«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұр-Сұлтанда талапты бұзған сауда орталықтары Ashyq-тан 2 айға шығарылады

2021 жылғы 23 Шілде
- Астана қаласы
4151 просмотров

Елордалық сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері қалада толық локдаун енгізілуіне жол бермеу мақсатында Ashyq жобасы шеңберінде жұмыс істеуге дайын.

Күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бизнес субъектілерінің жұмыс істеу жолдары Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, елорда әкімдігі басшылығы, сондай-ақ СОО және сауда үйлері өкілдерінің қатысуымен zoom-конференция барысында талқыланды.

Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов онлайн конференция барысында бұған дейін «Атамакен» республика Үкіметіне Ashyq қосымшасын барлық жерде енгізуді қоса алғанда, бизнес жұмыс істеуінің бірнеше нұсқасын ұсынғанын атап өтті. Қазіргі уақытта сауда ойын-сауы қорталықтары және сауда үйлері жобаға өз еркімен қатыспақ, демек қатысушыларға берілетін артықшылықтардан айырылады. Алайда сауда үйлері және СОО иелері Ashyq шеңберінде жұмыс алгоритмін қамтамасыз етуге мүдделі.

 «Сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріне адам көп жиналатынын түсінеміз, көпшілік жиналған жерде коронавирус инфекциясының таралу қаупі жоғары. Осыған байланысты қауіпсіз жұмыс істеу, сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін сақтау мақсатында осы қызмет түрін жобаға қосу қажет деп санаймыз», – деді Алмат Жүнісов.

 Палата директоры сауда орталықтарының иелеріне жоба талаптарын қатаң ұстану қажеттігін ескертті, егер келушілерді нысанға кіреберісте тіркеп отырмаса нысан жобадан екі аптаға шығарылады, бұзушылық қайталанса 2 айға шеттетіледі. Ashyq  жобасынан шығарылған нысандардың жұмыс уақыты айтарлықтай қысқарады.

 Өз кезегінде Санитарлық-эпидемиологиялық департаменті директорының орынбасары Айгүл Шағалтаева астанада бір апта ішінде күн сайын коронавирустық инфекцияның 1200-ден 1500-ге дейін жағдайы тіркелгенін хабарлады. Соңғы аптада 9934 COVID-19 жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы аптадан 37,5%-ға жоғары көрсеткіш. Айгүл Шағалтаеваның  айтуынша, талдау вирус таралуының негізгі ошақтары – адамдар көп жиналатын орындар, соның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары екенін көрсетті.

 «Ashyq қосымшасы арқылы үй карантинін бұзған күніне 200-ге дейін адам анықталады. Өзінің науқас екенін біле тұра олар көпшілік жиналатын орындарға баруды доғармайды. Демек, ауруды жұқтыру ықтималдығы өте жоғары. Қазіргі кезде карантин шараларын қатаңдату мәселесі қаралуда.  Біз шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмыс кестесі мен режиміне қосымша өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз. Барша халықты санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырамын», – деді Айгүл Шағалтаева.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер Ashyq жобасы шеңберіндегі жұмыс алгоритмін сақтауға және сауда ойын-сауық орталықтары және сауда үйлері өкілдері нысандардағы барлық кіру/шығу жолдарында келушілерді бақылауды қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер