«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерлерге қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптар түсіндірілді

2023 жылғы 07 Сәуір
- Қызылорда облысы
9250 просмотров

Қызылордада өндірістік қалдықтарды, оның ішінде мұнай қалдықтарын тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 7 кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді. Өткен жылы өңірде мұнай өндіретін компанияларда 55,5 мың тонна мұнай қалдықтары жиналған.

Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ертай Жайназаров Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Өнеркәсіп кеңесінің отырысында айтты.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, уәкілетті мемлекеттік органдары, мұнай компаниялары мен кәдеге жаратылған майларды утилизация жасайтын кәсіпорын өкілдері қатысты.

«Соңғы жылдары экология саласындағы талаптар күшейді. Жаңа Экология кодексі қабылданды. Ұлттық стандарт бойынша қайта өңделген және кәдеге жаратылған майлар қауіпті қалдықтар санатына енгізіліп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе жою сияқты жұмыстар лицензиясы бар арнайы кәсіпорындарға өткізілуі тиіс. Аймақтың мұнай өндірушілері, мемлекеттік мекемелер және осы салада қызмет көрсететін кәсіпкерлерге заңның жаңа талаптарын түсіндіріп, талапты сақтамау салдарынан туындайтын әкімшілік жауапкершілік салдарының алдын алу үшін бұл мәселені кеңес отырысына шығардық», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ертай Жайназаров қауіпті қалдықтарды сақтау, басқару тәртібін, оны қайта өңдеу, залалсыздандыру және жоюмен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптармен таныстырып шықты.

«Коммуналдық қалдықтарды түзушілер қалдықтар түзілген кезден бастап оларды жинау, қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаларға бергенге дейін қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуы үшін жауапты болады. Ал ары қарай осы операцияларды орындайтын компаниялар жауапты болады», – деді Ертай Жайназаров.

Сондай-ақ шарада елімізде майлау материалдарын шығаратын «High Industrial Lubricants & Liquids (HILL) Corporation» ЖШС өкілі Гүлнар Қайыпбергенова осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісті.

Бұл мәселеге қатысты қосымша сұрақ туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. Жауапты маман Құралай Ниязбаева. Тел.: 8 /7242/ 40-09-81.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер