«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астана қаласының Өңірлік кеңесінің Қарағанды облысына жұмыс сапары: тәжірибе алмасу және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары

2025 жылғы 28 Шілде
- Қарағанды облысы
406 просмотров

Қарағанды облысында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерінің жұмыс сапары өтті. Сапардың мақсаты – өңірдің өндірістік әлеуетімен танысу, бизнесті қолдау тәжірибесімен алмасу және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту.

Делегация құрамында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев, директордың орынбасары Данияр Калымов, салалық даму бөлімінің басшысы Әділхан Әжібаев, Өңірлік кеңес төрағасы Александр Подвалов («AG Tech» ЖШС), Берік Медянов («СтальЦинк» ЖШС), Нұрлан Нұрмағамбетов («Асем» базары), Вячеслав Лазарев («Renome» ЖШС), Сәкен Ешмуратов («KORGAN» заң компаниясы ЖШС) болды.
Сапардың алғашқы нысаны – Бұқар жырау ауданындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы болды. Мұнда делегация Polymet Solutions Corporation компаниясының қызметімен танысып, өндірістік қуаттылығы, негізгі технологиялары және экспорттық бағыттары туралы ақпарат алды.

Келесі бағыт – «Сантехпром» зауыты. Кәсіпорын басшылығы өндірістік үдерістер мен өнім желісін кеңейту шараларын таныстырды. Зауыттың бас директоры Владимир Крючков ішкі нарықтағы позицияны нығайту және өндіріс көлемін ұлғайту жоспары туралы хабарлады.

Сапар барысында делегация Қарағандыдағы «Террикон алқабы» жобасына да назар аударды. Жоба директоры Сабыр Ниязовтың таныстырылымында технологиялық бизнесті дамыту, креативті индустрияны ілгерілету және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру мәселелері қамтылды.

Сапардың қорытынды кезеңі Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында өтті. Мұнда екі өңірдің Өңірлік кеңестері бірлескен отырыс өткізді.

Қатысушыларды Астана қаласының Өңірлік кеңесі төрағасы Александр Подвалов пен Қарағанды облысының Өңірлік кеңесі төрағасы Владимир Алескеров құттықтады.

«Қарағандылық әріптестерімізге мазмұнды әрі тығыз бағдарлама үшін алғыс айтамыз. Өңір кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі тәсіл ұсынып отыр. Ынтымақтастық жалғасатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта басқа өңірлерге де іссапарлар жоспарлап отырмыз. Қарағанды делегациясын Астанаға жауап сапармен шақырамыз, – деді Александр Подвалов.

Жиын барысында Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын таныстырды. Ол салалық кеңестерді дамыту, цифрлық сервистерді енгізу және жүйе құраушы кәсіпорындармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.

Тараптар өңіраралық күш-жігерді үйлестіру қажеттігін атап өтіп, үздік тәжірибелермен алмасуды жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Кездесу қатысушылары бизнес дамуына бағытталған өңіраралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, екі өңір кәсіпкерлері арасындағы практикалық ынтымақтастық жөнінде уағдаласты.

– Біз ашық диалог форматтарын қолдаймыз. Өзара сапарлар – іскерлік байланысты нығайтудың нақты құралы. Астаналық әріптестердің шақыруы қабылданды, – деп түйіндеді Владимир Алескеров.

Сапар қорытындысы бойынша екі өңірдің кәсіпкерлері өндірістік, сервистік және жобалық бағыттарда ынтымақтастық орнатуға келісті. Бірлескен бастамаларды жүзеге асыру және серіктестік жобалар аясында тәжірибе алмасу жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер