«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атыраудағы тарифтің тағдыры Астанада шешілмек

2016 жылғы 07 Маусым
- Атырау облысы
13041 просмотров

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы газ тасымалдау тарифін қымбаттатпақ

Жағдай шын мәнінде әдеттен тыс болып тұр. Монополист компанияның өтінімі 17 маусымда Астанада өтетін қоғамдық тыңдалымда қаралмақ. Оған қатысу үшін атыраулықтар елордаға қарай жолға шығулары қажет.

Егер газбен жабдықтаушы ұйымның өтінімі қанағаттандырылса, Атырауда табиғи газдың бағасы бірнеше есе қымбаттайды. Бұған қарапайым халық та, кәсіпкерлер де наразылық танытып отыр. Кәсіпкерлердің аталған монополистке қатысты мәселелері аз емес екенін ескерсек, бұл тағы да бизнестің дамуына кері әсерін тигізбек. Бизнесмендер кәсіпорынның жабықтығына, жиі жүргізілетін кәсіби-техникалық қызмет көрсету рәсімдеріне шағымдануда, оның үстіне атқарылған жұмыс сапасы да көңілдерінен шықпайды, көктемдегі газ құрылғыларын мөрлеуге 100%-дық үстеме ақы төлеу қажеттігі де, техникалық шарттарды беру рәсімінің тым қымбаттығы да қынжылтып отыр.

Осыған байланысты Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының директоры, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық қорының төрағасы Асылбек Жәкиев парияның облыстық филиалы ғимаратында ашық қоғамдық тыңдалым өткізу туралы бастама көтерді. Оған қалалық, облыстық мәслихаттың депуттатары, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері мен қоғамдық бірлестік жетекшілері және БАҚ қатысты.

Кеңес отырысына шақырылған «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Атыраудағы өндірістік филиалының директоры Мақсұт Әбуов тарифтің кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде қарастырылған жұмыстардың ауқымдылығына қарай қымбаттатылатынын айтып өтті. Алайда ол қанша қаражаттың қайда жұмсалатынын нақты түсіндіріп бере алмады.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2016-2020 жылдарға арналған газ тарататын құбырларды қайта қалпына келтіру және атыраулық өндірістік филиалдың әрекет етуші активтерін қолдау жөніндегі инвестициялық бағдарламасын әзірлеп, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің қарауына жіберді. Кәсіпорын 2013 жылдың 1 шілдесінде газ тасымалдауға мың текше метрге 1269,32 54 теңге көлеміндегі (баға ҚҚС-сыз көрсетілген) тарифті бекітті. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау өндірістік филиалында газ тасымалдауға мың текше метрге 1266,54 теңге көлеміндегі өтемдік тариф белгіленген. Өтінімде біз газ тасымалдауға орташа өлшемді тариф 4 жылдың ішінде мың текше метрге 5701,42 теңге, яғни әрекет етуші тарифтен 4,5 есе көбірек болуы қажет екенін көрсеттік», – дейді монополист кәсіпорынның өкілі.

Алайда жиынға қатысушылар монополист кәсіпорынның жеке өндірістік базасын халықтың арқасында жақсартып алмақ ниетіне қарсы. Олар экономикалық жағдай күрделі болып тұрған шақта тарифті қымбаттату орынсыз деп есептейді. Оған қоса, олар ішкі оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп, аталған мақсатқа өздерінен қаражат шығаруға кеңес беріп отыр.

«Газдың тарифі ғана көтерілмейді, оған қоса жылу бағасы да қымбаттатылады. Қазір бізде су газдың жылуы арқылы қайнатылады. Сонымен бірге электр қуаты да пайдаланылады. Өнім шығару тікелей электр энергиясына, су мен газға тәуелді», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшесі Әділ Жұбанов.

Оның сөзіне дәлел ретінде «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахманов мынадай мәлімет келтірді. 23 жылдан бері Атырау жылу электр орталығы ілеспе газды «Теңізшевройл» компаниясынан тікелей сатып алып отыр. Алайда біраз уақыттан бері мынандай жағдай орын алыпты. Енді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газды «Теңізшевройл» компаниясынан сатып алып, кейін оны ЖЭО-ға қайта сатпақ.

«Бұл тағы да жабдықтау үстемесі, құжаттар мен басқа да шығындар. Яғни, енді біз үшін газ қымбатырақ болады. Оған қоса, «Интергаз Орталық Азия» торапты желілердегі газ тасымалдауды 14 еседей қымбаттатпақ деген ақпар тарауда, «ҚазТрансГазАймақ» монополиялық ұйымы да тарифті 4,5 есе көтеруді сұрап отыр», – дейді ЖЭО басшысы.

Айбар Рахмановтың айтуынша, Атырау ЖЭО жылына 712 миллион текше метр отын жағады екен. Сондықтан да газ бағасы көтерілісімен, олардың шығыны бірнеше есе өсіп кетпек. Өйткені жылу электр орталығының 100 пайыз шығынының 60 пайызы отын құнын төлеуге жұмсалады.

«Отын бағасы қыматтаса, бұл бірден кәсіпорынның барлық ахуалына әсер етеді және осыған сәйкес, электр және жылу энергиясының тарифі қымбаттайды. Қосымша есептеулер көрсетіп отырғандай, егер баға осы деңгейге дейін қымбаттаса, онда жылу энергиясы 1,5 есе, ал электр энергиясы 2 есе өседі. Әр тарифтің өз шегі бар, содан төлем қабілетсіздігі туындайды. Оның артынан барлығының бағасы қымбаттамай ма, соның ішінде азық-түлік өнімдері де бар», – дейді Айбар Рахманов. Оған қоса, мәселені  25 мамырда Астанада өткен Энергетика министрлігінің алқа отырысында ортаға салғанын айтып өтті.

Қоғамдық кеңеске қатысушылар халық пен бизнес үшін маңызы зор мәселенің Астанада қаралатындығына наразалықтарын білдірді. Бұл жайтты газбен жабдықтаушы ұйымның өкілі жағдайды былайша түсіндірді.

«Қоғамдық тыңдалымды өткізу тәртібі Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы наурыздағы бұйрығымен бекітілген Ережеде көрсетілген.  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөлігіне енгізілген. Мұндай субъектілерді бақылаумен тікелей Астанада орналасқан  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті айналысады. 10 тармақшаға сәйкес, тыңдалым өкілетті орган ведомствосы белгілеген орында, кедергісіз кіруді қамтамасыз ете отырып өткізіледі», – деп атап өтті Мақсұт Әбуов.

Жиын модераторы Асылбек Жәкиев осы мәселеге қатысты арызды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратына, ҚР Парламент мәжілісіне, Ұлттық экономика министрлігіне және облыс басшылығына жіберуге ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ, сол жерде тарифті көтеруге дәйекті дәлелдер келтіру үшін монополист компанияның бас кеңсесінің басшылығын Атырауға шақыруға кеңес берілді. Одан бөлек, аталған мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының жақында өтетін жиынында да қаралады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер