«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Олимп» зертханалар желісінің басшысы: «Атамекен» – сенімді серіктесіміз

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Астана қаласы
9099 просмотров

«Атамекен» ҰКП құрылуына 3 жыл толуына орай, «Олимп» зертхналар желісінің жетекшісі Ерлан Сүлейменов, отандық кәсіпкерлердің басын қосқан ұйым жайлы өз пікірін білдірді

«Олимп» клиникалық зертханалар желісінің директоры және Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Ерлан Сүлейменов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлік филиалдары 3 жыл ішінде Қазақстан мен шетелде зор беделге ие бола алды деп санайды.

– Ерлан Мэлсұлы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қандай баға бересіз?

– ҰКП-ның 3 жыл ішіндегі жұмысын қорытындылай келе, Палата мүшелері өз алдында тұрған міндеттерді заңға сәйкес орындай алды деп айта аламыз. Алайда, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес-сектор мен мемлекет органдарының мүдделерін келісе отырып реттейтін тетіктер керек. Сол себепті, осындай механизмдерді жасау қажет деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, Кәсіпкерлер палатасының негізгі рөлі неде?

– ҰКП-ның бүгінгі таңдағы басты мақсаты кәсіпкерлер мүдделері мен құқықтарын қорғау, бизнес жұмысындағы заңдық және өзге нормативті ережелерді құру барысында барлық кәсіпкерлерді ауқымды түрде қамтуды қамтамасыз ету болып саналады. Сондай-ақ, бизнес пен Қазақстанның мемлекеттік органдары және Үкіметі арасында келіссөздер жүргізуді күшейту мәселесін айтар едім. Іскерлік, инвестициялық климатты жақсарту, шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің елімізде бизнес жасау жағдайларын дамыту әрі тұрақтандыру қажет деп ойлаймын.

– Сіздің компанияңыз Палата көмегіне жүгінді ме? Егер жәрдемге жүгінсеңіз, Палата өз тарапынан көмек бере алды ма?

– Жақында ғана, биылғы жылдың тамыз айында, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында біздің бастамамызбен Денсаулық сақтау министрлігінің және жекеменшік зертханалар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда біз қатысушыларға скринингтік қызмет көрсету кезіндегі өз қызметтерімізді таныстырдық. Іс-шарада біз жекеменшік зертханалардың басымдықтарын ғана көрсетіп қоймай, сонымен бірге, медициналық көмектің  кепілдік берілген көлемі (МККБК) шеңберінде көрсетілетін қызметтерге жекеменшік зертханалардың қолжетімділігі және Денсаулық сақтау министрлігі өткізетін зертханалық жұмыстарды орталықтандыру мәселелерін көтердік. 

Осылайша, ҰКП-ның қолдауының арқасында, біз мемлекеттік органдармен мәселені бірлесіп шешу үшін келіссөздерге жүргізуге мүмкіндік алдық.  Айта кетер жайт, бұған дейін МККБК қызметтеріне жекеменшік зертханаларды қатыстыру мүмкіндігіне мемлекеттік органдар бірнеше мәрте шектеу қойған еді. Ал бұл тақырыптың ауқымы кең екені баршаға аян және көпшіліктің талқысына салу қажет екені де белгілі. Осы орайда, ҰКП-мен бірлесе жұмыс жасауымыздың нәтижесінде, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық палата және бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып, зертхана қызметтерін ауқымды түрде қарауға әзір екендіктерін білдірді.

Осы мысалды назарға ала отырып, ҰКП бірінші кезекте біздің компаниямыз үшін мемлекеттік органдармен өзекті мәселелерді шешуде сенімді серіктестіктеріміздің бірі болып отыр деп айта аламыз. Мұндай серіктестік болашақта бизнесте жоғары жетістіктерге жетуімізге жол ашады деп сенімді түрде айта аламын.

– Ерлан Мэлсұлы, Палатаға 3 жыл толуына орай, оның ұжымына қандай тілек білдірер едіңіз?

– Ең алдымен, «Атамекен» ҰКП ұжымын осы атаулы күнмен құттықтаймын! Аз ғана уақыт арасында, Сіздердің ұйымдарыңыз өзін тек жақсы жағынан көрсете білді және еліміз бен шетелдің кәсіпкерлік нарығында үлкен беделге ие бола алды.

Осы жетістіктеріңіз одан әрі еселене түсіп, бізді бизнестегі жаңа идеяларыңыз бен табыстарыңызбен қуанта берулеріңізге тілектеспін. Толымды табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер