«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Қызмет көрсету сапасы артып, мемлекет шығыны азаю керек»

2017 жылғы 04 Желтоқсан
9177 просмотров

Бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Елорда әкімі Әсет Исекешев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын талқылады

Кездесу барысында мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланыстың жаңа мүмкіндіктерін, оның ішінде Астана қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруды талқылауға басымдық берілді.

 Айта кетелік, 2017 жылы Кәсіпкерлер палатасы елорда әкімдігімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға қатысты 21 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспарын жүзеге асырды. Сәулет және қала құрылысы, салық салу, тариф және туризм саласындағы, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдау мәселелерімен жұмыс істелді.

 «Астананың бизнес-ахуалын жақсартуда «Атамекен» мен қала әкімдігінің бірлескен жұмыстары көп. Астанада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  бойынша түрлі салаларды қарастырмақпыз. Бұл үдерісті жақсарту үшін жобаға екінші деңгейлі банктер тартылатын болады. Бүгінде жасалған іске қосылған жобаларға сараптама жасадық, олар негізінен білім беру саласына негізделген. Ал келешекте барлық салаларды қарастырмақпыз», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысының айтуынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруда жоба қатысушылары – қызметкерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттары негізінде қайта оқыту бағдарламалары қажет.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруда қызмет көрсету сапасы жоғарылап, мемлекет шығындары азаюы тиіс. Әрине, бір қарағанда, теориялық жағынан алсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шығынды көбейтуі мүмкін. Біздің міндетіміз мұндай жобаларды тиімді ету. Мемлекеттік шығындар көбеймеу керек. Бұл біз қозғамақ негізгі сұрақтар болып отыр», – деді Төралқа Төрағасы.   

Өз кезегінде Астана әкімі Әсет Исекешев елордада бизнестің тұрақты дамуына, жалпы қаланың экономикалық ахуалына жасалып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі шолу жасады.

«Бүгін қала тұрғындары, салық төлеушілер алдында есеп беруге тамаша мүмкіндік туып отыр. Астанада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Биыл Астана төрінде Экспо-2017 халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өтті. «Атамекен» мен Астана әкімдігі арасында тығыз байланыс орнаған.  Жылдың басынан жалпы мемлекет бойынша ШОК субъектілерімен 8,6 трлн теңге көлемінде өнім шығарылды, оның 20%-ы Астанаға тиесілі. Астана Жалпы өңірлік өнімде шағын және орта бизнес үлесі бойынша көш бастап тұр, бұл көрсеткіш 47%-дан 57,4%-ға өсіп, 11,4%-ға артты. Соңғы он ай ішінде Астанада биыл 11 мың жаңа кәсіпкер тіркелген, бұ былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Еңбекке жарамды тұрғындардың 60%-дан астамы шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейді», – деді әкім.  

Жалпы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бүгінде елордадағы бизнес-ахуал Қазақстанның өзге өңірлеріне үлгі болып отыр. Астана кәсіпкерлерді қолдау бойынша көш басында тұр. Мұның бәрі әкімдікпен бизнес-қоғамдастықтың тығыз өзара байланысының арқасында. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер