«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда банкроттықтың орнына кәсіпорындарды оңалту рәсімдерін қолдану тиімсіз болып қалды

2023 жылғы 01 Наурыз
5987 просмотров

Республикадағы банкроттық туралы сот өндірістердің 60%-дан астамы мемлекеттік кірістер органдары мен екінші деңгейдегі банктердің өтініштері бойынша қозғалады. Осы ұйымдарға кредиторлар жиналысында шешуші дауыс тиесілі. Бұл ретте салық қызметтері кәсіпорындарға оңалту рәсімдерін қолдануға мүдделі емес, өйткені мұндай рәсімді жүргізсе олардың негізгі міндеті – бюджетті толықтыру тоқтап қалады. Банкроттық және кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру рәсімдерін жүргізу кезінде бизнес құқығын қорғауға байланысты осындай түйткілді мәселелер 2023 жылғы 1 наурызда Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды. Жиын Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.   

Бұдан басқа, мемлекеттен борышкерлердің төлем қабілетсіздігі мониторингі функцияларын алып тастау, стратегиялық жоспардың және сауықтыру рәсімдерін қолданудың бірыңғай жүйесінің болмауы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың борышкерлерді қаржылық оңалтуға қатысуға қолжетімділігінің болмауы – кәсіпкерлерді қаржылық сауықтырудың заңнамада көзделген шараларын толық көлемде көрсетуге мүмкіндік бермейді.

 Мемлекеттік кірістер органдары жүйесінің ішінде «кредитор» және «бақылаушы орган» статустары арасында мүдде қақтығысы орын алады. Бұл нарықтың басқа қатысушыларының мүддесіне нұқсан келтіруге әкеп соғады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жағдай жасайды. Осындай қайшылықтар банкроттықты (оңалтуды) басқарушыға негізсіз әсер етуге және мемлекеттік органдар жеке кредиторлар алдында артықшылықты жағдайға қоюға мүмкіндік береді.

 Мемлекеттік кірістер департаменттерінің жұмысын тиісінше ұйымдастырмау, олардың қызметкерлерінің Заңда және министрлік актілерінде бекітілген функцияларды орындамағаны үшін жауапкершілігінің болмауы жағдайды қиындатады. Салық қызметтеріне берешекті қайта құрылымдау бойынша нақты орындалған жұмыстар үшін бөлінген қаражатты төлеу, оңалту рәсімдерін жүргізу және борышкерді банкрот деп тану туралы субъективті шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Қалыптасқан жағдай банкроттық және оңалту процесі субъектілерінің кәсіби қызметіне теріс әсер етеді, оларға мүліктік зиян келтіреді және осы қызметтегі бағыттар мен салаларды еркін таңдау құқығын шектейді.

  Соңғы үш жылда активтері жоқ борышкерлерді банкрот деп тану туралы істер бойынша уақытша және банкроттық басқарушылардың орындаған жұмыстары үшін мемлекеттік кіріс органдарының берешегі 265 млн теңгеден асты.

Банкроттық және оңалту процестерін мемлекеттік реттеу жүйесі осы салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға әсер етпейді.

Мемлекеттің араласуынсыз банкроттық және оңалту саласын өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу көрсетілетін кәсіби қызметтердің сапасын арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар жағдайларды қысқартады.

«Осылайша, банкроттық және оңалту институтының проблемалары, оның ішінде ұйымдық және құқықтық регламенттеудің кемшіліктері, құқық қолдану практикасының проблемалары осы саланы реттеудің қолданыстағы жүйесін түзетуді талап етеді», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес барысында Ұлттық экономика министрлігіне дәрменсіздік тәуекелінің алдын алу шараларын қолдану, бизнес субъектілерін сауықтыру және кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру жөніндегі жеке блокты көздейтін оңалту және банкроттық саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қажеттілігін қарастыру ұсынылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Мемлекеттік кірістер комитеті аумақтық департаменттерінің лауазымды адамдарының қызметіне талдау жүргізу  ұсынылды.

Кеңес отырысының материалдары Президент Әкімшілігіне және Бас прокуратураға мәлімет үшін жіберілетін болады.

 Анықтама: Статистикалық деректерге жүргізілген талдау 2021 жылы 23,2 мың заңды тұлға, оның ішінде 20,6 мың шаруашылық серіктестік таратылғанын көрсетті. 2022 жылы жеке кәсіпорындардың жабылу фактілерінің өскені байқалады. 26,8 мың, оның ішінде 24,3 мың шаруашылық серіктестікті тарату тіркелді.

Жоғарғы Соттың мәліметі бойынша, 2021 жылы соттарға банкроттық туралы 5 464 өтініш пен іс келіп түсті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 50,1%-ға, ал 2022 жылдың бірінші жартысында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,8%-ға өсті.

Таратылған және банкрот деп танылған кәсіпорындардың негізгі үлесін шағын және орта бизнес субъектілері құрайды, бұл жұмыс істейтін халықтың негізгі бөлігі шоғырланған ұйымдар.        


Еншілес ұйымдар

Серіктестер