«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тауарға ілеспе құжат ішкі нарықтан алынып тасталады

2023 жылғы 27 Қаңтар
9032 просмотров

Дереккөз: inbusiness.kz

 

ҚР Қаржы министрінің тиісті бұйрығының жобасы ашық НҚА порталында шықты. Құжатқа сәйкес тауарға ілеспе құжат осы жылдың 10 ақпанынан бастап ЕАЭО елдеріне экспорт/импорт кезінде, ал 1 сәуірден бастап акцизделетін өнімге (алкоголь өнімі, мұнай өнімдері) ғана қолданылады. Демек,  тауарға ілеспе құжат Қадағалану механизмі туралы келісім шеңберінде қадағалануға жататын тауарларға және ЕАЭО елдеріне экспорт, импорт кезінде тауарлардың жекелеген түрлеріне ғана жазылатын болады. Барлық басқа жағдайда тауарға ілеспе құжат жойылады.

Еске салсақ, өткен жылдың 30 желтоқсанында ҚР Қаржы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеу жөніндегі міндеттемелерді түбегейлі қайта қарау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Осылайша, екі ведомство 2023 жылдың 1 наурызына дейін тауарға ілеспе құжатты рәсімдеу жөніндегі міндеттемелерді қайта қарауды көздеп, бизнесті жүргізуде процесті адамдарға жеңілдету тұрғысынан әрекет етті.

«Бұған дейін біз Қаржы министрлігімен бірлесіп, тауарға ілеспе құжатты рәсімдеу бойынша міндеттемелерді 1 наурызға дейін түбегейлі қайта қараймыз деп уәде еттік. Сондықтан құжатты Қазақстан ішінде алып тастау – баршамыздың жеңісіміз. Бұл бухгалтерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысын жеңілдетеді. Кәсіпкерлер үшін есеп кезеңінде тауарға ілеспе құжат және виртуал қоймамен жұмыс істеу қиынға соғатын. Енді міне бизнес алаңсыз жұмыс істеп, әлеуетті басқа салаға жұмсай алатын болады», - деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

 Тауарларға ілеспе құжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жобаны 2020 жылы Мемлекеттік кірістер комитеті енгізген. Бұл механизм Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлардың айналымын бақылауға және елдегі көлеңкелі экономиканы төмендетуге мүмкіндік беруі керек еді. Алайда, жобаның қорытындысы тауарға ілеспе құжаттың жұмыс істеуі бойынша процестер жолға қойылмағанын, оны ресімдеу бойынша ақпараттық жүйе тұрақсыз жұмыс істейтінін, техникалық қателер бар екенін көрсетті.

 Осылайша тауарға ілеспе құжатты енгізу салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етпейді, кәсіпкерлік қызметті шектейді және бизнес пен мемлекеттің негізсіз шығындарына әкеп соғатын фискалдық әкімшілендіруді қиындатады.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер