«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Энергетикалық саланы дамыту жоспарына үміт көп

2022 жылғы 03 Қараша
5248 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі қарсаңында кәсіпкерлердің орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде электр энергетикасы саласындағы сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев Мемлекет басшысының энергетикалық реформалары салаға қалай әсер ететінін айтты.

Сарапшының айтуынша, құжатта пысықтауды қажет ететін негізгі және екпінді тармақтар белгіленген. Алдағы жеті жылда үкімет 3,7 ГВт электр энергиясын генерациялайтын қуат көздері мен жылу электр орталықтарын салу және жаңғыртуға, жаңартылатын энергия өндірісінің көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға, сондай-ақ елдің энергия жүйесін тұйықтайтын электр беру желілерінің құрылысын аяқтауға күш салады.

«Энергетика саласын дамытуға қатысты тармақтар мультипликатив әсер береді. Жаңа технологиялардың пайда болуы бірден көптеген цифрлық технологияны – интернет желісіне (IoT) қосылған датчиктердің барлық түрі, кең деректер базасы, онлайн сақтау шешімдері, блокчейн, жасанды интеллект және тағы басқа мүмкіндіктерді қолдануды білдіреді», – деді Жақып Хайрушев.

Спикердің айтуынша, қолданыстағы энергетикалық объектілер мен жаңармалы энергия көздері объектілерін салу және жаңарту арқылы жұмыс орындарын арттыруға, энергетика саласында: кибер-инженер, АЭС салу және пайдалану жөніндегі маман, көміртек энергетикасы және жасанды интеллект жөніндегі инженер сынды жаңа мамндықтардың пайда болуына ықпал етеді.

«Айналмалы (тұйық) біртұтас электр энергетикалық жүйе елдің энергия тәуелсіздігіне түпкілікті қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте көршілес энергия жүйелерімен параллель жұмысты сақтау қажет. Нәтижесінде, осы шаралардың барлығы апат көлемін қысқартып, қуат тапшылығын азайтуға көмектеседі», – деді сарапшы.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы энергетика саласымен тығыз байланысты. Егер реформалар жүзеге асырылса, онда жылу және сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозу көрсеткіші 40%-ға дейін төмендейді.  ТКШ саласына «инвестициялар орнына тариф» қағидаты бойынша жаңа инвестициялар тартылатын болады. Сондай-ақ, жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік коммуникациялардың құрылысы жалғасады, елді мекендер сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Еске салайық,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адамдардың қажеттіліктерін және өнеркәсіптегі сұранысты қамтамасыз ететін энергетикалық жүйені құру туралы республикалық қоғамдық штабта мәлімдеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер