«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Еуразиялық экономикалық одақ: сатып алулардағы қазақстандық бизнестің әлеуеті қандай?

2016 жылғы 26 Қазан
12832 просмотров

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық елдердің кәсіпкерлері үшін сатып алуларда тең дәрежелі қолжетімділік қамтамасыз етілген бе? Отандық өндірушілер үшін қандай да бір қорғаныш тетіктері қарастырыла ма?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Дана Жүнісовадан осы және өзге де сұрақтарға жауап беруін сұраған едік.

– «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына Ресей Федерациясы Үкіметінің «Ресейде шығарылған тауарлардың басымдығы туралы» қаулысына қатысты депуттаттық сауал жолдағаны мәлім. Палата осы мәселеге қатысты түсінік бере ала ма?

– Біріншіден, Азат Перуашев мырзаның мемлекеттік сатып алулар саласында протекционистік саясат жүргізу қажет деген пікірін қолдағым келеді. Кедендік одақта біздің отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты мүмкіндіктеріміз бар, бірақ біз оны пайдаға асырмаймыз.

Екіншіден, тәжірибеге сәйкес, Кедендік одаққа мүше елдерде сатып алулардың мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сатып алулар деп бөлінетін жүйесі қалыптасқандығын атап өтуіміз қажет.

Сонымен бірге, Перуашев мырзаның депутаттық сауал жолдауына түрткі болған РФ Үкіметінің «Ресейде шығарылған тауарлардың басымдығы туралы» қаулысы дәл сол квазимемлекеттік секторды сөз етеді.

Бүгінгі таңда Ресей Федерациясы Ресейде шығарылған тауарларға басымдық берілетін квазимемлекеттік секторда сатып алулар жүргізген кезде, шетелдік мемлекеттерде шығарылатын тауарларға, жұмыстар мен қызмет түрлеріне қолжетімділікті шектеп отыр.

Кедендік одақтың құқығына сәйкес, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар Кедендік одақ туралы шарттан тыс жүргізіледі, сондықтан оларды әр мемлекет өзі реттейді.

Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық базасын жасау шеңберінде оған қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік сатып алулар нарығын ырықтандыруды негізге алғандығы белгілі. Бұл ретте оны құрудағы басты қағидалардың бірі ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің кәсіпкерлері үшін тең дәрежелі қолжетімділік құқығы болды.

Айта кетерлігі, мемлекеттердің бірлесуі кезінде мемлекеттік сатып алуларды ырықтандыру әлемдік тәжірибеде қолданылады. Мұндай жағдайда ырықтандырудаң мақсаты – бюджеттік қаржыны үнемдеу және Одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Айқын мысал ретінде Еуропалық одақтағы мемлекеттік сатып алуларды қарастыруға болады, онда одаққа мүше әртүрлі елдердің кәсіпкерлеріне тең дәрежелі қолжетімділік ұсынылған.

Қазіргі таңда ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, Кедендік одақ елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділік ұлтүстілік деңгейде реттеледі де, мемлекеттік сатып алулар саласына ұлттық режимді енгізуді қарастырады, яғни басқа да мүше мемлекеттердің кәсіпкерлеріне сатып алуларда отандық кәсіпкерлермен бірдей жағдай жасау міндеттеледі.

– Мемлекеттік сатып алулар нарығын ырықтандыру тұрғысынан алғанда, отандық өндірушілер үшін қандай да бір қорғаныш тетігі қарастырыла ма?

– Иә, отандық өндірістің дамуын қолдау құралдарының бірі – ерекше жағдайларда екі жылға дейінгі мерзімде мемлекеттік сатып алулар саласында ұлттық режимнен тауарларды шығаруды белгілеу мүмкіндігі. Мұны өте жақсы шара деп есептейміз.

Комиссия 2015 жылы Шығарып тастауды белгілеу туралы актілерді қабылдау, сондай-ақ сондай акітлерді жою туралы ескертулерді қарастыру тәртібін бекіткен еді. Тәртіпте алып қоюды енгізудің ерекше жағдайлары анықталған, оларға мыналар жатады:

– адам өмірі мен денсаулығын қорғау;

– қоршаған ортаны қорғау;

– қоғамдық мораль мен құқықты тәртіпті қорғау және т.б.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы осындай шектеулерді жүйелі түрде енгізу арқылы осы қорғаныш құралын белсенді қолданатындығын атап өту қажет. Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен байланысты әкімшілік кедергілер қазақстандық бизнеске кәдімгідей теріс әсерін тигізеді. Бұл ретте енгізілген ұлттық режимнен алып тастау бастама көтеруші елдер үшін жағымды ықпалға ие. Мысал ретінде мыналарды келтіруге болады:

РФ: ««Брянский камвольный комбинат» ЖШҚ-дан маталар сатып алу, электронды есептеу машиналары мен мәліметтер базасына арналған бағдарламалар сатып алу, мемлекеттік органдардың әуе билеттерін, қорғаныс қауіпсіздігіне арналған тауарларды сатып алуы, дәрі-дәрмек құралдарының өзара алмасулығы.

БР: Гомель қаласындағы балалар ауруханасын қайта құрылымдау, емдік тағам, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар.

Қазақстан болса, Шарт күшіне енген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін шығарып тастауды енгізу құқығын 3 рет қана қолданды: «Астана қаласының жаңа көліктік жүйесі. LRT», 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу жөніндегі жоба, жануарлардың аусыл ауруына қатысты алдын алу шараларын өткізуе арналған екпелер сатып алу.

– Ұлттық режимнен мемлекеттік сатып алулар саласындағы тауарларды шығаруды бекітудегі Палатаның рөлі қандай?

– Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП мемлекеттік сатып алулар мәселесіне қатысты барлық жұмыс топтарының, шағын комитеттер мен комитеттердің құрамына кіргізілген, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алулар саласындағы ұлттық режимнен шығарып тастауды бекіту жөніндегі актілерді қабылдауға немесе жоюға қатысты барлық кеңес берулерге тұрақты түрде белсенді қатысып тұрады.

Ұлттық режимнен шығарып тастауды бекіту ережелерінің бұзылғандығы анықталған жағдайда, Палата оларды жою және отандық кәсіпкерлердің тең дәрежелі құқығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Мәселен, бүгінгі таңда түтілген маталарды шығарып тастау жойылып, сондай-ақ Ресей Федерациясында енгізілген елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін шығарып тастауға жататын тауарлар тізімін қысқарту жөнінде кеңестер өтті.

Шығарып тастауды бекітуге арналған алғышарттар қызығарлық жүйелілікпен пайда болып жатқандығын айтып өту қажет. Бірақ Қазақстан Республикасы бұл құралды айтарлықтай белсенді түрде қолданып отырған жоқ. Тәжірибеге сәйкес, ұлттық режимнен шығарып тастау рәсіміне қатысты бастаманы елдің уәкілетті органы көтеруі тиіс. Палата, өз кезегінде, бастама көтерілген кезеңде де, шығарып тастауды жүргізу және сүйемелдеу процесстерінің барысында да шамасы келгенше көмектесуге дайын.

– Отандық кәсіпкерлер Одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алуларына қызығушылық таныта ма?

– Кедендік одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алулар нарығының көлемі 125 млрд АҚШ доллары екенін ескерсек, оның 114 миллиардтан астамы Ресей Федерациясының нарығына тиесілі, ол  90%-дай. Осыған байланысты отандық бизнес үшін Ресейдің мемлекеттік сатып алулар нарығына қатысу мүмкіндігі қызығарлық қана емес, өмірлік маңызы зор, ол ұлттық экономикаға қосымша түсімді қамтамасыз етеді, соның нәтижесі ретінде, ҚР кәсіпкерлік саласы дамиды.

Отандық жеткізушілердің Ресей Федерациясы мен Белорусь Республикасы нарықтарына қатысу үлесі, өкінішке қарай, қынжылтады, 2014 жылы 221,6 млн теңге болса, 2015 жылы 22,0 млн теңге болды. Ал ресейлік және белорусьтік жеткізушілер бүгінгі таңда қазақстандық нарықта айтарлықтай үлеске ие:

– Ресейлік жеткізушілердің ҚР сатып алуларына қатысуы 2014 жылы 5121,3 млн теңге болса, ал 2015 жылы 159 млн теңге болды;

– Беларус жеткізушілерінің ҚР сатып алуларына қатысуы 2014 жылы 51,43 млн теңге болса, ал 2015 жылы 8,7 млн теңге болды.

Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындардың қолжетімділігін шектеп отырған факторлардың бірі – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ортақ электронды сандық қолтаңбаның бекітілмеуі.

Анық болғандай, Ресей және Беларусь кәсіпкерлері Қазақстан Республикасында электронды сандық қолтаңбаны тегін алады, ал қазақстандық кәсіпкерлер Ресей және Беларусь аумақтарында мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін электронды сандық қолтаңба алу кезінде жарна (250 Ресей рублі), сондай-ақ электронды сандық қолтаңбаны беру рәсіміне ақы төлеуге (РФ - 5000 Ресей рублі, БР – 510000 Белорусь рублі) мәжбүр.

Жоғарыда көрсетілгендерден шығатыны, электронды сандық қолтаңбаны бекіту мәселесін шешу – отандық кәсіпкерлер үшін Кедендік одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алулар нарығына қолжетімділікті ашуға тағы бір қадам жақындатар еді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер