«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда асшаяндарды қайта өңдеу үшін заңнаманы жетілдіру қажет – Ұлттық палата

2023 жылғы 06 Қазан
10371 просмотров

Асшаян және аквамәдениеттің басқа да түрлерін өндіруші қытайлық компания қазақстандық бизнеспен жұмыс істеуге дайын. Атап айтқанда, шикізат, дайын өнімді сатып алу, артемия өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар ашу көзделген.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында артемия дақылын отандық өндіруші компаниялар, «Huitai Holding group» қытайлық компания, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Қазақстанда артемияны өсіру және қайта өңдеу мәселелерін талқылады.

Биыл Павлодар облысында артемияны терең өңдейтін алғашқы зауыт – «Artemia Global» ЖШС ашылды. Өндірілген алғашқы тізбекті жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Дайын өнім Қытайға экспортталатын болады.

«Табиғатты пайдалану қағидаларына сәйкес мониторинг және ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде сарапшылар белгілі бір көлдегі артемияның жалпы көлемін байқап, популяцияның азаюына жол бермеу үшін көлге зиян келтірместен артемияны қанша мөлшерде алуға болатынын анықтайды. Алайда, кәсіпкерлермен қатар су айдындарында биобаланстың бұзылуына ықпал ететін және көлдердің сарқылуына әкелетін браконьерлер де кәсіп жасап жүр», – деп атап өтті ҰКП АӨК департаментінің сарапшысы Бағила Сәкенова.

Спикердің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен артемияның 1,5-2 мың тонна цистасы өндіріледі. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 15-20 пайызына тең. Бұл шекті көрсеткіш емес, өйткені артемияны жасанды түрде өсіруге немесе жабайы табиғатта олардың санын көбейтуге көптеген мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Қазақстан Қытайға шикізатты ғана орта есеппен 1 келісі үшін 2 долларға экспорттайды. Ресей болса, артемияны қайта өңдеп барып, келісін 12 долларға экспортап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, артемияны терең қайта өңдеуге қажетті жағдай, өнімді сертификаттау жасалса, онда дайын өнімді 50-250 долларға дейінгі бағада сатуға мүмкіндік пайда болады.

Жиында әлемде артемия өндіру бойынша бельгиялық NV компаниясы көш бастап тұрғаны айтылды. Бұл елде шаян тәрізділердің осы түрі болмағандықтан шикізат сыртан импортталады. Ал дайын өнімнің 500 грамы 150 еуроға бағаланады.

Қазақстан артемия цисталарын зерттеу, өндіру және қайта өңдеу қауымдастығының басқарма төрағасы  Шыңғыс Сосорбармаевтың айтуынша, бұл бірегей биоресурс елге ондаған миллион доллар табыс әкелуі мүмкін, бірақ іс жүзінде кез келген стартап бюрократияға тіреледі.

Бұл салада бірқатар міндет шешілмеген. Атап айтқанда, ащы-тұзды көлдерді бекіту тәртібін реттейтін заңнаманы жетілдіру және артемияға байланысты қажетті құжаттарды беру мәселелері. Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы қағидалар Artemia salina цисталарын терең өңдеуге жеткіліксіз. Сонымен қатар, шаян тәрізділерді дұрыс аулаудың стандарттары мен технологиялары жоқ. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының стандарттары бойынша артемия цисталарына зерттеулер жүргізуге қабілетті аккредиттелген зертханалар жоқ. Атап айтқанда, бұл стандарттарды артмеияны сатып алушы әлеуетті елдердің  барлығы талап етеді.

Артемия шаянының құндылығы құрамындағы протеиннің көптігімен өлшенеді (72,9 пайызға дейін). Шаян етінің құрамында аминқышқылдарының жеткілікті мөлшері бар (маңызды аминқышқылдары: лейцин - 19,5 г / кг; лизин – 37,6 - 50,1; валин – 20,2; фенилаланин – 17,9; метионин – 15,2-16,7; гистидин – 25,6; триптофан – 1,2 - 4,07; треонин -14,3; изолейцин - 17,1). Артемия – балықтың барлық түрі, асшаяндар, аквариум балықтары, өнеркәсіптік балықтарға (бекіре, тұқы, форель, арқан балық және т.б.) арналған жоғары сапалы, нәрлі қоректік тағам. Шаян тәрізділер 60 шақты су айдынында өсіріліп, өндіріледі.

ҰКП мамандары маңызды биоресурс контрабандамен елден тыс кетпеуі үшін артемия өндіру заңмен қорғалуы тиіс деп санайды. Қазақстанда артемияны өңдеу үшін заңдарды өзгертіп, техникалық база құру қажет.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер