Экспорттың арттуына көлік тапшылығы кедергі – Райымбек Баталов
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасының Райымбек Баталов Қазақстандағы экспортты тежейтін негізгі факторларды атады. Оның айтуынша, қазіргі кезде отандық тауарларды шетелге шығаруға операциялық және іргелі факторлар әсер етеді.
Операциялық факторларға логистика, көлік тапшылығына байланысты мәселелер жатады. Іргелі факторлар қатарында тауардың өзіндік құнына байланысты мәселелер – шикізат, өнімділік, жабдық, адами капитал мәселелері бар.
Қазақстандық өндірушілер экспорттауда тасымалдау проблемасына жиі тап болады.
Қазіргі кезде экспорттық маршруттық бағыттардағы жылдамдық тәулігіне 200 км-ден аспайды. Ал қалыпты норматив – 550 км. Демек, жылдамдық екі есе аз. Содан вагондардың айналымы төмендеп, салдарынан вагондар тапшылығы туындайды.
«Жүктерді Қытайдан Еуропа мен Ресейге транзитпен тасымалдауға басымдық беріледі, бұл жайт отандық тауар өндірушілерді тең емес жағдайға қояды (транзитке тариф экспорттық тарифтен 2,5 есе жоғары). Бұл өзекті мәселе. Сондықтан экспорттаушылар үшін тасымалдауға қатысты мәселелер бірінші кезектегі түйткіл. Осы ретте квазимемлекеттік сектордың экономикалық мүддесі отандық кәсіпкерлерге зиян тигізбеуі тиіс», – деп санайды Райымбек Баталов Хабар24 арнасына берген сұхбатында.
ҰКП басшысы отандық бизнес теміржолға инвестиция салуға дайын екенін атап өтті.
«Көлік саласында, соның ішінде ҚТЖ-да «станциялық» мәселе көп екенін көріп тұрмыз. Көлік инфрақұрылымын дамыту қажет, соның ішінде «тар тораптарды» кеңейту керек. Қазіргі кезде Транскаспий халықаралық көлік бағыты геосаяси жағдай салдарынан өзекті маршрутқа айналды. Жеке бизнестің көлік инфрақұрылымына, оның ішінде Каспий маңы бағытына инвестиция салуға мүдделілігі бар. Мұның бәрі мемлекеттік қолдауды талап етеді – ұзақ мерзімді келісімшарттар, жеңілдікті тарифтік шарттар, кепілдіктер және өзге де шаралар қажет».
Райымбек Баталовтың айтуынша, «бір жылға емес, кем дегенде бес жылға» бірыңғай тасымалдау ережелерін әзірлеу қажеттілігі туды. Олар ашық әрі тұрақты болады. «Сонда ғана бәрі іске қосылады», – деп санайды ҰКП басшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: