«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП сарапшыларға «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысушыларды бағалау бойынша семинар өткізді

2025 жылғы 18 Тамыз
1664 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне қатысушылардың материалдарын алдын ала бағалау жөніндегі сарапшылар тобына арналған оқыту семинары өтті.

Бағдарлама аясында қатысушылар конкурсанттарды бағалау әдістемесі мен тәртібін талқылады.

 «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі, Төралқа Төрағасы хатшылығының басшысы Мұрат Қарымсақов сарапшылардың жұмысы ресми бағалаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

«Сарапшылардың кәсібилігі мен объективті көзқарасы конкурстардың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің басты шарты. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында отандық бизнестің үздік өкілдері анықталып, марапатталады. Біз еліміздегі ең беделді байқаулардың лауреаттарын бағалаймыз. Сондықтан, құрметті әріптестер, біздің мойнымызда зор жауапкершілік тұр. Өйткені бұл – үздік сыйлық, үздік номинациялар, сондықтан ең лайықты сарапшылар бағалауы тиіс деген ойдамын», – деді ол.

Оның айтуынша, «Алтын сапа» сыйлығын Мемлекет басшысының өзі табыстауы – бұл тек құрмет қана емес, компаниялар үшін өсу мен дамуға қуатты ынталандыру.

Семинардың спикері ретінде – Ресей Федерациясы Үкіметінің байқауы бойынша жетекші сарапшы, EFQM бас асессоры, ТМД сапа конкурсы сарапшыларын даярлау бойынша тренер, «Роскачество» академиясының оқытушысы Константин Писаренко шақырылды. Оның халықаралық тәжірибесі мен ұсыныстары бағалау рәсімдерін жетілдіруге бағытталмақ.

Мұрат Қарымсақов оның халықаралық тәжірибесін ескере келе, конкурстық рәсімдер мен бағалау критерийлерін жетілдіруге құнды үлес қосатыны сөзсіз екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол «Атамекен» ҰКП ұйымдастыратын конкурстардың компаниялар имиджін нығайтуға және нақты экономикалық әсер беруге ықпал ететінін айтты. «Алтын сапа» сыйлығы берілген уақыт ішінде 122 қазақстандық компания марапатталған. Өткен жылғы лауреаттарға жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, жеңіс олардың ішкі және халықаралық нарықтағы беделін едәуір арттырған.

Семинар барысында Мемлекеттік кірістер комитетінің талдауына негізделген статистика жарияланды. «Алтын сапа» лауреаты атанған кәсіпорындардың көпшілігінде кіріс көлемі айтарлықтай өскен: орта есеппен олардың жылдық жиынтық табысы 2,7 есеге ұлғайып, ақшалай мәнде 20,7 млрд теңгені құраған.

Байқауға деген қызығушылық артып келеді. 2025 жылы «Алтын сапа» сыйлығына 226 өтінім, ал «Қазақстанның үздік тауары» конкурсына 624-тен астам өтінім түсті.

Биыл «Атамекен» ҰКП конкурстарды заманауи әрі ашық ету мақсатында бірқатар жаңашылдық енгізді. Атап айтқанда, altynsapa.kz сайты толық жаңартылып, жаңа дизайн, жетілдірілген навигация және кеңейтілген функционалға ие болды.

Жаңалықтар дауыс беру процесін де қамтыды.

«Жаңартылған сайтта дауыс беру телеграм-бот арқылы өтеді. Мұнда жасанды дауыс болмайды, яғни адами фактор жоқ. Біз дауыс берудің барынша ашық болуын қамтамасыз етеміз», – деді республикалық конкурстарды ұйымдастыру бойынша Басқарушы директор Мерей Исаева.

Оның айтуынша, биыл әлеуметтік жауапты бизнеске арналған жаңа «Адал азамат» сыйлығы тағайындалды. Бұл марапат көктемгі су тасқыны кезінде белсенділік танытқан және «Таза Қазақстан» акциясына қатысқан кәсіпорындарға беріледі. Өтінімдер қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады.

Сонымен қатар «Ұлы дала елі» сыйлығы мен «Іскер» арнайы жүлдесінің ережелері жаңартылды.

Сарапшыларды алда ауқымды әрі жауапты жұмыс күтіп тұр. Кестеге сәйкес, конкурс материалдарын талдау 15 қыркүйекке дейін жүргізіледі, ал 20 қазанға дейін сарапшылар 40 финалист кәсіпорынға барып, бағалау жұмыстарын жүргізеді.

Ұйымдастырушылар этикалық нормаларға ерекше назар аударды. Сарапшылар компаниялардың технологиялары мен қаржыларына қатысты ақпараттың құпиялылығын қатаң сақтауға міндетті. 

«Басты талап – барлық құпиялылық міндеттемелерін жазбаша түрде рәсімдеу, қатысушылармен бағалау балдары бойынша келіссөз жүргізбеу, нәтижеге ықпал етпеу және мүдделер қақтығысына жол бермеу»,– деп атап өтілді семинарда.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП сарапшыларға толық қолдау көрсетуді, оның ішінде іссапар шығындарын, тұру және тамақтануды өтеуді қамтамасыз етпек.

Семинар қорытындысы бойынша сарапшыларға оқу сертификаттары табысталды.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174