«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

АШМ комитетінің баяу жұмысы диқандарды егінсіз қалдырды

2022 жылғы 15 Маусым
7682 просмотров

Соңғы жылдары диқандар құрғақшылықтың салдарынан зиянкес жәндік – шалғын шатырқанатының жаппай көбею қаупі едәуір артқаны туралы дабыл қағып келді.

 Шалғын шатырқанаты 40 тұқымдас өсімдіктің 200-ге жуық түріне, соның ішінде 30 дәнді дақылға зиян келтіреді. Шатырқанаттың құрты қомағай. Ол қанат бітіп, ұшқанша дәнді дақылдар және жабайы өсімдіктермен қоректенеді. Зиянкес жәндік әсіресе күнбағыс, қант қызылшасы, бұршақ, жоңышқа, картоп, жүгері, қарасора, қыша, мақта, көпжылдық және біржылдық бұршақ шөптер, көкөніс мен бақша дақылдарын зақымдайды. Желмен бірге жүздеген шақырымға дейін ұшып-қону қабілеті арқылы зиянкес жаңа аймақты тез басып, көбейіп, өсімдіктерді жаппай жапырады.

 Жәндіктің әсіресе бірінші буыны ең қауіпті. Жұлдызқұрттар егін жаңадан өскін беріп, сыртқы факторларға өте сезімтал болған кезеңде пайда болады. Олар өсімдіктердің жер бетіндегі бөліктері: сабағы, жапырағымен қоректенеді. Шалғын шатырқанаттың құрты тым қомағай, көгеріп келе жатқан дақылдарды жеп тастайды.

ҰКП мемлекеттік органдармен жұмыс кездесулері аясында өңірлердегі диқандардың мәселесін бірнеше рет көтерді. Шұғыл шаралар жүргізу үшін қолда қажетті бүрку техникасы мен айналым қаражатының болмауына байланысты фермерлер зиякенстерді өз күшімен жеңе алмайды. Пестицидтерге шығындарды арзандату бойынша қолда бар субсидиялар да жағдайды реттемейді.

Бизнес өкілдері шалғын шатырқанатын Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдер тізбесіне енгізуді ұсынды.

2021 жылғы қуаңшылық салдарын ескере отырып, фермерлердің ұсыныстары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қолдады.  2021 жылғы тамызда салалық мемлекеттік органдарға бюджет қаражаты есебінен шалғын шатырқанатына қарсы күресті ұйымдастыру мәселесін пысықтау және оны аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне енгізуді қарастыру тапсырылды. Бұл шара кем дегенде 2022 жылғы егінді қорғауға дайындалуға мүмкіндік беруі керек болған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті 2021 жылдан бері тиісті бұйрықтардың жобаларын бірнеше рет әзірлеген болатын, бірақ аяғына дейін жүзеге аспай, фермерлер уақыт жоғалтты.

Биыл әкімдіктер Көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штабтың әр жиынында министрілктен НҚА қабылдау мәселесін жеделдетуді сұрады.

 Жобаның соңғы редакциясы Ұлттық палатаға осы жылдың 19 мамырында ғана түсті әрі бүгінгі күнге дейін қабылданбады.

  Тиісті бұйрық шыққан күннің өзінде фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру, бюджеттен қаражат бөлу бойынша одан әрі бюрократиялық кедергілердің болатыны ықтимал.

Нәтижесінде диқандар зиянкестермен күресте тағы да жалғыз қалуы мүмкін.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер