«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыр салмақты жүк көліктеріне тыйым салған дұрыс па, бұрыс па?

2024 жылғы 26 Қыркүйек
3737 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қабырғасында бизнес қауымдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, Көлік министрлігі «Автомобиль көлігі туралы» Заңға (38-2-бап) енгізген түзетулерді талқылады. Басты тақырып 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыр салмақты жүк көліктерін пайдалануға тыйым салу болды. Бұл Заң жолдарды сақтауға бағытталған, алайда, оған бизнес тарапынан көптеген сұрақтар туындауда.

Көлік министрлігі ауыр салмақты жүк көліктерін пайдалануға тыйым салуды ертерек – 2025 жылдың 1 қаңтарына ауыстыруды ұсынады (норма Ескертпеде бар). Ведомствоның мәліметінше, мұндай көліктер жолдардың бұзылуына басты себеп болып отыр. Бұған жауап ретінде бизнес қауымдастығы ел экономикасы үшін келеңсіз зардаптарға қатысты алаңдаушылық білдірді.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмрин жүк көліктерінің рұқсат етілген салмағын бақылауды күшейтуді қолдайды, бірақ ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салуға болмайтынын айтты.

«Толық тыйым салу шағын бизнестің дамуына, сондай-ақ, белгіленген стандарттарды сақтайтын адал нарық субъектілеріне кері әсерін тигізеді. Бұл аталмыш жүк көліктерін инвестициялап, шығаруды іске қосқан елдің өнеркәсіп секторына да зиянын», - деді ол.

Бизнеске қандай әсері болады?

Көлік министрлігі самосвалдарға шектеу жолдарды бұзылудан сақтау үшін қажет деп санайды. Дегенмен, бизнес өкілдері тыйым салудың салдарынан қызмет пен тауарлардың құнының өсетінін алға тартты. Сондай-ақ, бұл өнеркәсіп, құрылыс және коммуналдық секторларына да айтарлықтай әсер етеді.

Қазақстанда 60 мыңнан астам ауыр салмақты жүк көліктері тіркелген. Оларға шектеу қою инертті материалдарды тасымалдауға, тіпті қыста қарды шығаруға да кері әсер етеді.

«Біз экономика үшін өндірістің шектелуі, құрылыс құнының жоғарылауы, тұрғын үйге қолжетімділіктің төмендеуі және әлеуметтік шиеленістің артуы сынды тәуекелдерді көріп отырмыз», - деді «СемАз» ЖШС бас директорының орынбасары Қыдыролла Жұмағұлов.

Көлік министрлігінің шектеулеріне жауап ретінде Қазақстанның Құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков жол құрылысына қатысты ескірген тәсілдерді баса айтты.

«Сапа төмендеп барады. Егер жолды бұзу мәселесі туындаса, мұндай жерлерде неге бетон төсеміне көшпеске», - деп атап өтті спикер.

Жолды сақтау қажеттілігіне қарамастан, бизнес қауымдастық бағаның күрт өсуі мен әлеуметтік толқуларды болдырмау үшін ымыраға келуге шақырады. Кәсіпкерлер палатасы инфрақұрылымды сақтайтын және экономикаға келетін шығынды барынша азайтатын икемді шешімдерді әзірлеу қажеттігін айтты. Отырыстың қорытындысы бойынша Ұлттық палата Үкіметке тиісті хат жолдауға міндеттелді.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш бастама осыдан екі жыл бұрын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен кейінге шегерілген болатын.

Ескертпе: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 174-VII Заңына сәйкес 2026 жылғы 1 қағтардан бастап рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген автокөлік құралының жол берілетін жалпы массасынан асатын жүктерді өзі аударғыш автомобильмен Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен және елді мекендерінің көшелерімен тасымалдауға жол берілмейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер