Кәсіпкерлер палатасының директоры Қызылордада бизнес өкілдерінің құқығын шектеп жүрген үш саланы атады
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында өткен бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлердің құқығын шектеп жүрген үш саланы атады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов төрағалық етіп, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме басшылары мен өзге де сала өкілдері қатысты.
Шарада Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов облыста 63 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелгенін, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 11,8 пайызға артқанын атап өтті. Қазір өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінде 104 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр.
«Бұл оң көрсеткіштер облыста бизнесті қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесі деп білемін. Мемлект басшысы бизнес қауымдастықпен кездесулерінде кәсіпкерліктің дамуын тежеп тұрған проблемаларды ортаға салып, «Атамекен» мен Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға бизнесті тежейтін кедергілерді азайтуды тапсырды. Бұл бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесі жобасын жүзеге асырып жатыр», – деді хабарламасында Пірмұхаммед Сыздықов.
Палата директоры аталған жоба аясында Кәсіпкерлер палатасы Қызылорда облысының прокуратурасымен бірлескен бұйрық шығарып, жұмыс тобын құрғанын жеткізді. Жұмыс тобының құрамында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілдері де бар.
Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі іс жүргізу барысында құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу көзделген.
Бұл бағытта өңірімізіде тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Оған қыркүйекте облыс әкімінің, қазанда облыс прокурорының бизнес қауымдастықпен кездесуінде көтеріліп, шешіліп жатқан мәселелер дәлел.
Пірмұхаммед Сыздықов Кәсіпкерлер палатасына құқығын қорғауды сұраған өтініштердің 20 пайызы мемлекеттік сатып алу, 12 пайызы ауыл шаруашылығы, 9 пайызы салық саласына тиесілі екенін атап өтті.
«Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс берушілердің келісім шарт бойынша актілерге қол қоймай, уақытылы төлем жүргізбейтініне шағымданып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы проблема субсидия заңдылықтарына байланысты болса, салық саласында мәмілелерді жарамсыз деп тану фактілерімен жиі кездесетініне наразы», – деді Палата директоры.
Атап өту керек, соңғы 10 айда кәсіпкерлер Палатаға құқығын қорғауды сұрап, 420 өтініш берген. Бұл өтініштердің 119-ы оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 167, 2 млн теңге қаржысы сақталған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: