«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан-Ресей: дамудың даңғыл жолында

2016 жылғы 04 Қазан
9086 просмотров

Екі елдегі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыта отырып, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға алғышарт жасауға болады

Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен «Бизнес қажеттіліктерін тиімді қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистикалық кешенін дамыту» атты панельдік сессияда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті.

Оның айтуынша, «Атамекен» ҚР ҰКП әкімшілік кедергілерді және ЕАЭО аумағындағы көлік-логистикалық операциялар барысындағы шектеулерді тұрақты түрде жоюда.

«Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстан мен Ресей экономикалық және саяси қатынастарда стратегиялық әріптес болып саналады. Қазақстанның географиялық орналасуын, құрлықтағы тауар ағынының бағыты мен көлемін ескере отырып, Елбасы 2011 жылы Қазақстанды еуразиялық іскерлік және транзиттік хабқа айналдыру, жаһандық инфрақұрылымдық интеграция құру және «Ұы жібек жолын» жандандыру туралы стратегиялық бастама көтерген еді. Елбасының Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің көпірі ретіндегі тарихи рөлін қайта қалпына келтіру жөніндегі идеясы Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасымен үйлеседі», – деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

Ол, сондай-ақ, инфрақұрылымдық даму Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылғы жаңа «Нұрлы жол» атты экономикалық саясатының өзегі екендігін де айтып өтті.

 «Нұрлы жол» аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бүгінгі таңда инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруда, бұл жалпы трансқазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттырады.

Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (ҚР бойынша ұзындығы – 2787 шақырым) халықаралық көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы автожол бөлігінің құрылысы табысты аяқталып келеді.

«Елдеріміздегі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыта отырып, біз Қазақстан мен Ресей арасындағы, жалпы алғанда еуразиялық құрлықтағы мемлекеттер арасындағы тауар айналымын арттыруға алғышарт жасаймыз. Бұған мысал – Қазақстан және Ресей аумағы арқылы өтетін ҚХР-Еуропа-ҚХР бағытындағы контейнерлік сервисті ұйымдастыру», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаев атап өткендей, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның мемлекеттік органдарымен біріге отырып, әкімшілік кедергілер мен ЕАЭО аумағындағы көлік-логистикалық операциялардағы шектеулерді жою бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп тұрады. «Алайда, жекелеген кедергілердің жойылғанына қарамастан, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық қызметке қатысушылары солардың кейбіріне қайта кезігіп жатады», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Оған қоса, ол «соның өзінде біз ортақ Қазақстан-Ресей кәсіпорындарын құрдық (темір жолы көлігі – «Көліктік-логистикалық компаниялар бірлестігі» АҚ, автомобиль көлігі – 3 кәсіпорын), бұл сауда қатынастарын дамытуда айтарлықтай маңызды» екенін де айтып өтті.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы теңіздегі ішкі жүк айналымының көрсеткіштері де жақсарып келеді (2015 жылы 94,2 мың тонна, 2016 жылдың 9 айында 127,3 мың тонна).

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік саласындағы жан-жақты әріптестікке дайын екенін айтқан Нұржан Әлтаев, ресейлік бизнес-қауымдастықты Қазақстан аумағында ортақ жобаларды іске асыруға шақырды.

«Ресей темір жолдары» ЖШҚ вице-президенті Салман Бабаев өз баяндамасында «Азия – Еуропа» халықаралық көлік дәлізін дамытуға назар аударды. Ол Қазақстан мен Ресейдің Азия – Еуропа құрлық көпірінің тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы жылы Қытайдан Қазақстан арқылы, Еуропадан Қазақстанға транзиттік тасымалдар өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өскен. Бұл бұдан ары қарай да дами бермек. «Біртұтас көліктік-экономикалық кеңістіктің еуроазиялық көлік дәлізін құру трансқұрлықтық темір жол байланыстарының транзиттік әлеуеті үшін серпін бермек», – деді ол.

Талқылау барысында қазақстандық тарап өткен жылдың күзіндегі ресейлік өткізу бекеттеріне жаңа «Платон» жүйесін енгізу мәселесін сөз етті. Аталған жүйе Ресейдің де, Қазақстанның да автотасымалдаушыларының наразылығын тудырған еді. РФ Федералды жол агенттігінің басшысы Роман Старовойт атап өткендей, ол бүгінгі таңда табысты жұмыс істеп тұр, күн сайын федералды қорға ақшалай қаржы түсіп тұрады, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 13,5 млрд рубль түскен, ол қаржы автомобиль жолдарын салу, жөндеу және қайта құрылымдауға байланысты басты мәселелерді шешуге бағытталған. «Бұл жүйе ақылы жолдарды қоспағанда, Ресей аумағындағы барлық 50 мың шақырымдық федералдық трассаға таралады. Бұл жүйенің негізінде «Қолданушы төлейді» деген қағида жатыр. Соған сәйкес, бизнес өз әрекеті үшін тікелей жауапкершілік алып, мемлекеттік инфрақұрылымға келтірген шығынның орнын толтырады. Ғылыми мәліметтер бойынша, салмағы 12 мың тоннадан асатын бір жүк көлігінің жол жабындысына тигізетін әсері 40 мың жеңіл көліктің жүру әсеріне тең», – деді Р.Старовойт. Оның айтуынша, төлем алу жүйесінің мәні мынада, салмағы 12 мың тоннадан асатын әрбір жүк көлігі ГЛОНАСС GPS технологиясының көмегімен жүріп өткен қашықтықты анықтайтын арнайы борттық құрылғымен жабдықталуы тиіс, ал тоқтаусыз режимде ақы төлеу талап етіледі. «Мұны тұрақты және мобильді бақылау жүйесі қадағалып отырады, барлық мәліметтер мониторингті басқару орталығына жиналады, ондағы толық мәліметтер тәулік бойы ақпараттық қолдау орталықтарындағы пайдаланушыларға қолжетімді. Еуразияның бұдан да үлкен автокөлік дәліздерін құру және дамыту жол бойындағы елдерге тауарлар мен қызмет түрлерінің қозғалысынан пайда түсіруге мүмкіндік береді, Азия мен Еуропаны байланыстырып жатқан құрлық жолдары экономикалық жағынан икемдірек бола түседі. Аталған жолдардың тағы бір артықшылығы осы көлік дәлізі өтетін елдердің көліктік қолжетімділігін арттырады», – деп атап өтті Федералды жол агенттігінің басшысы.

Роман Старовойт қазақстандық әріптестеріне осындай жүйені өздеріне енгізу барысында барлық мүмкін деген тәуекелдерді егжей-тегжейлі талдауға кеңес берді. Ол өздері ескермеген қателікті де айтып өтті, яғни ел жеткілікті деңгейде бұл жүйеден хабардар болмаған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер