«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерге салынған 600 мың теңгеге жуық айыппұлдың күші жойылды

2022 жылғы 19 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
7108 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері кәсіпкерге 600 мың теңгеге жуық айыппұлдың негізсіз салынғанын сотта дәлелдеп, кәсіпкердің құқығын қорғап шықты.

Қызылордалық «Әділет-Авто» ЖШС-і автокөлікке арналған сұйықтық сатумен айналысады.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті кәсіпкерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарып, 597 285 теңге айыппұл салады.

Мемлекеттік орган бұл қадамға «Қазақстан автохимия өндірушілері мен тұтынушылары ассоциациясы» ЗТБ-нің шағымы негіз болды деп отыр. Қауымдастық осы жылдың мамыр айында кәсіпкерден «EXTRA» маркалы антифриз алып, сапасына күмәнданыпты. Осылайша кәсіпкерге шара көру туралы уәкілетті органға шағымданады.

«Әділет-Авто» ЖШС директоры Индира Құлмахова айыппұл салынған қаулыны алғанда алғашында не болып жатқанын түсінбегенін айтады.

«Біз автокөлікке арналған сұйықтықты өзіміз өндірмейміз. Тауарды өзге кәсіпкерден алып, қайта сатумен айналысамыз. Сатып алғанымыз туралы келісім-шарт, ілеспе құжат пен сәйкестік туралы декларациямыз да бар. 600 мың теңге айыппұл біз үшін қомақты қаржы. Қазір осы кәсіппен төрт отбасыны асырап отырмыз. Шарасыздықтан Кәсіпкерлер палатасынан құқығымды қорғауды сұрадым», – деді кәсіпкер Индира Құлмахова.

Палата заңгерлері кәсіпкердің өтінішімен танысу барысында мемлекеттік органның бірнеше заңсыздықтарға жол бергенін анықтады.

Атап айтқанда, біріншіден, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізбеген. Жүргізе алмайды да. Себебі елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған.

Екіншіден, қаулының өзі кәсіпкерден заңсыз алынған дәлелдемелер негізінде ғана толтырылған. Өнім үлгілерін іріктеу уәкілетті органның және кәсіпкердің қатысуынсыз жүргізілген, яғни сараптама нақты осы кәсіпкерден алынған өнімге жасалғанына күмән бар.

«Уәкілетті орган әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізу рәсемдерін сақтамаған. Біз жоғарыда айтылған осы және өзге де қосымша аргументтерді негізге ала отырып кәсіпкердің атынан қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотқа шағым түсірдік», – дейді Кәсіпкерлер палатасының заңгері Гүлнұр Құрмантаева.

Істі жан-жақты қараған судья Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің шығарған қаулысын негізсіз деп тауып, күшін жою туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде кәсіпкер қомақты айыппұл төлемейтін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер