бұл салаларда даму бойынша салалық бағдарлама әзірленген. Ал біз өндірушілерімізге қолданыстағы бағдарламаларда мемлекеттік қолдау құралдарын қолдану мүмкіндігін беретін кешенді жоспармен шектеліп қалдық. Бұл, әрине, жақсы да, бірақ жеткіліксіз», - деп есептейді Қауымдастық басшысы.

Салалық одақ келіп түскен ұсыныстарға сәйкес саланы дамытуға бағытталған ұсыныстар жасап шықты және оларды Ұлттық палатаға ұсынды. Мәселен, отандық брендтерді сауда алаңдарын жалға алуды субсидиялау түрінде қолдау ұсынылады.

«Бүгінде біздің өндірушілеріміздің сауда желілеріне кіруі мүмкін емес… Бұл тұжырымдама енді ғана жасалып жатыр: біздегі 10 көшбасшы – 10 бренд осы тұжырымдамамен жұмыс жасап жүр және оны Ұлттық палата мен Инвестициялар және даму жөніндегі министрлікке ұсынамыз. Қосымша жеңіл өнеркәсіп тауарларын өркендету – яғни брендтеу, республикалық, өңірлік және салалық деңгейде тауарларды жарнамалау бойынша стратегия дайындауды ұсынамыз. Мемлекеттің қатысуымен мақсатты насихаттау жұмысы жүрізілуге тиіс деп есептейміз», - деп түсіндірді Любовь Худова.

Оның айтуынша, қазірде белсенді түрде жүргізіліп жатқан «Қазақстандықты ғана сатып ал» акциясы қазақстандықтардың отандық өндірушілер туралы хабардар болу және тауарларды өндіруді арттыру мүмкіндігін береді.

Қауымдастық сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп үшін арнайы аумақтық Еркін экономикалық аймақтар құру туралы ұсыныстар жасау қажет деп санайды.

«Біз бұл мәселеде жақсы жылжып келе жатқан және бір-бірінен айтарлықтай қашықта орналасқан өңірлерді біріктіретін Белоруссия мен Қырғызстан тәжірибесін зерттеп шықтық. Осы мәселені шешуге парламент мәжілісіне жолдау үшін тұжырымдама дайындап жатырмыз. Егер бізде осындай еркін экономикалық аймақтар пайда болатын болса, көптеген мәселелер күн тәртібінен алынар еді, себебі жеңілдіктер мен артықшылықтар берілетін болады», - деп атады Қауымдастық басшысы.

Сондай-ақ салық салынатын кірістің бүкіл көлемі өндіріске қайта инвестицияланған жағдайда тоқыма және тігін өнеркәсібін, сонымен қатар тері саласын 5 жылға ҚҚС төлеуден босату ұсынылады.

«Мұндай қаулы Ресейде бар. Біздің де енгізгеніміз жақсы болар еді, сонда кәсіпорындар кредит сұрап екінші деңгейлі банктер алдында тізе бүкпес еді. Олар өздерін өздері инвестициялап, өз өндірістерін дамытар еді», - деп баса көрсетті Любовь Худова.

Ол сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің қорғаныс тапсырысына және ұлттық компаниялар тапсырыстарына қатысу үшін Жеңіл өнеркәсіп концернін құруды ұсынды.

«Бұл біздің тапсырыстарға бірге қатысуымыз үшін, орта және шағын кәсіпорындарды біріктіруге мүмкіндік береді. Бес жыл бойы осындай ұсыныстар беріп келеміз және қазір де осы мәселе пісіп-жетіліп отыр. Көптеген компаниялар үн қосып отыр әрі осындай концерн құруға дайынбыз. Сонымен қатар бұрын ешқашан жақсы дамымаған өнеркәсіптің аң терісі саласын қайта жандандыру жайлы ұсыныс та бердік. Бүгінде құқықтық құрылымдар үшін жағалар мен бас киімдерге арналған қаракөл елтірі сияқты өнімді жеткізетін кәсіпорындарымыз, ұятымызға орай, шикізатты Өзбекстаннан импорттауға мәжбүр», - деді Любовь Худова.

Сондай-ақ қаржыландыру көзін айқындаумен 2019 жылға дейін республика өңірлері бойынша жеңіл өнеркәсіптегі инвестициялық жобалар Жол картасын дайындау ұсынылып отыр. Отырыста аталып өткендей, қазірде банктер тәуекелді деп есептеп жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары жобаларын қаржыландырудан бас тартуда. Сонымен қатар «Инвестициялар туралы» Заңға өзгертулер енгізу ұсынылды.

«Бүгінгі таңда «Инвестициялар туралы» Заң бар, алайда біздің кәсіпорындар оны қолдана алмайды, себебі аталмыш бағдарламаға кіру шегі өте жоғары – 20 миллион доллар. Кәсіпорындарымыз заңда негізі қаланған жеңілдіктерді және артықшылықтарды қолдана алуы үшін осы шекті төмендетуді ұсынамыз. Көптеген компанияларымыз өз кәсіпорындарына инвестиция салады, алайда, әрине, ол 20 миллион доллар бола қоймайды», - деп атады Худова ханым.

Бұған Нұрлан Сақуов бағдарламаға қатысу үшін шекті төмендету туралы ұсынысты ҰКП қабылдағанын ескере кетті. Сонымен қатар кәсіпорындарды гранттар және технологиялық жабдықтар мен құрамдастарды импорттаған жағдайда 5 жылға кедендік баждар салынуынан босату түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары бар екенін атады.

Ол сонымен қатар осы салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлерден келіп түскен барлық ұсыныстардың қаралып, ескерілетінін баса көрсетті.

Қарағандылық кәсіпкер Андрей Шмарин бейнеконференция кезінде кешенді жоспардың орнына жеңіл өнеркәсіп үшін модернизациялық қор құруды ұсынды. Кәсіпкерлер аталмыш қордан төмен пайызбен кредиттер алар еді.

«Мемлекеттік қатысудың шынайы игілігін пайдалану мүмкіндігін қолданғымыз келеді, сонда мемлекет бізді көріп, бізге шынымен де қолдау көрсетер еді», - деді ол.

Кәсіпкер Қорғаныс министрлігі мемлекеттік байқауларға жетекшілік еткенде ешқашан да компанияны байқауға өткізбегеніне де шағымданды (олар нарықта 1997 жылдан бері жұмыс жасауда).

Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының Хатшысы өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың «Даму» қоры, «ТДҰА» АҚ, “KAZNEX INVEST” бағдарламалары арқылы көрсетілетінін түсіндіріп кетті.

«ТДҰА» және “KAZNEX INVEST” өкілдері отырыс барысында кәсіпкерлерге өз бағдарламаларымен және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен егжей-тегжейлі таныстырып кетті.

Сосын мемлекеттік сатып алу және қорғаныстық тапсырыс мәселесін талқылауға көшті. Нұрлан Сақуов түсіндіріп өткендей, жақында Ұлттық палата сатып алулар қорытындылары мен байқау жеңімпаздарын тексеру өкілеттігін алған.

«Екі апта бұрын ҚР Әділет министрлігі бұйрық шығарды. Ол бойынша Ұлттық палата белгі бойынша барып, мемлекеттік сатып алу байқауын шынайы өндіруші жеңіп алғанын тексеруге құқылы. Бізде ендігі жерде мынадай уәкілеттіктер бар: біз тәуелсіз сарапшыларды тартамыз, және де егер жалған өндіруші екені расталса, оны қайтарып аламыз”, - деді Нұрлан Сақуов.

Ол сонымен қатар Ұлттық палатаның шекара әскерлеріне ашық мемлекеттік сатып алулар өткізу туралы ұсыныс енгізгенін хабарлады.

«Олардың үстінен шағымдар көп жасалды. Бұл туралы заң жобасы даярланып қойған. Қорғаныс тапсырысы бойынша көлем аса үлкен. Олар 95 кәсіпорыннан 40 кәсіпорынды өздері іріктеп алды. Құжаттары дұрыс әрі өндірістік базасы бар кәсіпорындар алынды. Тапсырыстар солардың арасында бөлінетін болады. Тағы 29 кәсіпорын негізгі тізімге кіретін кәсіпорындар тапсырысты орындай алмаса, запаста тұр», - деп түсіндірді Нұрлан Сақуов.

Ол отырыс соңында кәсіпкерлерді 2016 жылы республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру жоспарланып отырған жеңіл өнеркәсіпті салалық зерттеуге ТЭН дайындаулар бойынша өз ұсыныстарын белсендірек жасақтауға үндеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер