Атырауда Индонезия делегациясымен ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында Индонезия Республикасы делегациясымен кездесу өтті. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, құрметті доктор мырза Мохамад Фаджроэль Рахман және елшілік қызметкері ханым Елена Рогозина болды.
Кездесудің негізгі мақсаты — Индонезия мен Қазақстан арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын, әсіресе, энергетика, сауда және инвестицияларды ілгерілету салаларындағы әріптестік мүмкіндіктерін талқылау болды. Сондай-ақ, Индонезия мен Атырау облысы арасындағы импорт пен экспорт мәселелері қарастырылды.
Индонезия Елшісі Мохамад Фаджроэль Рахманның айтуынша, Атырау облысы Қазақстанның мұнай-газ саласында маңызды рөл атқарады.
«Индонезия мен Қазақстанның сауда қатынастары ежелден қалыптасқан. Біз Қазақстаннан болат пен түрлі қорытпаларды импорттаймыз, ал Индонезиядан LED-экрандар мен пальма майын экспорттаймыз. Индонезияда қазақстандық мұнайға үлкен қызығушылық бар. Мұнай өндірісінің негізгі бөлігі Атырауда шоғырланғаны белгілі. Сауда айналымының қомақты көлеміне қарамастан, біз мұнай және газ саласында қосымша ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырғымыз келеді», — деді Елші.
.jpg)
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нурия Шавалиева өңірдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
«Атырауда ірі мұнай-газ өндіруші компаниялар шоғырланған, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі осында орналасқан. Өңірде бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр, полипропилен өңдейтін ірі газ-химия кешені дамып келеді. Болашақта оның кеңейтілуі жоспарлануда. Нысан арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан, бұл инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік пен преференциялар береді», — деді ол.
Сонымен қатар, Нурия Шавалиева қонақтарға шағын және орта бизнесті дамыту, атап айтқанда, қолөнер мен жеңіл өнеркәсіп саласында ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бағыттар екі ел кәсіпкерлері арасында тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды дамыту үшін зор әлеуетке ие.
.jpg)
Кездесу соңында Кәсіпкерлер палатасының өкілдері екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және серіктестікті кеңейту мақсатында екіжақты бизнес-миссия ұйымдастыруды ұсынды.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Атырау облысы мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 9,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,3 есе көп. Өсім өңірден экспорт көлемінің артуына байланысты болды. 2025 жылдың тоғыз айында Атырау облысынан Индонезияға экспорт көлемі 9,3 млн АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 56,8 есе артық. Негізгі экспортталатын өнім — шикі немесе тазартылмаған күкірт. Индонезиядан Атырау облысына импорт көлемі 0,2 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есе азайды. Негізінен, тұтыну тауарлары — тоқыма бұйымдары, киім және аяқ киім импортталады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: