«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері ҚР Жоғарғы сотында қызылордалық кәсіпкердің құқығын қорғап шықты

2022 жылғы 07 Қазан
- Қызылорда облысы
8454 просмотров

Қызылордадағы Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері 12 айдан бері кінәсіздігін дәлелдей алмай жүрген кәсіпкердің құқығын Жоғарғы сотта қорғап шықты.

Қызылордалық «МИР-2001» ЖШС ұсақ бөлшектелген бетон бұйымдарын әзірлеумен, жанар-жағармай жеткізумен және өзге де қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. 70-ке жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Компанияның нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар.

Серіктестік өткен жылдың тамыз айында Қызылорда облысы ветеринария басқармасының Қармақшы аудандық ветеринариялық станциясы жариялаған мемлекеттік сатып алуға қатысып, жанар-жағармай жеткізіп беру қызметін ұтып алады.

Заңда көрсетілген талап бойынша серіктестік тарапынан 3 күннің ішінде тапсырыс беруші жіберген келісімшартқа қол қойылуы керек. Алайда компанияның мемлекеттік сатып алумен айналысатын маманы ауырып қалып, құжатқа дер кезінде қол қойылмай қалады.

Кәсіпкердің 12 айға созылған проблемасы осы жерден басталады. 2021 жылдың 27 тамызында «МИР-2001» ЖШС уәкілетті орган – Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті жүргізетін «жосықсыз қатысушылар» тізіліміне енгізіліп, 24 айға мемлекеттік сатып алуға қатысудан шеттетіледі.

Компания басшысы, кәсіпкер Сейфолла Әжмолдаев күтпеген жағдайдың құрбаны болғанын дәлелдеу үшін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арызбен жүгінеді. Сот кәсіпкерді кінәсіз деп танып, Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне «жосықсыз деп тану» туралы бұйрықтың күшін жою туралы шешім шығарады.

Шешіммен келіспеген Қазынашылық комитеті апелляциялық шағым түсіреді. Қызылорда облысы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да кәсіпкерді қолдайды. Ол шешіммен де келіспеген уәкілетті орган Жоғарғы сотқа жүгінеді.

«Менің компаниямда қазір 70-ке жуық азамат еңбек етіп жатыр. Кейбірі тіпті отбасында жалғыз асыраушы. Екі жыл мемлекеттік сатып алу конкурстарынан шеттету кәсібіме, қаржылық жағдайымызға айтарлықтай салмағын түсіреді. Жұмысшыларым мен мемлекет алдындағы міндеттерімді орындауда айтарлықтай қиындықтарға тап болдым. Адал еңбек етіп жүрген кәсіпкер екенімді сотта екі рет дәлелдесем де Қазынашылық комитеті Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Амалым болмаған соң Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадым», – дейді кәсіпкер Сейфолла Әжмолдаев.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері Жоғарғы сотта кәсіпкердің соңғы 6 жылда мемлекеттік сатып алу арқылы 311 келісімшартты уақытылы және сапалы орындағанын, мемлекет мен жұмысшылары алдындағы салық және өзге де міндеттемелерін уақытылы орындап келе жатқанын айтып, «жосықсыздық» туралы бұйрықтың салдарынан серіктестік қызметкерлерінің жұмыссыз қалу қауіпі туындап тұрғанын атап көрсетті.

Қос тараптың да дәлелдерімен танысқан Жоғарғы соттың судьясы алдыңғы әріптестері қабылдаған шешімді өзгеріссіз қалдырып, Қазынашылық комитетіне кәсіпкерді «жосықсыздар» тізілімінен шығару туралы қорытынды, нақты шешім қабылдайды. Осылайша кәсіпкер ұзақ уақытқа созылған тартыста жеңіске жетіп, осы жылдың қыркүйек айында кәсібін еркін жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

«МИР-2001» ЖШС кездескен проблема өзге де кәсіпкерлерде болуы мүмкін. Кәсіпкермен бірге оң нәтижеге қол жеткіздік. Сондықтан осындай мәселесі бар кәсіпкерлерді Палатаға жүгінуге шақырамын», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан.

Айта кету керек, биыл Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен құқығын қорғауды сұраған 420 өтініш түскен. Оның әзірге 119-ы оң шешіліп, кәсіпкерлердің 167,2 млн теңге нақты қаржысы сақталған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер