«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттің қолдауы жеңіл өнеркәсіпке жан бітіруі мүмкін

2017 жылғы 23 Қаңтар
11901 просмотров

«ASTANA Ютария Ltd» кәсіпорнында жеңіл өнеркәсіптің түйіткілді мәселелері мен оны шешу жолдары талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сәбит Битаев және Төтенше жағдайлар комитеті тылдық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Зура Бейсенбаева «ASTANA Ютария Ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС-нің автоматтандырылған «KazTexExpo» өндірістік кешенін аралады.

«ASTANA Ютария Ltd» компаниясының бас директоры Сәуле Шауенова қонақтарға кәсіпорынның қызметі туралы айтып берді. Онда техникалық құжаттаманы, үлгілік қатарды әзірлеуден бастап, дайын өнімдердің сан түрін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қамтамасыз етілген.

Кәсіпорын басшысы шығарылатын өнімдердің сапасын бақылауға мүмкіндік беретін жұмыстарының инновациялық әдістеріне ерекше тоқталып өтті. Ол, сондай-ақ өткен жылдың қазан айында ҰКП бастама көтеріп, үкімет пен бизнес-қауымдастық деңгейінде өткен жиналыстың арқасында қорғаныс заңын орындау аясындағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын отандық өндірушілердің басын қосатын «Жасампаз» консорциумының жұмыс тәжірибесі оң бағаланып, оны одан ары үлгі ретінде таратуға кеңес берілгенін мәлімдеді.

Сәуле Шауенова «Жасампаз» консорциумы мүшелерінің инвестициялық қызметтері мен тұрақты жұмыстары туралы айтып берді. Бүгінде бірқатар кәсіпорындарда бұрыннан бар өндірістер кеңейтіліп, жаңа өндірістер ашылуда. Оның алдында тігін фурнитурасын ғана емес, сонымен қатар отандық шикізатты пайдалана отырып, дайын өнім шығаруға пайдаланылатын мақтадан жасалған маталар мен басқа да мата түрлерін шығару жолға қойылған.

Кәсіпорын қонақтары ылғалды-жылулық өңдеу цехын, тігін бұйымдарын шығаратын автоматтандырылған цех кешенін аралап, өндірістің тиімділігіне көз жеткізді.

Кездесуге қатысушылар саланың түйіткілді мәселелері мен оларды шешу жолдарын талқылады. Аталған мәселелер Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағында жиі талқыланып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен бизнестің бірігуі ерекше маңызды болып тұр. Мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастық еліміздің жалпы ішкі өнімін арттырып, экономика өсімі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді.

Кездесу соңында ҚР ІІМ ТЖК басшылығы бұдан ары қарай «Атамекен» ҰКП арқылы әріптестік орнату, мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастықты дамыту және өзара әрекеттестік құру  шаралары бойынша бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев мықты бизнесті табысты дамытқанда ғана мемлекеттің дамуы мүмкін екенін айтып, кездесуді түйіндеді.

Назгүл Әбжекенова 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер