Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы: қазіргі заңнама отандық шикізатты пайдалануды міндеттемейді
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауды консорциумдарға беру тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетті. Алайда, бірнеше жыл бұрын консорциумдарға тапсырыс беру тоқтатылды. Қазір анықталған кемшіліктерді пысықтап, табысты практиканы заңнамалық түрде бекітіп, қайта іске қосуға мүмкіндік туып отыр.
Консорциумдық модельдегі шикізат өндірушілер тігін кәсіпорындарымен қатар мемлекеттік қорғаныс тапсырысының тең орындаушысы саналады. Мұндай ынтымақтастық әскерді қамтамасыз ету үшін тауар өндіруде отандық шикізатты пайдалану көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, отандық шикізат өндірушілерін қолдаудың мұндай шарасы өзінің тиімділігін дәлелдеді.
«2016-2019 жылдары мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде отандық кәсіпорындар бірлестіктерімен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау тәжірибесі болған. Сол кезде шикізат бойынша өнім өндіру кезінде жергілікті қамту 95%-ға дейін жетті. Маталар мен трикотаж өндіретін кәсіпорындарды құру немесе жаңғырту бойынша бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды», – деді Батырбек Әубәкіров.
2019 жылы «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасының бірінші редакциясын әзірлеу барысында консорциумдарды мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушылар қатарына қосу туралы норма ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының қолдауына, сондай-ақ Үкіметтің оң қорытындысына ие болды.
«Алайда, бұл норма заң жобасын әзірлеудің қысқа мерзіміне байланысты енгізілген жоқ. Оны келесі заң жобалары аясында енгізу көзделді», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің басшысы.
Ұлттық палатада бұл мәселеге қатысты позиция 2018 жылы берілді. 2018 жылғы 10 мамырдағы хатта «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының басшысына мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысу үшін консорциумдық модельді қолдауға бірқатар дәлел келтірілді.
«Заңды тұлғалар бірлестігінің жұмыс моделі бизнестің бизнеспен, сондай-ақ бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылының анағұрлым жетілдірілген және жоғары сатысы саналады», – делінген хатта.
Ұлттық палата мамандары мұндай тәсіл елдің ішкі өндірісінің өсуін және елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің тиімді шарасы ретінде қарастырады. Мұндай шара елден ақша қаражатының кетуін болдырмау, толық өндірістік қуатқа шығу және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға жағдай жасау, сондай-ақ дайын түпкілікті өнімді жасау мақсатында шикізат шығарудан әртүрлі циклдегі өндірістік кәсіпорындарды біріктіру мүмкіндігін ұсынуға мүмкіндік береді.
Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, қазіргі кезде заңға өзгерістер енгізу аясында отандық өндірісті қолдаудың осы нормасын қайта қолдану мүмкіндігі пайда болды.
«Әрине, жүзеге асырылған консорциум моделі кемшіліксіз емес. Бірақ бұл сатып алудың ескі әдістеріне қарағанда әлдеқайда жетілдірілген әдіс. Сонымен қатар, консорциумдардың алдыңғы жұмыс тәжірибесін ескере отырып, осы механизмді жетілдіру бойынша ілгері қадамдар жасап, оған толық тыйым салудың орнына, жұмыстың ашықтығын күшейту қажет», – деп атап өтті Батырбек Әубәкіров.
Еске салсақ, өндіруші бірлестіктер 2016-2019 жылдар аралығында әскери нысанды киім және аяқ киім бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін заттай мүлікті жеткізуді ұзақ мерзімді келісімшарттар шеңберінде жүзеге асырды. Осы жылдары келісімшарт бойынша тапсырысты орындау үшін 60 отандық кәсіпорын жұмылдырылды. 2020-2021 жылдары норма жойылғаннан кейін қорғаныстық тапсырысты орындау үшін 30-ға жуық кәсіпорын тартылды. Бұл ретте тапсырыс көлемінің жартысынан астамын жыл сайын алты компания ғана орындады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: