«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен»: Такси нарығын монополиялау әлеуметтік келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін

2017 жылғы 16 Қаңтар
6915 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тек бір өңірдегі такси жүргізушілеріне лицензия беру, ел Конституциясына қайшы деп санайды

Ұлттық экономика министрлігінде Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшы топ отырысында, Астана қаласы аумағында жолаушы және жүк тасымалы қызметімен айналысу мақсатында берілетін лицензияны енгізу мәселесі талқыланды.  

Айта кетер жайт, аталған жиынның  өткізілуіне Астана қаласы әкімдігі тікелей мұрындық болып, әкімдіктің атынан шараға «Астана LRT» ЖШС өкілі Талғат Ардан қатысты. 

Реттеуші әсер ету сараптамасына (РӘС) сәйкес, лицензияны алу реті келесідей екен: такси операторы әкімдік басқаратын көлікті жалға алу, оқыту және диспетчерлік қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасайды. Одан кейін, жүргізушілерді Көлік біліктілігі орталығына оқытуға жөнелтеді екен. (Бұл ретте, сарапшы топ мүшесі, «Атамекен» ҚР ҰКП Өзін-өзі реттеу және заңнама департаментінің директоры Айжан Бижанованың айтуынша, бүгінде мұндай орталықтар жоқ, сол себепті, бұл мақсатта әкімдік жанынан водомствоішкілік мекеме құру туралы ұсыныс айтылуда). Сосын такси операторы/ЖК (жеке кәсіпкер) Жолаушылар көлігі басқармасымен тағы бір, такси қызметін атқаруға рұқсат беретін келісімшартқа отырып, такси саласында қызмет көрсетуге құқық беретін лицензия алатын көрінеді. Бұдан кейін, Астана LRT (сарапшы топ отырысында жобаны таныстырған, әкімдіктің ведомствоішкілік компаниясы) лицензияға сүйене отырып, көлікті диспетчерлік қызмет пен тапсырыстар жүйесіне қосып, такси-көлікті жалға алушыға береді екен. «Осылайша, әкімдік, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кәсіпкерлік саласында, бәсекеге қабілетті ортадағы  такси қызметі саласында бірыңғай тарифпен жұмыс істеп келе жатқан, кәсіпкерлік қызметті монополиялап, бір мемлекеттік диспетчер құрғалы отыр (Астана LRT ЖШС базасында). Сөйтіп, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, аталған компания сатып алатын көлікті жалға беріп, осы арқылы, сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдау қызметі арқылы табыс таппақ», – дейді Айжан Бижанова.

ҰКП өкілі атап өткендей, «Атамекен» мәселенің бұлай шешілгенін оң санап отырған жоқ. «Біріншіден, Конституцияға сәйкес, Қазақстан унитарлы мемлекет болып табылады. Сәйкесінше, бір өңірдегі кәсіпкерлік қызметті лицензиялау арқылы, сіздер елдің Ата заңына қайшы әрекет етіп отырсыздар. Елорданың ерекше мәртебесі қаланы қыржыландыру ерекшеліктерін ескеруге, инфрақұрылымдардың қарқынды дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда, кәсіпкерлерді олардың қызмет ету өңіріне байланысты, әркелкі құқықтық тәртіпке мәжбүрлемеу керек.

Екіншіден, жаңа көліктерді сатып алу есебінен,  шаһарды толығымен такси қызметімен қамтамасыз ету қиынға соқпақ. Сәйкесінше, ол қызмет тапшылығының орын алуына әкеп соқтырып, бағаның бірнеше есе өсуіне апарып соқтырады.

Үшіншіден, әкімдік мәліметіне сәйкес, заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысу көрсеткіші 90%-ды көрсетіп отыр. Осынша мөлшердегі (ақпарат қайта тексеруді қажет етеді), заңсыз такси қызметімен айналысатын тұлғаларды қызметінен айыру әлеуметтік келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін. 

Төртіншіден, нарықтың заңды қатысушылары, аталған нарықта қалған күннің өзінде, әкімдіктен жалға алатын көлікті қолданатын жүргізушілердің, қаржылық жағдайымен тең болмауы салдарынан, бәсекеге қабілеттілік деңгейінен айырылатын болады», – деп атап өтті Айжан Бижанова. 

Бұл ретте, оның айтуынша, «ҰКП мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасы мәселесіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарап, такси қызметінің сапасын арттыруға байланысты кез-келген шараларды енгізуге қос қолдап қолдау көрсетпек».

ҰКП департамент директорының айтуынша, аталған процесс міндетті түрде ерікті болуы шарт.  «Әкімдік ұсынып отырғандай, таксилердің түр-түсі мен сыртқы «келбетінің» бірыңғай болу талабын енгізейік. Алайда,  білмейтіндер болса, тағы бір мәрте айта кетейін, біркелкі түс болу талабы қолданыстағы заңда да қарастырылған. Сол сияқты, жеңілдігі бар сақтандыру процесіне, «EXPO-2017» көрмесі нысандарына және көпшілік шараларға қатысуға, «BusLane» белгіленген жолағымен жүру мен TAXI көліктеріне арналған мамандандырылған тұрақтарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, көлік несиесіне қатысты жеңілдігі бар талаптарды  да қарастырайық. Алайда, өтініш, аталған шаралардың барлығын тек заңды нарық қатысушыларына қатысты болса дейміз. Кәсіпкерлер әкімдік ұсынатын жеңілдіктерді көргеннен кейін, өздері-ақ, аталған жеңілдіктерге қол жеткізу үшін, кезекке тұрып, әкімдік қойып отырған барлық талаптарды орындайтын болады», – деп өз пікірін білдірді А.Бижанова.

Ал, көрсетілетін қызмет сапасына қатысты талаптардың қандай болу қажеттігі туралы мәселе, ол «бөлек әңгіме» деді ол. 

ҰКП өкілі түсіндіріп өткендей, елорданың автокөлік арқылы жолаушылар және жүк тасымалдау Ережесіне сәйкес, такси-автокөліктермен жолаушылар және жүк тасымалымен шұғылдануға, шаһарда жолаушылар және жүк тасымалы қызметін көрсетуге елорданың көлік органымен келісімшарт жасаған заңды тұлғалар мен ЖК-лерге ғана рұқсат етіледі.

Бұл ретте, ҰКП атап өткендей, тасымалдаушыларда тапсырыстарды қабылдау және оларды өткізу үшін, диспетчерлік қызмет болуы тиіс немесе диспетчерлік сүйемелдеу үшін, диспетчерлік қызмет келісімшарты болуы керек. Ал, тапсырыстарды қабылдауға қатысты диспетчерлік қызметтер, елорданың көлік органы реестрінде тіркелуі керек. Сол сияқты автокөлік-таксилер: елорданың көлік органы бекіткен, сыртқы түрі бойынша біркелкі түсте болуы шарт; салық органдары бекіткен тәртіппен тіркелген және ішкі бөлшектерінде ақаулары жоқ таксометрмен жабдықталуы тиіс; диспетчерлік қызмет радиомен немесе өзге де байланыс түрімен жабдықталуы қажет; елорданың Ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасында тіркелген болуы тиіс; ҚР заңдарымен бекітілген ретпен (2007 жылдың 8 қарашасындағы №1061 ҚР ЖҚЕ) тоқсан сайын мемлекеттік техникалық тексерістен өтуі керек.

«Аталған талаптардың бәрі заңда қарастырылған, енді осы қолданыстағы заңды одан әрі күшейтудің не қажеті бар? Менің ойымша, бәрі бұрынғыдай қалуы керек. Ал, такси жүргізушілерінің дені неліктен осы талаптарды сақтамайды деген сауалға келер болсақ, ол әрине, басқа мәселе (әкімдіктің ақпараты бойынша). Менің ойымша, бұл мәселеге аталған саланы бақылайтын өкілетті орган – әкімдік жауапты болуы тиіс. Мұндай мәселенің туындауының басты себебі – мемлекеттің реттеудің жеткіліксіз деңгейде болуынан емес, керісінше, аталған талаптардың қайта қаралмағандығынан, олардың «шикілігінен» деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұған, аталған мәселенің тұтынушылар тарапынан орын алатын қоғамдық проблемалар мен кәсіпкерлердің немқұрайлығын қосыңыз», – деді Айжан Бижанова.

ҰКП өкілі, аталған нарық қатысушыларының кәсіпкерлік мәдениеті біртіндеп тасымалдаушылар қызметін жетілдіруге қатысты тың идеялардың тууына, тіпті, өзін-өзі реттеу институтының құрылуына да әкелуі мүмкін екенін айтады.

Айжан Бижанова Палата ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментімен бірге, лицензиялау процесін енгізбей-ақ, аталған саланың заңды қатысушыларына қолдау көрсетуге және оларды ынталандыруға бағытталған, әкімдікке жолданатын ұсыныстарды әзірлеу жұмыстарын  одан әрі жалғастыратынын жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер