«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда газ тарифтері көтеріле ме?

2016 жылғы 29 Маусым
- Атырау облысы
10743 просмотров

Өңірде газ тасымалдау тарифтерін көтеру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ

Тыңдадық, қаперге аламыз – «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының өтініші бойынша газ тасымалдау тарифтерін көтеру жөнінде Атырауда өткен қоғамдық тыңдаулардың қорытындысын шамамен осылай сипаттауға болады.

Оған облыс басшылығы, депутаттар, мемлекеттік органдар, қоғамдық  ұйымдар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық белсенділер мен тұрғындар қатысты.

Бұған дейін монополист Астанада қоғамдық тыңдаулар өткізуге ниеттенгенін еске саламыз, ал тариф Атырауға арналған. Бұл мән-жай кәсіпкерлер мен облыс тұрғындары тарапынан наразылық туғызды. Мәселені шешуге облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің облыстық департаменті және Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы кірісті. Соның нәтижесінде тыңдаулар Атырау қаласында  маусымда өтетін болды (бірақ, бірінші тыңдаулар 17 маусымда Астана қаласында өткен болатын).

Газды тасымалдау тарифтерін көтеру жоспарланған Бесжылдық инвестициялық бағдарламаның тұсаукесерінен кейін, қызу пікірталас басталып кетті.

Өңір тұрғындары тарифтің көтерілуіне өздерінің келіспейтінін айтты, бұл басқа коммуналдық қызметтер құнының да өсуіне әкеп соғатынын мәлімдеді.

Сонымен, мынадай ұсыныс жасалды – арнайы комиссия құру және оған халық өкілдерін кіргізу, олар инвестициялық бағдарламаны іске асырудың қаншалықты дұрыс екенін анықтауы тиіс.

Ал, монополистке тұрғындар арасында сапалы түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды, себебі тарифті көтеру туралы шешімді көпшілік қате санайды. Тыңдауға қатысушылар осы кезеңде тарифті өсіруге мораторий жариялау керектігін айтты.

Қоғамдық бірлестіктер өкілдері тұрғындардың мүддесіне қайшы келетін инвестициялық бағдарламаны іске асыруға болмайды деп санайды, монополист бұл мақсаттар үшін демеушілер тартуы тиіс. «Сіздің кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі қайда, халыққа онсыз да қазір оңай емес, сіздер қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызып жатсыздар!», – деп дауыс көтерді азаматтық белсенділер.

Тыңдаулардың қорытындысын шығара келе, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев соңғы шешім әлі қабылданбағанын атап айтты. Бүгін айтылған барлық ұсыныстар тарифті бекіту кезінде назарға алынатын болады.

«Аталмыш мәселе бойынша әкімдік тарапынан көп жұмыс атқарылды, біз бәріміз оның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Бірақ, бағдарламаны таныстыру кезінде айтылғандай, құбырлардың басым бөлігі тозған және қайта жөндеуді талап етеді. Сол себепті тарифті көтеруден мүлдем бас тарта алмаймыз. Бұл кейіннен газ құбырында төтенше жағдай болмас үшін тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Алайда, тұтынушыларға түсетін жүктемені азайту мақсатында біз газбен қамтудың жаңа  объектілерін салуға облыстық бюджет қаражатынан 2,5 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Яғни, осы мақсатпен инвестициялық бағдарламаға салынған соманы біз жабамыз, соның нәтижесінде ескі құбырларды жаңартуға және қайта жөндеуге кететін шығындар ғана қалады», – деді Ғұмар Дүйсембаев.

Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиевтің пікірінше, егер монополист тұрғындарға тарифтерді көтерудің себептері мен мақсатын ашық көрсетіп түсіндіргенде мұндай қызу пікірталастар, бәлкім, болмас та еді. Дегенмен, Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның жергілікті филиалы арасындағы меморандумға қол қойылған сәттен бері бизнестің мәселелерін шешу тұрғысында оң үрдістер байқалды. Соның өзінде аталған монополистің транспарентті болмауына байланысты проблема жүйелі сипат алған күйінде қалып отыр.

Газ тасымалдауға арналған жаңа тарифтерді енгізу биылғы жылғы қыркүйектен бастау көзделгенін атап айтқан жөн. Жуырда Табиғи монполияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің облыстық департаментінде сарапшылық кеңестің отырысы өтеді, онда тағы да монополистің инвестициялық бағдарламасы қаралып, жоғарыда айтылған ескертпелер мен ұсыныстар ескерілетін болады. 


Ұқсас жаңалықтар:

Таңертең – газ, кешке – ақша
21 Желтоқсан
2016
Атырау облысы
Атыраудағы алтын тариф
1 Қыркүйек
2015
Атырау облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер