«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұрсұлтан Назарбаев: «Егіс аумағын кеңейтіп қана қоймай, өнім сапасын да арттырғанымыз жөн»

2016 жылғы 19 Қыркүйек
- Жетісу облысы
9367 просмотров

Ол туралы Мемлекет басшысы Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесу барысында айтты. Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Елбасы Талдықорған қаласына жұмыс сапарымен барды.

Нұрсұлтан Назарбаев келген бетте Талдықорған әуежайын қайта жаңарту жұмысымен танысты. Өңір басшысы Амандық Баталов Президентке ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту жұмыстары, әуежайдың даму болашағы және облыстағы туризм инфрақұрылымы туралы баяндап берді.

Екінші маңызды кездесу Алматы облысының кәсіпкерлер қауымдастығымен өтті. Мемлекет басшысы, негізінен, Ескелді ауданындағы «Нам» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық қызылша өндірумен айналысады. Елбасының дәл осы нысанды аралауы кездейсоқ емес. Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын, облысты қайтадан еліміздегі жетекші қызылша өсіруші өңірге айналдыру үшін ауқымды жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Осы уақыт аралығында Көксу қант зауыты іске қосылып, Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қызылша өндірісінің дамуына Кәсіпкерлер палатасы да үлес қосып отыр. «Атамекен» ҰКП «Бизнес-аймақтар» атты шағын несиелеудің жаңа бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерде арзан несие беру қызметін іске қосты. 2-6 млн теңге сомасындағы несиенің көпшілігін қызылша өсіруші диқандар алды. Өйткені Несиелендіру комитеті бағдарламаның басты бағыты етіп осы саланы белгілеген.

Бүгінгі таңда өңірдегі қант қызылшасының егістік алқабы 6 500 га аумақты алып жатыр. Сондай-ақ, биыл облыс диқандары гектарынан 700 центнерден аса өнім жинауды жоспарлап отыр.

«Алматы облысы әрқашан да қант қызылшасымен, жүгері және алмасымен танымал болатын. Сол себепті осы өнімдердің аумағын кеңейтіп қана қоймай, сапасын да арттырғанымыз жөн. Республикамыздағы отандық қант өнімінің үлесі 10%. Бұл көрсеткішті ары қарай жоғарылатуға тиіспіз. Көксу және Ескелді аудандарындағы қан зауыттарын жаңартуды жалғастырып, Ақсу ауданындағы қант зауытының қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастау керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев электронды жер картасымен танысты. Жаңадан енгізілген картаның арқасында әрбір қазақстандық аймақтың егіншілік жағдайымен таныса алады. Ол шаруа қожалықтарға өз жер телімдерінің пайдалану тиімділігін қадағалауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы өңірді аралау барысында қазіргі таңда ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялау тәсілінің өзгергенін атап өтті. «Менің фермерлерге жолдаған барлық өтініштерімнің негізгі алғышарты еңбек өнімділігін субсиядиялау қажеттілігі болып табылады, яғни, қаражат түпкілікті өнім өндіруге бөлінетін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, ҚР Президенті, ауыл шаруашылығы техникасы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесін аралады. Соңында Мемлекет басшысы өңір диқандарымен тілдесіп, жұмыстарының ары қарай дамуына сәттілік тіледі.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Текелі тау-кен өңдеу кешенінің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына инновациялық технологияларды қолдана отырып, қайта балқытылған шойын алу арқылы темір кенін өндіру және өңдеу жөніндегі жобаның іске асырылу барысы баяндалды.

Одан кейін Мемлекет басшысы облыс орталығындағы, бір ай бұрын пайдалануға берілген, жаңа көпсалалы аурухананы аралайды. Сосын Н.Назарбаев Оқушылар сарайының және Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер