«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандағы теміржол вокзалдарын жаңғырту: Бизнес мәжілісмендер алдында ОТӨ қатысу мәселесін көтерді

2025 жылғы 10 Шілде
830 просмотров

Қазақстанда теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жобасы басталып жатыр, оның аясында жалпы құны 250 млрд теңгені құрайтын 125 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 21 вокзал толық қалпына келтірілмек. Жұмыс шатырларды, қасбеттерді, интерьерді, жолаушылар платформаларын, инженерлік желілерді және іргелес аумақтарды қамтиды.

Бастама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды ғана емес, сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің қатысуына айтарлықтай мүмкіндіктер туғызуды көздейді. Алайда, шын мәнінде, қазақстандық өндірушілердің бұл жобалар бойынша ақпараты шектеулі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың қатысуымен, Қанат Ибраевтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Төралқасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында бизнес өкілдері осылай деді.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин атап өткендей, үкімет отандық тауар өндірушілерді барлық ірі жобаларға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр және олардың тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету маңызды.

«Біздің саланың проблемасы – ірі бюджеттік жобалардағы жергілікті қамту деңгейінің төмендігі. Бұл тек тас өңдеуге ғана емес, жиһаз өндірушілерге, жеңіл өнеркәсіпке және басқа өңдеу салаларына да қатысты. Шетелдік жеткізушілердің көптеген ұлттық жобаларға еніп жатқанын көріп отырмыз, ал отандық компаниялар 20-30 пайыз ғана жүктелген», - деді «Qazaq Stone» тас өңдеу өнеркәсібі Одағының төрағасы Дәурен Ағзымов.

Ол Қазақстанда қазіргі заманғы толық циклді тас өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейтінін еске салды, олар қаптау мен граниттен бастап бордюрлар мен брусчаткаға дейін ішкі нарықтың қажеттіліктерін 100% өтеуге қабілетті. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты оның маркасына байланысты жылына 713,8 мың тоннаны құрайды.

«Біз мемлекеттік органдардан тас өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсетуді және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қазақстандық табиғи тастан жасалған бұйымдарды өндірушілерді міндетті түрде тарту механизмін бастауды сұраймыз», - деді бизнес өкілі.

Дәурен Ағзымовты өңдеу өнеркәсібінің басқа да өкілдері қолдады. ОТӨ тарту үшін уақтылы жоспарлау мен болжау, сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларды ашық жүзеге асыру қажеттілігін Басқарушы директор – Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқар мәлімдеді.

«Шындығында жағдай уәкілетті органдардың парламент мінберінен мәлімдегеніндей мәз емес. Бүкіл парламенттік фракция отандық бизнесті қолдау мәселелері бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтасуға және осы мәселелерді бақылауда ұстауға дайын екеніне сендіргім келеді», - деді депутат Магеррам Магеррамов.

Тараптар кабельдік өнімдерді, желдету жабдықтарын, қасбеттік шешімдерді және басқа компоненттерді жеткізуді қоса алғанда, ОТӨ-ның теміржол вокзалдарын жаңғыртуға қатысуы туралы жиынтық ұсынысты беруге келісті. Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және көлік, құрылыс, сауда және экономиканың басқа да салалары сияқты салалардың мүдделерін білдіретін 19 салалық комитеттің жұмысын үйлестіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер