«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП жанындағы арбитраж орталығы бизнеске қалай көмектеседі

2023 жылғы 08 Ақпан
12014 просмотров

Кәсіпкерлерге шаруашылық дауларды шешуге жәрдемдесу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы коммерциялық келісшарттардан туындайтын дауларды қарайтын «Атамекен» Арбитраж орталығын құрды. Қазіргі кезде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Арбитраж орталығының жалғыз қатысушысы. Қазақстанда сыртқы сауда төрелігі туралы Еуропалық конвенция бойынша құзыретті органның функцияларын жүзеге асырады.

Бүгінге дейін Арбитраж орталығында отандық компаниялардың, сонымен қатар Әзербайжан, Беларусь, Испания, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Молдавия, Польша, Ресей, Сейшел аралдары, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, ОАР компанияларының қатысуымен 120-дан астам дау қаралды. Қазір 300-дан астам компания келісімшарттарына Арбитраж орталығының үлгілік төрелік ескертпесін енгізуді жалғастырып жатыр. Арбитраж арқылы дауларды шешудің шарты төрелік ескертпені шарттарға енгізу болып саналады.

Компаниялар үшін дауды Арбитраж арқылы шешудің негізгі артықшылықтары:

 1. Дау тараптарына кәсіби және тәуелсіз төрешілерді тарту – дауларды жан-жақты, толық және объектив шешуді қамтамасыз ете алатын Қазақстанның және шет елдердің үздік заңгерлері мен салалық мамандарын сайлау мүмкіндігі. Төрешілер қабылдаған шешімдердің заңды күші сот шешімдерінің күшімен бірдей.

2. Түпкілікті шешімге тез қол жеткізу – талап арыз берілген сәттен бастап орта есеппен 3 ай ішінде дау шешімін табады. Арбитраж істі бір сатыда (апелляциясыз және кассациясыз) шешеді. Төрелік шешімдерді жою тек процедуралық негіздер бойынша жүзеге асады.

3. Баж салығына қаражат үнемдеу – Арбитраж орталығындағы алымдар сомасы соттар және басқа төреліктердегі мемлекеттік баж сомасынан төмен. Егер соттардағы баж сомасы талап қою бағасының 3% құраса, Арбитраж орталығындағы алым сомасы талап қою бағасының 0,5%-на дейін жетуі мүмкін.

 4. Дауды шешуде құпиялықты сақтау – талқылау фактісі мен қорытынды шешім үшінші тұлғаларға жария етілмейді. Тиісті міндет «Арбитраж туралы» заңда бекітілген.

5. Төрелік талқылауларды бейне конференция байланысты қолдану арқылы Қазақстанның барлық өңірінде және шетелдерде жүргізу мүмкіндігі. Арбитраж орталығында өңірлік өкілдіктердің кең желісі қарастырылған.

6. Шетелдік арбитраждық шешімдерді тану және орындау туралы Нью-Йорк конвенциясына сәйкес шетелдегі төрелік шешімдердің үздік орындалуы. Қазақстанның осы Конвенцияға қатысуы әлемнің 169 елінде төрелік шешімді орындауға мүмкіндік береді.

Кәсібіңізді алдын ала қорғауға қадам жасаңыз, орталықтың www.aca.kz  веб-сайтынан арбитраждың артықшылығы туралы ақпарат алыңыз.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер