«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде инвесторларды қолдау жөніндегі фронт-кеңсе өз жұмысын күшейтуде

2024 жылғы 11 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
5522 просмотров

Облыс прокуратурасында инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кездесу өтіп, оған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, мемлекеттік органдар, бақылау-қадағалау органдарының және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Шара аясында «инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы түсіндірілді. Жоба инвесторларға мемлекеттік органдар тарапынан салынатын тыйымдар және шектеу шараларын қамтиды. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті инвесторлар пулын өзектендіруді, аудандарда жекелеген жұмыс топтарын құру арқылы фронт-кеңселердің жұмысын күшейтуді, сондай-ақ өңір экономикасындағы нақты сектордың инвестициялық тартымдылығын талдауды ұсынды.

«Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасын Бас прокуратура Президенттің тапсырмасы бойынша әзірледі. Бұл жобаның басты мақсаты – инвестициялық жобаларды прокурорлармен сүйемелдеу тетігін жетілдіру және профилактиканың тиімді құралдарын енгізу.

Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі – сот процестері басталғанға дейін прокурорларды жұмыстарға араластыру қажеттілігі.

«Енді уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторларға қатысты тыйым салу және шектеу шараларын, атап айтқанда, қызметті тоқтата тұру, рұқсаттан айыру немесе осы рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту, сондай-ақ келісімшарт немесе келісімді біржақты тәртіппен бұзу сияқты шешімдерді қабылдамас бұрын, прокуратура органдарымен келісу қажет. Мұндай шаралар инвесторлардың мүдделерін қорғаумен қатар, елде қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған»,-деп атап өтті Ақтөбе облысы прокуратурасының 3-ші басқармасының бастығы Асланбек Сәбитов.

Инвестордың мәртебесін айқындау үшін инвесторлар тізілімі құрылады,  оны инвестициялар саласындағы уәкілетті орган – Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті ресми интернет-ресурстарында жариялайды.

Айта кетейік, былтыр облыста прокурорлармен маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-кеңсе жұмысын бастады. Құрамында кәсіпкерлер палатасы, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, ЭД, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ҰҚКД өкілдері бар.

«Бизнестің қатысуымен фронт-кеңестің бірқатар отырыстары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілді. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Kazakh Invest» өкілдерімен, сондай-ақ кәсіпкерлермен бірлесіп, инвестициялық жобаларға сәйкес, бизнестің проблемалық мәселелері талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан жер мәселелері және газдандыруға техникалық шарттар жасауға қатысты сұрақтары қозғалғанын мәлімдеген Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов штаб қызметін нығайту бойынша бірқатар шараларды ұсынды.

«Біздің өңірдің экономикасына тартылатын инвестициялардың әрбір теңгесі маңызды. Сондықтан басымдыққа ие жобалардың нақты жол картасын әзірлеп, оның орындалуын қадағалау қажет. Алдағы уақытта облыстың әлеуетін (пайдалы қазбалар, жер ресурстары, логистика, адами капитал және т.б.) және тау-кен өндіруші компаниялардың жылдық сатып алу жоспарларын, сондай-ақ халықтың сұранысын ескере отырып, инвестициялар тарту үшін қажетті экономиканың басым секторларын айқындауымыз керек. Ал облыстың басым секторларын дамыту мақсатында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қаражаты, оның ішінде осы салаларды да қолдау үшін көзделуі тиіс деп есептейміз», — деді «Атамекен» басшысы.

Бүгінгі таңда облыс әкімдігі инвестициялық жобалар пулына жалпы сомасы 4,2 трлн теңгеге 70 жоба енгізді.

«Қабылданып жатқан шаралар өңірдегі инвестициялық қызметтің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды құралы болады. Біз өңірде тұрақты қолайлы инвестициялық ахуалды бірлесіп қалыптастырып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және түрлі әкімшілік кедергілерді шешу жөніндегі жұмысты жалғастыруымыз қажет», — деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер