«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада әрбір 150-ші кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдарымен соттасуға мәжбүр

2022 жылғы 30 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
11047 просмотров

Осы жылдың алты айында мемлекеттік кірістер органдары мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде сотқа 127 өтініш берген. Әр іс бойынша сотқа кем дегенде екіден төрт кәсіпкерге дейін тартылып жатыр. Бұл туралы облыс прокурорының аймақтың бизнес-қауымдастығымен кездесуде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов айтты.

Шара Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жатқан бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, Өңірлік кеңес мүшелері мен жауапты мемлекеттік орган басшылары, аймақ кәсіпкерлері қатысты.

Палата басшысы соңғы кездері өңірде мемлекеттік кірістер органдарымен бюджетті толықтыру мақсатында кәсіпкерлік қызметіне жиі араласу фактілері орын алып жатқанын жеткізді.

«Әрине мемлекеттік кірістер органдарының әрекетінде заңсыздық көрінісі бар деуден аулақпын. Дегенмен республика бойынша көрсеткіштерді қарап, жергілікті мемлекеттік кірістер органдары бюджетке салық пен тиісті төлемдердің түсуін арттыру жолы ретінде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды емес, көбіне жазалау тәсілін қолданып жатқанын атап өткім келіп отыр. Бір ғана мысалы, мәмілелерді жарамсыз деп тану бағытындағы жұмыстар. Осы жылдың алты айында мемлекеттік кірістер органдары мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде сотқа 127 өтініш берген. Әр іс бойынша сотқа кем дегенде 2-4 кәсіпкерден тартылып жатыр. Соттың тек бірінші сатысында қаралу мерзімі 3 айды құрайтынын ескерсек, апелляциялық, кассациялық сатыларын қоса есептегенде кәсіпкердің аталған дау үшін 3 айдан 1 жылға дейінгі уақыты кетеді», – деді шарада Пірмұхаммед Сыздықов.

Оның айтуынша, мемлекеттік кірістер органдарымен сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша Қызылорда республика көлемінде Алматы, Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр екен.  

«Бірінші үштікте орналасқан облыстарда тіркелген орта және шағын бизнес субъектілерінің санына қарай талдау жасасақ, Қызылордамен салыстырғанда Алматы қаласындағы кәсіпкерлер саны 5 есе, Астанада 3 есе көп. Біздің өңірде әрбір 150-ші кәсіпкер мемлекеттік кірістер органдарымен сотта дауласып жүр деп айтуға негіз бар. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда  облысы бірінші орында. Кірістер органдарының берген мәліметі бойынша соңғы 3 жыл көлемінде 1535 салық төлеуші тіркеу мекенжайын өзге өңірге ауыстырған», – деді Палата директоры.

Кездесуде үш кәсіпкер кірістер органының мәмілелерді жарамсыз деп тануда қабылдап жатқан шараларынан зардап шегіп жатқанын жеткізіп, прокурордан көмек сұрады.

«Біздің шағын кәсібіміз бар. Салығымызды, жұмысшылар мен мемлекет алдындағы міндеттемемізді уақытылы, адал атқарып келеміз. Мемлекеттік сатып алудан ұтып алған жобаға қосалқы мердігер тартқанбыз. Енді сол мердігердің шығындарын төлеңдер деп бізді сотқа беріп жатыр. Қосалқы мердігер болған кәсіпкер кінәсі дәлелденсе, жауапкершіліктен қашпайтынын талап арызда жазып бергенін де ескермей отыр», – деді «Қасиет LTD» ЖШС-ның есепшісі Сейсенкүл Баекеева.

Кәсіпкерлердің салыққа қатысты мәселесін мұқият тыңдаған облыс прокуроры әр өтінішті жеке-жеке қарап, кірістер органдарының әрекетіне тиісті баға берілетінін жеткізді.

Бұдан өзге, кездесуде кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, экология саласындағы бақылау-қадағалауды жүзеге асыру, өндірістік объектілердің санитарлық-қорғаныш аймағын белгілеуге қатысты және өзге де проблемаларды көтерді.

Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов көтерілген әр өтінішке қатысты тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Сонымен бірге, жақын күндері прокуратураның Кәсіпкерлер палатасымен бірге барлық ауданда бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастыратынын жеткізді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер