«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда бизнеске қолдау көрсету және инвестициялық жобалардың перспективалары талқыланды

2025 жылғы 19 Қараша
- Атырау облысы
328 просмотров

Облыстық прокуратура ұйымдастырған «Бизнес қорғау» бизнес-форумына бақылау-қадағалау және мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, даму институттары, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы өңірде кәсіпкерліктің дамуын тежеп отырған жүйелі кедергілер болды. Қатысушылардың айтуынша, бизнес әлі де әкімшілік тосқауылдарға, негізсіз тексерулерге, жекелеген ведомстволар тарапынан қысымға және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы коммуникацияның жеткіліксіз ашықтығына тап болып отыр.

Облыс прокуратурасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырып, бизнестің мүддесін қорғау негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қадағалау органы ұсынған мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың басынан бері 15,5 мыңнан астам кәсіпкер мен 12 инвестордың құқықтары қорғалды, мемлекеттік органдардың 62 заңсыз актісі жойылды, 2 негізсіз тексерудің алдын алынды, нәтижесінде 300 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Прокуратура өкілдері кәсіпкерлер үшін ашық және қауіпсіз жағдай қалыптастыру саясаты жалғасатынын жеткізді.

Сонымен қатар, форумда қатысушылар өңірдің инвестициялық климатын талқылады. 2025 жылы Атырау облысында жалпы құны 105 млрд теңгені құрайтын 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, олардың 15-і іске қосылды. Бұдан бөлек, мұнай-газ химиясы саласында жалпы көлемі 6,7 трлн теңгені құрайтын 10 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпарат ұсынды.

«Бизнес құқықтары мен мүдделерін қорғау — Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының негізгі бағыттарының бірі. Биылғы жылдың 9 айында құқықтық қорғау бөліміне бизнестен 89 өтініш түсті, оның 44-і — бизнес қорғау бағыты бойынша. Бүгінгі күні олардың 25-і бизнес мүддесіне сай шешілді. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының мөлшері 3 млрд теңгеден асты», — деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сарсенбай Жолдыбаев.

Іс-шара барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға мамандардан жауап алып, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Қорытындысында айтылғандай, ұсынылған бастамалардың сәтті іске асуы өңір экономикасын нығайтып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174