Бизнес - жынысқа бөлінбейтін кәсіп
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева сингапурлық журналистердің сауалдарына жауап берді
Қонақтар делегациясы ішінде журналистер де, PR-мамандар да кездесетін Сингапур баспасөз клубының өкілдерінен тұрады. Олар жыл сайын ерікті ықылас миссиясын жасап, баратын елді таңдайды. Биыл Қазақстанға келуге шешім қабылдапты.
Гүлнар Құрбанбаева қонақтарға ҰКП қызметі жайлы, оның құрылымы, негізгі мақсаттары, сонымен қатар ұйымның Қазақстанда тіршілік еткен екі жылдағы жұмысының қорытындылары жайлы айтып берді.
«Осы екі жыл ішінде бізге 8 мыңнан астам кәсіпкер келіп жүгінді. Олардың мәселелері мен түйткілдерінің 80 пайыздан астамы оң шешімін тапты. Және де бұл біз үшін ең бастысы, себебі біз не істесек те, бизнес үшін жасаймыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында айтарлықтай кәсіби менеджерлер, консультанттар, мамандар тобы қалыптасуда. Олар бизнестің ішкі дағдарыстық мәселелерін де, олардың мемлекеттік органдармен әрекеттестігіндегі түйткілдерін де шешуге көмектесіп, белсенді түрде жұмыс жасайды», - деді Гүлнар Құрбанбаева.
Палата Басқармасы Төрағасының орынбасары сонымен қатар ҰКП-ның өз еншілес ұйымы – Сыртқы сауда палатасы арқылы Еуропа мен Азияның көптеген елдерімен ынтымақтастық құрып отырғанын атап өтті. «Кезі келгенде Сингапурда да өкілдігіміз ашылады деген ойдамын. Оның үстіне ол саудада Қазақстанмен белсенді ынтымақтастық орнатқан елдердің «ондығына» кіреді», - деп жалғады сөзін ол.
Сингапур журналистері Қазақстандағы бизнестің жалпы ахуалына, кәсіпкерлерге ұшырасатын түйткілдер мен сынақтар жағына қызығушылық танытты. Олар сондай-ақ елімізде үкіметтің, жұртшылықтың бизнеске деген қатынасын, шағын және орта бизнесті мемлекеттің қалай қолдатынын сұрастырды.
Гүлнар Құрбанбаева халықтың бизнеске деген қатынасының соңғы жылдары жақсы жағына өзгергенін атады: жеке ісін ашуға бел буған қазақстандықтар саны өсуде. «Бүгінгі таңда бизнеспен айналысатын адам кездеспейтін отбасы жоқ. Туысқандардың арасында міндетті түрде кәсіпкер болады. Бизнеске деген жағымсыз қатынас жоқ, тек жұмыс істеуге деген ниет қана бар. Қолдан келе ме, жоқ па – бұны енді өнімді тұтынушылар шешеді», деді ол. ҰКП басқарма төрағасының орынбасары өз сөзін растау үшін Қазақстанда бизнесте 50 пайыз экономикалық белсенді халықтың еңбек етіп жатқанын хабарлады.
Сингапурдан келген қонақтар Қазақстанда басшылықтағы әйел адамды осымен екінші рет кездестіріп отырғандарын атады, және де олардың бизнесте қандай роль ойнайтынын сұрады.
«Қазақстанда бизнесте еркектер мен әйелдер деп бөліп-жармайтынына қуаныштымын. Бізде кемсітушілік жоқ. Қазақстанда әйелдер дәстүрлі «әйелдер» бизнесімен айналысып қана қоймай, көлік, тау-кен, құрылыс компанияларын басқарады – бұл қалыпты жағдай. Бизнесмен болып әйел не еркек болған соң жұмыс істемейді, ол жақсы іскер әріптес болғандықтан жұмыс жасайды», - деп есептейді Гүлнар Құрбанбаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: