«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура бірлескен семинар өткізді

2024 жылғы 17 Қаңтар
- Шымкент қаласы
7248 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында прокуратура қызметкерлерімен бірге семинар ұйымдастырылды. Жиында биылдан бастап кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийдің тоқтатылуына байланысты тексеру тағайындау, жүргізу тәртібі мен ережелері талқыланды.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға прокуроры Марат Бейбіттің айтуынша, кез келген тексеру прокуратура базасында тіркелуі тиіс.

«Айта кететін жайт, кәсіпкерлерді тексерудің барлық түрі ҚР Кәсіпкерлік кодексі аясында реттеледі. Мысалы, кодекстің 137-бабына сәйкес, тексерулер екі түрге бөлінеді. Біріншісі – профилактикалық бақылау. Оның өзі барып тексеру немесе бармай тексеру деп бөлінеді. Оған қоса әр кәсіпкерлік нысанның тәуекел деңгейі жоғары, орта немесе төмен деп бөлінеді. Әр мемлекеттік органның бұл бойынша өзінің талаптары бар. Бару арқылы профилактикалық бақылауға келер болсақ, сол нысан туралы мәлімет ҚР Бас прокуратурасының сайтында жарияланады. Мемлекеттік органдардың бірінші және екінші жартыжылдақта бақылау жасайтын кестесі болады. Сол кестеге енгізілген кәсіпкерлік нысанға бармас бұрын мемлекеттік орган өкілдері 30 күнтізбелік күн бұрын алдын ала хабарлама береді. Онда белгілі бір күні сол нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау жасалатыны туралы мәлімет көрсетіледі. Осы хабарлама және орталық мемлекеттік орган бекіткен нысандар тізімі, бақылау әрекеттері мен басқа да қажет мәліметтер прокуратура органына тіркелуге жіберіледі. Біз барлық мәліметтің талапқа сай екенін тексерген соң тіркеуге қоямыз. Содан кейін мемлекеттік орган тексеру тағайындалғаны туралы актімен тексерілу нысанына барады. Бұл жерде назар аударатын жайт – сол мемлекеттік орган тексеру парағында көрсетілген іс-әрекеттер мен сұрақтардан ауытқымай, солар бойынша ғана тексере алады», – деді Марат Бейбіт.

Прокурор семинар барысында тексерудің екінші түріне де тоқталды.

«Тексерудің екінші түрі – жоспардан тыс тексеру болады. Олар арыз-шағым бойынша және мемлекеттік органның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл тұста арызданушы орын алған олқылықтар туралы аудио, видео, фото секілді нақты дәлелдерді келтіруі тиіс. Арыз жазылды екен деп мемлекеттік органдар тексеру аша бермейді. Дәлелдер болған кезде мемлекеттік орган жоспардан тыс тексеру ашады, бізге тіркеуге жібереді. Құзырлы орган өкілдері барлық негіздемелерді қарап, тіркейді немесе бас тартады. Жоспардан тыс тексеру кезінде кәсіпкерлік нысанына хабарлама жіберілмейді. Ал мемлекеттік органның сұранысы бойынша жоспардан тыс тексеру болған жағдайда кәсіпкерлік нысанына 1 күн бұрын тексеруші орган хабарлама беруі міндетті», – деп түсіндірді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға прокуроры.

Жиында тексеруші орган келген кезде кәсіпкерлер білуі тиіс мәліметтер де айтылды. Палата өкілдерінің айтуынша, ең алдымен тексеруші орган тобында тексеру тағайындалғаны туралы акт болуы керек. Сонымен қоса qamqor.gov.kz сайтының тексеру бөлімінде нысанның БСН нөмірі немесе тексеру актісінің нөмірін енгізіп, тексеруді заңдылығына, яғни, тексерудің прокуратура органында тіркелген немесе тіркелмегеніне көз жеткізуге болады. Онда қандай мемлекеттік органның тексеретіні, тексеру актісін кім тіркегені, тексерудің қай күні қай нысанға қатысты жүргізілетіні көрсетіліп тұрады. Егер тексеруші орган тексеру аясынан ауытқыған жағдайда кәсіпкер прокуратура органдарына шағымдана алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер