«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Көшпелі бизнес» – дағдарыс кезіндегі жаңа бизнес түрі

2016 жылғы 19 Ақпан
19060 просмотров

Палата атышулы «Обама» фуд-трагы мысалында кәсіпкерліктің жаңа бағытымен байланысты мәселелерді талқылады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда комитеті Хатшылығы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен «көшпелі бизнесті» дамыту перспективалары» тақырыбында отырыс өткізді.

«Біз бүгін көпшіліктің назарында тұрған  қоғамдық тамақтанудың шағын форматтағы үлгісі – жылжымалы тамақтану орындары немесе «көшпелі бизнес» тақырыбын талқыламақпыз. Бүгінде бұл қызмет түрі трендке айналып келеді, оған себеп экономикалық дағдарыс. Мәселен ірі мейрамханалар өз орнын жоғалтқысы келмейді, сәйкесінше анағұлым шағын  форматқа ауысуда. Мұндай жобалар қазір Алматы, Астана, Батыс Қазақстан мен Шымкентте бар. Мобильді тамақтану орындарының қызметі әр өңірде аса қиындықпен жүзеге асуда. Себебі оларға аз шығын кетпейді. Бұл қозғалыс енді басталған кезде, біз кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың бірлесіп осы мәселенің қолға алғанын қалаймыз», – деді Хатшылық басшысы Жібек Әжібаева кездесу басында.

Жиынға АҚШ Президенті Барак Обаманың суреті салынған автобусты пайдалана отырып фуд-трак ашқан астаналық 22 жасар кәсіпкер Нұрсұлтан Шәріпбаев шақырылды. Оның бұл әрекетіне астаналық ІІД әкімшілік полиция басқармасы тыйым салып, кейін ол БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Астана ІІД әкімшілік полиция басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан Алтыбай жас жігіттің тіркеуден шығарылмаған көлік құралын пайдаланғанын айтты. Сәйкесінше, автобусты бұлай жабдықтау «Жарнама туралы» заңға қайшы келеді. Оған сәйкес кузовтың 40 пайызынан асатын сурет салуға болмайды.

«Мұның еш қиындығы жоқ. Барып, тіркеуден шығару туралы өтініш жазып, тіркеуден шығару керек. Кәдеге жарату керек емес, кәдеге жарату алымы автокөлікті алғаш рет тіркегенде алынады. Салық органынан берешегі жоқ деген анықтама алып, автобусты теңгерімнен шығару қажет. Бұдан кейін босатылған агрегатқа анықтама алу керек. Барлық процедураны жарты күнде-ақ аяқтауға болады. Осыдан кейін бояу мен қайта жабдықтауға талап қойылмайды», – деп түсіндірді ол.

Сөз алған Шәріпбаев өз кінәсін мойындап отыр. «Заңды білместік жауапкершіліктен босатпайтынын түсініп отырмын. Мен ешкімге кінә артпаймын. Жалғыз өтінішім, осы бағытты дамытуға назар аударылса екен, себебі жобаның болашағы зор. Қазақстанда бұл бағыт дамымаған, ал заңдық тұрғыдан ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіретін ешкім жоқ»,– деді ол. «Бұл мобильділік: қай жерде шара өтіп жатса, біз сонда барып толығымен тамақпен қамтамасыз етеміз. Тұтастай алғанда, бұл жобаны  EXPO-2017 қарсаңында қолға алдық, себебі елге туристер ағылады деп күтіліп отыр. Пайдалы істі қолға алып, өзімізге де, өзгеге де пайда әкелуді көздедік»,– деді өз жобасы туралы жас кәсіпкер.

Оған қоса, Шәріпбаев қол қусырып отырмайтынын жеткізді. Ол ештеңеге қарамастан өз бизнесін ашып, оны дамытпақ ниетін білдірді. «Үстімнен жүк түсті, жоба тоқтамайды. Мен дүйсенбі күні-ақ жол полиция қызметкерлері кеңесімен әрекет етпекпін. Одан ары әкімдікке барып, астанада үш орын алуды көздеп отырмын, себебі менің үш автобусым бар»,–деп өз жоспарымен бөлісті ол.

«Бір автобусым «Обама» деп аталады. Ал екіншісін «Нұреке» деп атағым келіп отыр. Жалпы ол автобусты рұқсатын алып,  Нұрсұлтан Әбішұлының  портретімен безендіргім келіп отыр. «Нұреке» деп аталатын автобус қазақ асханасын тез даярлаумен айналысатын болады. Мәселен, қандай да бір фирмалық қазысы бар бауырсақтар, тағы да қызықты дүниелер ойлап тауып, қымыз, шұбат сатсақ па дейміз. Ал үшіншісі «Вова» деп аталатын шығар, онда енді орыс асханасы: квас, қуырылған тұшпаралар ұсынар едік»,– деді бастаушы кәсіпкер.

Сонымен бірге жиында жаңа «Көшпелі бизнес» жобасы да көрсетілді. Ол осы бағытта жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге қызмет көрсететін болады. Жоба жетекшісі, оған қоса «Steelmaster» компаниясының менеджері Анастасия Гончарова жоба мақсатымен таныстырды.

«Бүгінде түрлі жиынтық түрлерін құрастыру мен өндіру үшін біздің техникалық мүмкіндіктеріміз бар. Алайда біздің басты міндетіміз – жас кәсіпкерлерге немесе мейрамхана желілеріне бизнестің осы түріне байланысты мәселелерді шешуге көмектесетін жеке өзіміздің шағын ҚКО іспеттес ірі әрі қызықты бизнес-платформа құру. Себебі мұндай бизнеспен айналыспақ ниеті барлар көптеген мәселелерге кез болады. Біз банктермен, «Даму» қорымен жұмыс жасаудамыз. Осылайша стартапшыларға қаржылық демеу көрсетіп, жас кәсіпкерлерді «жаттықтыратын» оқу орталығының қызметін мойнымызға алуға дайынбыз», – деп хабарлады ол.

Сондай-ақ Гончарова жоба аясында дербес сапа бақылау жүйесін іске қосу көзделгенін де айтты. «Қоғамдық тамақтандыру орындары бастапқыда іске ықтиярлықпен кірісіп, кейін сапасы төмендеп кету жағдайларын жиі кездестіріп жатамыз», – деп түсіндірді ол.

«Қатысушыларға толықтай жауап бергендері үшін алғыс айтамыз. Біздің бизнесіміз енді дами түседі деп ойлаймыз. Пікірлесу өте өнімді болды. Біз Сауда комитеті Хатшылығының басшылары ретінде бұл істі жалғастырамыз. Енді біз тікелей жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен жұмыс жасайтын боламыз»,– деп жиынды қорытындылады Жібек Әжібаева. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер