Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туристік автобустардың кедергісіз өтуі тиімділігін көрсетті
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері арқылы туристік автобустарды кезектен тыс өткізуді қамтамасыз ету мәселесі Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңындағы туризм жөніндегі жұмыс кеңесінде талқыланды.
«Атамекен» ҰКП туризм департаменті директорының орынбасары Елена Михнова өткен жылы бұл мәселе Қазақстан Республикасының Шекара қызметінің қолдауымен және ҰКП белсенді қатысуымен пилоттық режимде реттелгенін атап өтті.
«Жұмыс тәртібінде Ыстықкөлге қазақстандық туристік топтарды жөнелту үшін Қазақстан туроператорларының қатысуымен чаттар құрылды. Чаттарда туроператорлар құрылған туристік топтар туралы ақпарат жіберіп, туристердің аты-жөні, автобус нөмірлері және бақылау-өткізу пунктіне келу уақытын хабарлап отырды», – деді Елена Михнова.
Туроператорлар пилоттық жобаның жоғары тиімділігін атап өтіп, мүдделі тараптарға оны іске асыруға жәрдемдескені үшін алғыс білдіреді.
«Пилоттық жобаға Алматы қаласынан бес компания қатысты. Техникалық тұрғыдан жұмыс жақсы ұйымдастырылды, чат құрылды және туристік компаниялар осы чатқа маршрут, автобустар туралы ақпаратты жіберді. Біз байланыстар туралы келіссөздер жүргіздік, туристер санын бердік және автобустардыңөткізу пунктіне келу уақытын белгіледік. Онда шекарашылар бар, кеденнен кезектен тыс өту мүмкіндігі ұйымдастырылды», – деді Қазақстан туристік қауымдастықтың президенті Рашида Шайкенова.
Спикер өткен жылы 21 маусым мен 19 қыркүйек аралығында Алматыдан Ыстықкөлге 371 рейс жүзеге асырылғанын атап өтті. Ал Ыстықкөлден Алматыға дейін 400-ден астам рейс жүргізілді.
«Біз пилоттық жобаның жұмысын жоғары бағалаймыз. Отандық туризм тарихында алғаш рет осындай сәтті жоба болды. Мемлекеттік органдар тарапынан үлкен қолдау көрсетілді және өте жақсы жұмыс атқарылды. Ыстықкөлге баруды ұнататын, жазғы демалысын балаларымен өткізетін туристеріміздің жақсы пікірі өте көп. Бақылау бекетінің қызметкерлерінің жұмысы өте анық және үйлесімді болды. Барлығымыз кәсіби жұмыстан жақсы әсер алдық», – деді Рашида Шайкенова.
Мәселен, ҚР мен Қырғыз Республикасы арасындағы өткізу пункттерінде шекаралық бақылаудан өту уақыты 5 есеге қысқарды, 15 мыңнан астам турист кезектен тыс жеделдетілген тәртіппен шекарадан өтті.
«Жергілікті және халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2022 жыл пандемиядан кейін туризмді қалпына келтірудің алғашқы қадамдар жылы болып белгіленді. Сондықтан біз 2023 жыл туризмнің бұрынғы көрсеткіштерге жетіп адамдардың саяхатқа деген құштарлығына қайта оралады деп күтеміз», – деп атап өтті Рашида Шайкенова.
Туроепарторлар туристер ағынының артуын күтеді және оң үрдіс жалғасады деп үміттенеді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша шетелдік туристер саны үш есеге артты. Біз қазір жақсы динамиканы көріп отырмыз, жылдың бірінші бөлігінің қорытындысы бойынша туристер саны екі есеге өсті. Өткен жылы Қырғызстан және Ресеймен пилоттық режимде автобус турын өткізу ұйымдастырылды. Пилоттық жоба арқылы шекаралық бақылаудан өту уақыты Қазақстан мен Қырғызстан арасында бес есеге қысқарды», – деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Нұртас Қаріпбаев.
Бұл механизмді сақтау үшін не істеу керегін шекаралық бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Мундаш Муллашев айтып берді.
«Негізінде жақсы нәтижелер бар. Бұған дейін туристік қауымдастық хат жіберген. Өткен жылы Алматыдан Ыстықкөлге 15561 жолаушы келіп, қайтарда одан да көп жолаушы келді. Бұл пандемиядан кейінгі алғашқы кіру болды. Жаман емес. Туроператорлар ұйымдастырды, шекара қызметі жұмыс істеді. Өткен жылғы мақсаттарға қол жеткізілді деп санаймын. Біз Шекара қызметінің позициясынан чатта қайталанатын алдын ала ақпарат бойынша ұйымдастырылған туристік топтар үшін кезектен тыс өтуді ұйымдастыруға дайынбыз», – деді Мундаш Муллашев.
Спикер шекара қызметі туристік автобустардың арасы бір сағаттан кем болмауы үшін автобустардың келетінін алдын ала білуі керек деп айтты.
«Біз бір автобусты өткізіп жатқанда, екінші автобус артынан келе жатуы керек. Бір уақытта үш автобус бірден келетіндей болмауы керек. Бұл маңызды, өйткені мемлекеттік бақылаудың белгілі бір процедуралары сақталуы керек. Біз дайынбыз», – деді Мундаш Муллашев.
ҚР ҰҚК қызметі өз позициясын білдірді: осы мәселе бойынша барлық ұсыныс пен бастамалар жетекшілік ететін уәкілетті орган – ҚР МСМ-ден туындауы тиіс. Осы позицияға сәйкес, жұмыс кеңесінің мақсаты – өз тарапынан жазғы маусымның басында көрсетілген мәселелерді пысықтайтын уәкілетті органнан (ҚР МСМ) қолдау алу.
Нарық қатысушылары шекаралық турларға сұраныстың артуын ескере отырып, пилоттық жобаны тұрақты негізге ауыстыру қажет деп санайды.
«Бұл бастаманы тұрақты негізде іске асыру үшін, ең алдымен, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі уақытта туристік автобустарды кезектен тыс өткізу үшін заңнамалық негіз жоқ. Бұдан басқа, осындай турларды сататын барлық туроператорлар үшін бірыңғай тәсілдер мен жағдайлар әзірлеу қажет», – деп түйіндеді Елена Михнова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: