«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» – бизнес қорғаны

2016 жылғы 13 Қыркүйек
- Павлодар облысы
9157 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы аз уақыттың ішінде бизнес-қауымдастықты қорғайтын белді құрылымға айналғандықтан, онымен көп адам санасады

Өңірлік кеңестің мүшесі, «Агромир» ЖШС директоры Наталья Паплавецтің бизнеспен айналысқанына бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Бизнесвумен кәсіпкердің алдынан күн сайын шығатын мәселелер мен қиындықтарды жақсы біледі.

– Наталья Васильевна, бизнестің түйіткілді мәселелерімен жақсы таныс адам ретінде кәсіпкерлікті дамытудағы ҰКП-ның рөлі туралы айтып беріңізші?

– Бизнесменге бір күннің ішінде көптеген өзекті мәселелерді шешуге тура келеді. Кәсіпкер бүкіл мәселемен жалғыздан-жалғыз қалып қойған кездер де болған. Бизнес дауыл кезіндегі кемедей құрдымға кеткен жағдайлар жиі болды. Бүгінде, үш жыл уақыт өте келе, ҰКП бизнес-қауымдастықтың алып қорғанына айналды. Соңғы үш жылда Палата бизнестің барлық саладағы сенімді серігіне, өкілі болып келеді.

Осы тәжірибеңізге сүйене отырып, кәсібін жаңа бастап жатқан жас бизнесмендерге қандай тілек білдірер едіңіз?

– Қандай да бір себептермен өзінің күшіне күмәнданып жүрген жандарға «тайсалмай шабуылға шығыңдар» деп айтар едім. Істі бастаудан, мәселелерден қорқудың қажеті жоқ, әрине, түйткілді тұстар болады, алайда оларды жария етуді үйрену керек. Мәселен, сізде бизнес-идея бар делік, бірақ сіз неден бастау қажет екенін білмейсіз. Өңірлік палатаға көмек сұрап барыңыз, онда сізге әрдайым көмектеседі, мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары туралы кеңес береді, жобаңызды жан-жақты сүйемелдейді, тіпті жеке бизнесіңізді ашқанға дейін қолдау көрсетеді.

– Ал әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкерлерге не істемек керек?

– Мұндайда да бір ғана кеңес беремін: Палатаға көмек сұрап барыңыз. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен бизнес «қуатты күшке» айналып келеді, өз мүдделеріңді қорғаудың нақты тетіктері пайда болуда. Бизнесті жүргізудегі мол тәжірибеме қарамастан, жақында өзім де сондай мәселеге тап болдым. 2015 жылы «Агромир» ЖШС мен «Сельхоздеталь» сауда үйі» АҚ (Ресей, Симферополь қаласы) арасында ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосымша бөлшектерді сату-сатып алу туралы шарт жасалды. Тауарды тасу кезінде біз заңнамаға сәйкес жанама салықтарды, ҚҚС төледік. Біраз уақыт өткен соң салықтық ескертпе келгенде таң қалдық. Ол бойынша, Қазақстан Қырым Республикасын Ресей Федерациясының аумағы ретінде танымағандықтан, біз бұрынырақ өткізген тауар тасымалдау және жанама салық төлеу туралы өтінімді қайтарып алуымыз қажет екен. Оған қоса, мемлекеттік кіріс органы жүктің кедендік декларациясын ұсынуымызды талап етті. Алайда Кедендік одаққа мүше елдерден тауарды импорттағанда жүктің кедендік декларациясы рәсімделмейтіндіктен, аталған талапты орындау мүмкін болмады. Бұл істің анық-қанығына тоқталмай-ақ қоялық. Алайда Палата сарапшыларының сотта біздің мүддемізді қорғап шыққанын атап айтқым келеді. Олар бізге қойылған талаптың заңсыз екенін дәлелдеп, айыппұл төлеу жазасынан құтқарып қалды. Палатаның арқасында бизнес сенімді серікке ие болды. ҰКП-ға кәсіпкерлікті қорғау және дамыту ісінде табыс тілегім келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер