«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алтын іздеушілерге арналған заң

2016 жылғы 19 Мамыр
20571 просмотров

«Атамекен» Заң жобасы қызметі жөніндегі әдістемелік кеңесінің отырысында ҚР-ның «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» кодексінің жобасы қаралды

Кеңестің отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» кодексінің жобасын ғана емес, сонымен бірге соның аясында шешілуін талап етіп отырған жер қойнауын пайдаланудың жекелеген мәселелері де талқыланды.

Сонымен, отырыста табылған қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу жөніндегі, оның ішінде ұсақтауды, брикеттеуді, агломерациялауды, байытуды немесе балқытуды қамтитын жұмыстар өндіру жөніндегі операцияларға жатпайтыны және кодекстің реттеу саласынан шығарылғаны атап айтылды.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» кодексте қатты пайдалы қазбаларды өндірудің Қазақстан үшін мүлдем жаңа әдісі – алтын іздеушілер өндірісі  қарастырылған. Бұл ретте алтын іздеушілік  құзыретті орган беретін, елдің бүкіл аумағына жарамды мерзімсіз лицензия  негізінде жүзеге асырылады. Механикаландыру құралдарын және басқа құрал-жабдықты қолдану арқылы жүргізілетін алтын іздеушілік осы іске берілген лицензияға  қосымшаны тіркей  отырып ресімделетін алтын ізделетін учаскеде  ғана жүргізілуі тиіс. Алтын іздеуге  берілген бір лицензия бойынша  аумағы 30 гектардан аспайтын бір ғана  алтын іздеушілік  учаскесі ресімделе алады.

Кодекске сәйкес, көп таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын иелену тұлғаның жер учаскесіне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын алуымен қатар жүреді. Көп таралған пайдалы қазбаларды жер бетінен үш метрден астам тереңдікте өндіру немесе кәсіпкерлік мақсатпен өндіру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

Одан бөлек, кодексте пайдалы қазбаларды «өндіру» терминін біржақты түсіну мәселесі де реттелген.

Кодексте қорларды есептеу саласында ҚР Президентінің бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі жүз қадам шеңберіндегі реформалар да ескерілген, дәлірек айтқанда қатты пайдалы қазбалар қоры бойынша есептілік стандарттарының CRIRSCO халықаралық жүйесін және қорларды есепке алудың SPE-PRMS (Petroleum Resources Management System)  халықаралық жүйесін енгізу.

Сондай-ақ, кодексте жер қойнауының мемлекеттік қорын тиімді басқару және территорияларды айқындау мақсатында жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу және қабылдау көзделген, соның шегінде жер қойнауын пайдалану құқықтары беріледі.       

Кодекстің маңызды жаңалығы – дауларды арбитражға, соның ішінде халықаралық төрелікте қарауға беру мүмкіндігі. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде арбитраждық келісім жасау міндетті болып саналады, ол үшін оны жасау бастамасын жер қойнауын пайдаланушы ұсынуы тиіс. Міндетті арбитраждық келісім жасаудың шарты инвестициялардың көлеміне тәуелді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер