«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов «Атамекеннің» шағын несиелендіру бағдарламасы туралы баяндап берді

2016 жылғы 19 Мамыр
8403 просмотров

ҰКП Басқарма төрағасының айтуынша, Қызылордада 400 миллион теңге шағын несие берілген

Абылай Мырзахметов шағын несиелердің Алматы және Ақтөбе облыстарында да беріліп жатқандығын, келесі аптада бағдарламаның Маңғыстауда да жұмыс істей бастайтындығын айтты. «Бұл бастамасы ғана. Ауқымды жұмыс күтіп тұр, кәсіпкерлермен бір үстелге отыру қажет. Ұлттық компаниялардың атқаратын жұмысы көп екендігін түсінеміз, алайда отандық бизнесті қолдау қажет, соған шақырамыз. Жұмыс орындарын барынша сақтау, қазір экономиканың тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалды қамтамасыз етудің маңызы зор және компания басшылары мұны маңызды тапсырма деп түсінетіндіктеріне сенімдімін».

Абылай Мырзахметовтің сөзінше, несиелендіру бағдарламасы демеушілердің есебінен жүзеге асырылуда, алғаш болып қаржыландырған «Атамекеннің» Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев екен. «Бизнесмендеріміз несиені кімге беру, кімге бермеу керектігін өздері қарайды. Бұл әлеуметтік жағынан да дұрыс. Тіпті барлық облыстық филиалдардағы Өңірлік кеңестердің құрамына кіретін ірі бизнесмендердің барлығы өз өңірінің беделділері деуге болады, әрқайсы өз өңіріндегі кәсіпкерлерді іздеп, оқытып, сүйемелдеп отырады. Қызылордада шағын несиелендіру бойынша 61 жобаға 400 миллион теңге игерілді. Олардың айтуларынша, бұл несиелер 100 пайыз қайтарылуда», – деп атап өтті Мырзахметов.

Сонымен қатар, «Атамекеннің» Басқарма төрағасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен әріптестік шеңберінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында қаржылай емес қолдаудың барлық түрлері көрсетілетіндігін айтып өтті. Абылай Мырзахметов «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығын шағын несиелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды. «Егер «ҚТЖ» ауылдық кәсіпкерлікті жандандыруға демеушілік қаражат бөлуге дайын болса, біз оны осы бағдарлама аясында игеруге дайынбыз. «Атамекен» қаржы дағдарысы жағдайында бизнес пен билік арасында байланыстырушы топ ретінде қызмет етуге дайын шынайы қоғамдық күш екенін көрсетуді өзіне міндет тұтуда», – деп ойын қорытындылады ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер