«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

B5+1 форумы Орталық Азия және АҚШ бизнесін жақындата түсті

2024 жылғы 14 Наурыз
6763 просмотров

Алматы қаласында «Мемлекеттік-жекеменшік диалог арқылы Орталық Азияның өңірлік экономикалық интеграциясын нығайту» B5+1 форумы өтіп жатыр. Еске салсақ, Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту туралы ұсыныс алғаш рет 2023 жылдың қыркүйегінде C5+1 форумында айтылды.

 Бір алаңда Орталық Азия елдерінің мемлекеттік аппараты, мемлекеттік емес секторының өкілдері бас қосты.  В5+1 форумы өңірдегі экономикалық өсуді жеделдету, өңірлік байланыстарды нығайту, елдік және халықаралық сауда ағындарын күшейту, сондай-ақ АҚШ-тан инвестиция тарту үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді деп күтілуде. Ауқымды күн тәртібі көлік және логистика, электрон сауда, туризм, агробизнес және жаңартылатын энергетика салаларын қамтиды.

 Форумда АҚШ Президентінің арнайы көмекшісі және Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей және Орталық Азия бойынша аға директоры Николас Берлинер, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, CIPE басқарушы директоры Абдулвахаб Алькебси, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов, «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесі басқарушы директорының орынбасары Дилан Морган спикер болды.

 Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов Ұлттық палатаның қызметі туралы айтты.

  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған Қазақстандағы реформаларды іске асыруға белсенді қатысып жатыр. Сонымен қатар экономикамызға шетелдік инвестиция үшін «ашық есік» саясатын ұстанады. Біз ҚР Үкіметімен тұрақты және болжамды салық режимін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру және әділ кәсіпкерлік ортаны құру бойынша белсенді ынтымақтасып келеміз.

ҚР Үкіметі мен отандық бизнес алдында экономиканы екі есеге арттыру – 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні 450 млрд долларына дейін ұлғайту міндеті тұр», – деді Мұрат Қарымсақов.

 Атап айтқанда, қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың өкілі инвестициялық жобалар тізілімі бар Интерактивті инвестициялық картаның іске қосылғанын хабарлады.

Карта екі негізгі цифрлық мүмкіндікті біріктіреді. Біріншіден, неғұрлым объективті және өзекті көріністі құру үшін жергілікті жерлерде инвестициялық жобалардың іске асырылуын «түпкілікті» бақылау. Екінші, өңір және тұтастай ел ауқымында шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі көрсеткіштеріне мониторинг жүргізу.

 Жаңа құралдың басты артықшылығы – шешім қабылдаудың жоғары жылдамдығы және жауапкершілікті нақты анықтау. Қазіргі кезде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Содан кейін жүйе толыққанды іске қосылады.

Мұрат Қарымсақов сөзің қорытындылай келе, Ұлттық палата Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын отандық және шетелдік компаниялардың заңды құқығы мен мүддесін қорғауға жұмыс істейтінін айтты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер