«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хайп емес, жүйелі жұмыс керек – Абылай Мырзахметов

2021 жылғы 11 Қараша
6355 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов BaigeNews.kz порталына сұхбат берді. Ол Ұлттық палатаның үкіметпен келіссөздер жүргізуіндегі әлеуеті қандай, Қытайға арналған «қарымта» шаралар тақырыбын қолдан жасап көтеруге болмайтыны жайында пікір білдіріп, елге шетелдік көліктерді импорттауға балама ретінде отандық үнемді машиналарды құрастыру идеясымен бөлісті. Сондай-ақ, басқарма төрағасы агроөнеркәсіп кешеніні саласындағы субсидиялау, жердің ғарыш мониторингі, түрлі түсті статусы бар қазақстандықтарға шектеулер мәселесіне кеңірек тоқталып, отандық бизнес қалай құрылғанын еске алды.

«Вакциналау – шектеу шаралары ғана емес»

Вакциналау және «көк» статусы бар қазақстандықтарға сауда және ойын-сауық орталықтарына кіруге тыйым салу туралы:

– Біздің пікірімізше, бұл тыйым кіріс деңгейіне кері әсер етеді. Қызмет көрсету секторы енді ғана жанданып, бұрынғы қарқынға оралып жатқан шақта қайтадан соққы жасау дұрыс емес. Біздің есептеуімізше, олар келушілерден түсетін 25-30%-ды жоғалтады. Ірі сауда және ойын-сауық орталықтары жоғалтпайды. Сауда орталықтарында шағын жеке кәсіпкерліктер: кофеханалар, бутиктер, дүкендер, шаштараз қызметі қиналады. Олардың кірісі түсіп, клиенттері азайып жатыр. Соның салдарынан жалдау құнын да төлей алмай қалады. Менің ойымша, бұл шара артықтау әрі қазіргі кезде жағдайды оңалтпайды.

Біз сауда орталығына баруға тыйым салу арқылы вакциналауға мәжбүрлейміз деп қате ойлаймыз. Негізінде вакциналау – шектеу шаралары ғана емес, бұл сенім арту екенін түсінеміз. Қоғамда: қазір кез келген тамақтану, сауда орны, қонақүйдің бәрінде 70-80% Ashyq қосымшасымен кіргізетіні жайында түсінік қалыптасып келеді. Тіпті қоғамдық орында Ashyq арқылы кіруді талап етпесе де келушілердің өзі қосымшаның бар-жоғын сұрайды. Демек, халық өткеннен сабақ алды, тәртіп пен жауапкершілік деңгейі артқан, бұл – жақсы үдеріс.

Мен өзім алғашқы толқында, Қарағандыда жасалған «Спутник» вакцинасын интервалды сақтап, наурыз, сәуірде салдырдым. Содан бері жеті ай өтті, енді ревакцинацияны салдыруды жоспарлап отырмын. Вакциналау жұмыс істейді деп айта аламын. Сақтық шараларын ұстандым. Вакцина салдырғаннан кейін бір аптадан соң вирус жұқтырып алдым. Небәрі 2-3 күнде жеңіл формада  еңсердім.

 «Ең қиыны – тұжырым жасау»

Шетелден импортталатын машиналар орнына Қазақстанда эконом кластағы автокөліктерді құрастыру мүмкіндігі туралы:

– Қазіргі жағдайды түсініп отырмын. Сауда және жеке тасымал. Заңсыз жайттар, оң жақтан басқарылатын автомобильдер, экологиялық жағдайлар. Бұлар – ескі машиналар, бірақ бір жағынан бұл арзан көліктер екенін түсінемін. Көп адам жеке жолаушы тасымалымен кәсіп дөңгелетіп отыр. Бәлкім бізге Өзбекстан сияқты мемлекеттік бағдарлама туралы ойлану керек шығар. Daewoo Tico шағын көлік болғанымен есесіне олар жаңа және ЕУРО-4 және ЕУРО-5 стандарттарына сай.

«Біз нарықты жоғалтып алуымыз мүмкін»

Қазақстан-Қытай шекарасында жүк тасымалдау проблемасы жайында: 

– Біз Қытай – халық саны 1 млрд адамнан құралған орасан зор мемлекет екенін түсінуіміз керек. Демек, қарақұрым халқы бар елде қандай да бір вирус, обаның өршуі өте қауіпті. Өйткені кез келген ауру халық тығыз орналасқандықтан тез тарап, адам шығыны көп болуы мүмкін. Сондықтан көрші ел қатаң, тіпті аса қатаң шараларды қабылдайтыны өте орынды. Қытайдағы ковидке қарсы шаралар бізге қарағанда тым қатаң. Сол себепті шекарада да қатаң шаралар енгізілген. Бұл ситуацияны саясатқа айналдырмай, арандатпауды сұраймын.

Қытай өзінің халқын қорғап, коронавирустың түрлі қауіпті ошақтарынан барынша алшақтатуы орынды. Менің пікірімше, тыйым мен шектеулер ақпанда өтетін Олимпиадаға байланысты қатаңдатылып жатыр. Вакциналау нәтижесі оларда да, бізде де өсіп келеді. Барлық факті бойынша форс-мажор жағдайын тануға дайынбыз. Зардап шеккен кәсіпорындарға салықтар, несиелер бойынша кейінге шегеру мерзімін беру керек, яғни көмек көрсетілуі тиіс деп санаймын. Кәсіпкер мұндай жағдайға өз еркімен түскен жоқ, қазір тауарын жеткізе алмай, жауапкершілігін орындай алмай жатыр. Осы жерде қолдау шаралары керек. Бірақ ситуацияны дауға айналдырмаған абзал.

«АӨК – өмір салты»

 АӨК саласын субсидиялау туралы:

– АӨК бойынша позиция мынадай: субсидиялар берілуі тиіс. Мәселе сол субсидиялардың тиімділігінде болып отыр. Субсидиялар кімге, қандай салаларға, қандай басымдық және қандай механизм бойынша берілуі керек? Ең бастысы – мұны қалай қадағалауға болады? Қазақтар: «жығылғанға жұдырық» деп айтады, егер сен сүрінсең, сені талап кетуге дайын тұрады. Субсидияға жылына 400 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Демек, бәрі қолды болды, ұрланды деп айту артық, дұрыс емес. Тиімділік мәселесі – үлкен мәселе.

Осыған байланысты ауыл бойынша ғана емес, барлық мемлекеттік шара мен қызметке көзқарасым қарапайым. Өкінішке қарай, қазір біз кез келген сала болсын түбіне үңілмейміз, зерттемейміз, байыбына баруды ойламаймыз, терең жұмыстан қашамыз. Бәрімізде әдемі слайдтар, тартымды сыртқы витрина жасай аламыз, осыған қатты ден қойғанбыз. Ал негізінде тереңірек қарау керек.

Субсидиялар ағынын қадағалау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі сарапшыларының командалық жұмысы керек. Олар кеңес құрып, барлық шараны пысықтап алғаны жөн. Барлығы зерделенген соң ғана барып процестерді цифрландыру керек. Сол кезде субсидия қалай бөлінеді, кім қадағалап отырғаны көрінеді. Ал қазір мұндай шаруа жүргізілмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі: біз ережелерді бекіттік, қаражатты әкімдік бөледі дейді. Жарайды, дегенмен әкімдікпен, бизнеспен асықпай, жұмыс тобын құруға болмас па еді? Бұған қоса шектік мерзім қойылған кезде бәрі асығады. Үш ай ішінде, әсіресе ауыл шаруашылығына арналған бағдарламаны жазып шығуға  болмайды.

Ал барлық процедураны пысықтап, кімге бөлу керегін түсініп алса, олқы тұстарын белгілеп алса, әңгіме бөлек. Бұл бағдарлама түнде ашылады дейтіндер бар. Бұл Qoldau порталының кінәсі емес екенін түсінемін. Осы мәселеде де әкімдіктер өз ережелерін қабылдап, порталды түнде ашады. Кімнің рұқсаты бар сол түнде кіріп, өтінім беруге үлгереді. Ал келесі күні бағдарламаны ашқан адам субсидия бөлініп, таусылып кеткенін көріп, сан соғады.

Процестерді ешкім жіктеп, саралаған емес, олардың барлығын қазбалап, реттеу керек. Бұл – ең қиыны. Қазір біз «Бизнеске арналған үкімет» аясында 600-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілетінін анықтадық. Соның ішінде 400-і бизнеске арналған. Әрқайсысын жіктеп көрдік. Үлкен жұмыс. Тағы да айтамын біз ІТ-қызметкерлерінен бұрын шауып, цифрландыурға асықпауымыз керек. Алғашында процестерді аналитиктер, әдіскерлер қарауы керек. Содан кейін цифрландыру керек. Болды.  Біз осыны бірнеше жыл бойы айтып келеміз. Сондықтан Президент таза парақтан реттеуге қатысты идеямызды қолдады. Бұл дегеніміз не? Бірінші бәрін зерделеп, сосын барып цифрландырамыз. Ауылда да тура солай. Менің министрге айтарым – қателіктерді қайталамау, алға қарай шаппау. Бірақ министр егін егу мен астық ору аралығында қыспаққа түседі. Бұл өкінішке қарай, нағыз бәйге. Шұғыл-күнделікті шаруалар жүйелі мәселелерді қажытып тастайды. Уақыт жетпей қалады.

 «Жұмыс істемейтіндер сынға ілікпейді»

Мемлекетпен диалог құрудағы «монополия» жайында:

– Біз сынға етіміз үйренген, оған оң қараймыз. Тіпті орынды айтылған сын жақсару үшін қажет. Жеме-жемге келгенде қоғамдық ұйым деген мәртебеміз бар. Бізге бір орында тұрып қалмай, «қан жүгіртіп», кері байланыс үнемі алып отыру керек. Көп сыншыны аты-жөнінен танимын, кейбірімен жеке таныстығым бар, бәріне құрметпен қараймын. «Атамекен» басшылығында сегіз жылда қандай да бір сынға, лауазымға қарамастан бәрімен сәлемім түзу. Біріншіден, біз сыншыларға рахметімізді айтамыз. Екіншіден, сыншылардың бәрі біздің алаңдарымызда. Олар – қауымдастықтар, ұйымдардың өкілдері. Бәлкім кейбір шара олардың көңілінен шықпайтын шығар, кейбірімен келіспейтін шығар.

Келіссөз құрылымы – басты фактор. Біз осыған сегіз жыл ішінде қол жеткіздік. Кейде бизнесмен «Атамекеннің» арқасында шенеунік онымен қатаң сөйлеспейтінін түсінеді. Ешқандай қисынсыз нұсқалар болмайды. Психологиялық тұрғыдан келіссөздер күші арқылы өте маңызды. Бұл –Үкіметтен бастап барлық деңгейде біз іздеген меже және біздің басты жетістігіміз.

Мен апта сайын премьер-министрдің қабылдауында боламын, өзекті жағдайды хабарлаймын, ақпарат алмасамыз. Сонымен қатар, палаталардың директорлары әкімдермен келіссөз жүргізуді жолға қойған. Біз ештеңені меншіктеп, монополияға айналдырғанымыз жоқ, керісінше күш-жігерімізді біріктірдік. Әлеуетті біріктіру арқылы бізде келіссөз күші пайда болды, бізбен санасады, пікіріміз назарға алынады. Биліктің шешіміне ықпал ету, бизнес ахуалды жақсарта алу – ең бастысы.

«Бизнес болмаған кез»

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жайында:

Қазақстанда 30 жыл бұрын бизнес болмаған. Біз кеңес экономикасынан шықтық, Елбасы саясатының арқасында нарықтық экономиканың негізін қаладық, кәсіпкерлік тап құрдық. Қоғамда бизнес, билік және азаматтар бар деп жиі айтылады ғой. Негізінде, біз қоғамымыздың бір тірегін қалыптастыра алдық.

30 жылдағы жетістіктерінің бірі – Қазақстанда нарықтық экономиканың кәсіпкерлік класын құру деп нақты айта аламын. Тәуелсіздіктің ең ауқымды жетістіктерінің бірі екені сөзсіз.

Маған 90-жылдары жұмыс істеу, түрлі іс-шараға қатысу бақыты бұйырды. Мен айтулы дата қарсаңында бәрі қалай басталғаны жайында қызықты оқиғалармен бөліскім келген. Бес ай бойы еңбекақы болмады, тұтастай қалалар қыстың құрсауында қалған. Қазір мұның бәрі ұмытылды, бірақ бұл біздің өткеніміз, егемендігіміз. Тәуелсіздік таңы солай атты, оны есте сақтау керек. Ұлттық жады, кешегі күн маңызды, сонда ғана барымызды бағалаймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер