Қарағандының табысты кәсіпкерлері Астанада марапатталды
Астанада өткен «Бастау» түлектері мен қатысушыларының форумында үздік бизнес-жоба иелері марапатталды және жүзеге асырудың қорытындысы талқыланды. Форум «Атамекен» ҚР ҰКП V Съезі аясында өтті.
Форумға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов 1,5 жыл ішінде «Бастау» жобасы қалыптасып, қатысушылар арасында танымал болғанын атап өтті. Мыңдаған адамдар білім алып, жеке кәсіп ашып, бизнесмендердің қатарын толықтырды.
Форум аясында «Бастау» түлектері мен қатысушыларының арасындағы 2017 жылдың 30 үздік бизнес-жобасының авторлары марапатталды. Олардың қатарында Қарағанды облысының үш кәсіпкері бар.
Үздіктер қатарында Қарқаралы ауданының тұрғыны Меруерт Шайкенованың есімі аталды. Медициналық мекемеде фармацевт болып 7 жыл жұмыс істегеннен кейін «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен білім алу үшін партаға отырған ол кәсіпкерлік негіздерінен сабақ алды. Бизнесін жүзеге асыру үшін дәріхана құрылысы мен жабдық сатып алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 4 млн теңге сомасында шағын несие алды. Жобаның құны 15 млн теңге, бұған өзінің қаржысы мен қарыз ақша кіреді. Білім аса қажет дейді іскер ханым, енді ол Қарқаралыда тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханның иесі, онда 4 адам жұмыс істейді.
«Бастаудың» тағы бір үздік қатысушысы Шетпе ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны 25 жастағы Қазыбек Уақасов. Ол маркетингтік стратегия мен табысты сату маңын игерді. Соңында комиссия алдында жобасын қорғап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 6 400 000 теңге сомасында несие алып, «Аюлы» қонақүй кешенінің құрылысын бастады.
«Қонақүй құрылысы ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру және бизнесті дамытуды қамтамасыз етуге арналған. Инвестициялық капиталдың жалпы құны 14 200 000 теңге. Қонаүйде келушілер үшін толық қызмет көсрету жоспарланған. Барлығы да клиенттер үшін жасалады», - дейді жас кәсіпкер Қазыбек Мақсатұлы.
Осакаровка ауданы Молодежный ауылының тұрғыны Ержан Мүслімов бизнес ашқанға дейін құрылыс саласында 6 жыл жұмыс істеген, әрдайым кәсіпкерлікпен айналысуды қалаған. Кәсіпкерлік негіздерін оқығаннан кейін, 3 900 000 теңге сомасында несие алды. Бизнесі ірі қара малын өсіруге арналған. Екі ай ішінде 19 бас мал сатып алып, 670 мыңға жем алды, бір адамды жұмысқа орналастырды. Желтоқсан айында бизнесі іске қосылды.
Естелік мүсінше мен грамотаны «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, кәсіпкер-меценат Жақсылық Үшкемпіров табыстады.
2017 жылы Қарағанды облысының 1313 тұрғыны жобаға қатысты, 361 тыңдаушы бизнес идеяны қорғады. Жоба Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Жаңа арқа, Осакаровка, Шет аудандарында өтті. 2018 жылдан бастап Абай, Ұлытау аудандары қосылды.
Еске салсақ, «Бастау» жобасының мақсаты –кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қатыстыра отырып, ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін дамыту.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: